Жыл басынан бері 93 адам пойыз астына түскен
Жыл басынан бері 93 адам пойыз астына түскен
222
оқылды
Қазақстанда жыл басынан бері 93 адам пойыз астына түскен, – деп хабарлайды Polisia.kz. 16 желтоқсанда Түркістан облысы Манкент станциясында жүк пойызы теміржолда белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған қызды жанай қағып кетті. Машинист шұғыл тежеу қолданып, дыбыстық сигналдар бергенімен, басына капюшон мен құлаққап киіп алған қыз бала сигналдарды естімеген. Ол Сайрам ауданының орталық ауруханасына жеткізілді. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов мәлімдеді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 344-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жыл басынан бері теміржол төсемін белгіленбеген жерлерден өткені үшін көлік полицейлері 25 403 азаматты анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ пойыздардың шұғыл тежелуінің 2162 фактісі тіркелді, оның ішінде теміржолда адамдардың болуы себебінен – 365, үй жануарларының болуына байланысты 1537 дерек анықталған. Ағымдағы кезеңде тәртіп сақшылары халықпен – 1219, жолаушылар пойыздарында 1200-ге жуық кездесу, оқу орындарында
“Темір жол – аса қауіпті аймақ!” тақырыбында 1643 дәріс өткізіп, теміржол нысандарында болған кезде қауіпсіздікті сақтаудың негізгі шараларын жеткізді. – Департамент пен оның аумақтық бөліністері қызметкерлерінің жүргізген профилактикалық жұмыстарына қарамастан, азаматтар теміржол көлігі нысандарында қауіпсіздік ережелерін бұзуды жалғастыруда, соның салдарынан өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруде, – дейді Айтуғанов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері жылжымалы құрамның астына 93 азамат түскен болса, оның 61-і өліммен аяқталған, 12 факті бойынша балалар зардап шеккен, өкінішке орай оның 8-і көз жұмды. Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – азаматтардың көлік инфрақұрылымы объектілеріндегі қауіпсіздік ережелерін бұзуы және өздерінің жеке қауіпсіздіктеріне немқұрайлы қарауы. Департаменті бастығының бірінші орынбасары қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау және темір жолдан тек арнайы белгіленген жерлерде өту керектігін тағы да еске салды.