«Көне Тараз»: сұлуынан жылуы...
«Көне Тараз»: сұлуынан жылуы...
583
оқылды

Бүгінде Тараз қаласының ажарын ашу бағытында аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Әсіресе, туристік бағыттағы кешендер жарыса бой көтеріп, көпшіліктің көзайымына айналуда. Алайда жаңа сәулеттік нысандар­дың сырты бүтін болғанымен, іші «түтін» болып тұр. Оған дәлел осыдан үш жыл бұрын ел игілігіне берілген «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде бүгінде «бөдене» байласа тұрғысыз.

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орта­лы­ғының директоры Сауран Қа­лиевтің айтуынша, жаз мезгі­лінде білінбегенімен, қыстыгүні кешеннің ішінде отыру мүмкін емес екен. Сондай-ақ басшы келе жатқан қыс айларында жылу тағы болмай, қызметкерлері сырқат­танып шыға ма деп алаңдап отыр. – Шынымды айтсам, мұндай күй кешіп жүргенімізге үшінші жыл болып отыр. Облыс орталы­ғынан шығыстық сәулет үлгі­сіндегі кешеннің бой көтергені, әрине қуаныш. Алайда қазір бізге нысанның сұлуынан жылуы ма­ңызды болып тұр. Жан-жақтан келген туристер кешеннің кереметтілігін айтқанда кәдімгідей марқайып қаламыз. Алайда осы туристік нысанда жы­лудың жоғын ойлағанда қу­а­ны­шың су сепкендей басылады. О баста кешенге күннен қуат алатын қондырғы орнатылып, содан жылу беріледі деп күтілген. Алайда ол қондырғыдан әлі күнге жылу көрген жоқпыз. Себебі кешенді салған мердігердің есеп­теуімен берілген 12 радиатордың алтауы істен шығып, қыс келген­ше жарамсыз болып қалды. Кейін бізге берілген батареялар ғима­раттың көлеміне шақталмаған. Бір сөзбен айтқанда, бір бата­реяның күші бір бөлмені жы­лытуға жетпейді. Бұл мәселені айтып, «бармаған жеріміз, қақ­паған есігіміз» қалмады. Алайда әлі күнге шешімін таппауда. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатқанын ойласақ, биыл тағы «бүрсең қағып, күн кешеміз бе?» деген қорқыныш болып отыр. Оған қоса, пан­демия ке­зінде қызметкер­лері­мізге суық тиіп, ауырып қалмай ма деген үрей басым, – дейді орталық директоры. Көне Тараз Жалпы, мұнда Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарих­тану орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, көркемсурет галереясы және көрме зал жұмыс істейді. Олардың барлығы облыс­тық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарас­ты. Сол себепті аталған түйткілдің тү­йінін тарқатар тұсын білмек мақсатта облыстық басқармаға қайырылдық. Мекеменің берген ақпаратына сүйенсек, бұл мәсе­леден облыс әкімі Бердібек Са­парбаев хабардар екен. Бердібек Машбекұлы басқарманың бас­шысы Ерлан Жүнісбайға ны­сан­дарды жылыту маусымына дейін орталық жылу құбырына қосуды тапсырған көрінеді. Алайда Мә­дениет, архивтер және құжаттама басқармасының мамандары «Кө­не Тараз» тарихи-этномәдени ке­шені мекемеге қарасты болға­ны­мен, ол толықтай өтпегенін алға тартып отыр. Яғни, жылу жү­йесіне қатысты қосалқы қон­дыр­ғыларға Тараз қаласы әкім­дігінің құрылыс бөлімі жауапты екен. Осылайша, кешенге жауапты деген басқарма жауаптан жал­тарып, бағытты басқа жаққа сіл­тегеннен кейін, амал жоқ қалалық құрылыс бөліміне хабарластық. Мұндағылар да екіұдай пікір берді. Сөздеріне сүйенсек, ны­сандарды жылумен қамту үшін жылу жүйесіндегі бу тамшылары қолданылып жатыр екен. Сон­дай-ақ күн батареяларын сатып алу, орнату және монтаждау жұ­мыстары да жоспарға еніпті. Алайда нақты қай күні құрылыс жұмыстары басталып, аяқталары белгісіз. Тек облыс әкімінің жы­лыту маусымына дейін нысан­дарды жылу жүйесіне қосыңдар деген тапсырмасы бар. Әрине, олқылықтың орны толып, мәселе оң шешімін тапса, құба-құп. Әйтеуір, «сен салар да мен салардың» кері келіп, қыс келгенде қызметкерлер бүрсең қағып отырмаса болғаны. Оған қоса, миллиондаған қаржыға са­лынған шығыстық сәулет үлгі­сіндегі нысанның ертең жылуы болмай, қабырғалары көгеріп, құлап жатса, елге қай бетімізді айтамыз? Сондықтан жауаптылар бар мәселені «мақұлға» емес, ақылға салып, қыс келгенше бір шешімін табады деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы