Қарағандыда бірнеше мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама тарады
Қарағандыда бірнеше мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама тарады
Фото: 24.kz
737
оқылды
Қарағанды қалалық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімшелеріне қаладағы бірқатар мектепте жарылғыш зат орнатылғаны туралы хабарламалар түскен. Облыстық Полиция департаменті мәлімдегендей, 22 желтоқсан күні сағат 11.00-ден бастап Қарағанды қалалық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімшелеріне қаладағы бірқатар мектепте жарылғыш зат орнатылғаны туралы хабарламалар түсе бастаған.
«Жарылғыш зат туралы хабарламалар мектептердің электронды поштасына түскен. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің жедел кезекшісімен мектептерге барлық жедел қызметтер жұмылдырылды. Ол жерлерді тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ», – делінген облыстық ПД хабарламасында.
Аталған дерек бойынша,  Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазір полиция қызметкерлерімен хабарламаны жіберген адамды анықтау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
«Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (бүгінгі күні – 14,5 млн теңге) не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, сондай-ақ 5  жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген», –  деп ескертеді полиция өкілдері.