Биыл елдің әр түкпірінде жылу электр стансаларынан ақау шығып, жұрт бүрсең қаққалы билік мәселеге зер сала бастағанға ұқсайды. Әйтпесе, бұл проблема бұрыннан бері беті ашылмай келе жатқан еді. Дегенмен жылу электр стансаларын тез арада жаңарта қоятындай қауқар жоқ. Оған қажетті миллиардтарды шенділер қайдан табарын білмей бас ауыртуда. Түбін қазбалай келгенде қауіпсіздікке тікелей қатысы бар саланы олигархтардың иемденгені залалын тигізді. Енді ескірген стансалармен күнелткен қалалардың жағдайы не болмақ? Тозған желіні тауыса алмаймыз
Индустрия және инфрақұрылым даму министрі Қайырбек Өскенбаев келер жылдың 1 маусымына дейін жергілікті атқарушы органдар жылу желілеріне техникалық тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. Яғни, әр әкімдік өз жерінде орналасқан стансалардың тозу деңгейін анықтап, есеп беруі тиіс. Ведомство сөзінше, қазір еліміздің қалаларындағы барлық жылу желілерінің ұзындығы 12,1 мың шақырымды құрайды, ал оның 6,7 мың шақырымын жедел ауыстыру қажет. Нақтылап айтқанда, 45 қалада желілердің тозуы 50 пайыздан төмен, 50-70 пайыз аралығындағы тозу деңгейі 19 қалада тіркелген. Тағы 7 қалада оның көрсеткіші 70 пайыздан жоғары. Ал Риддер, Шемонаиха және Арқалық қалаларындағы 4 субъектіге байланысты ұзындығы 52 шақырым желінің нормативтік пайдалану мерзімі әлдеқашан асып кеткен. Осы ретте еліміздегі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін жылу желілерін кезең-кезеңмен жаңғырту жоспарланған екен. Бірінші кезеңде ұзындығы 1,6 мың шақырым жылу желісін (тозуы деңгейі 70%-дан жоғары) жаңарту көзделіп отыр. Бұған қажетті инвестицияның мөлшері 538 млрд теңге. Екінші кезеңде тозу деңгейі 50%-дан бастап 70%-ға дейінгі аралықтағы жылу желілері ауыстырылмақ. Сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары шеңберінде тозу деңгейі 50 пайыздан төмен желілерді ауыстыру ұсынылып отыр.
«Қазір жылу желілерін жаңғырту мен салуға байланысты қаржыландырудың 3 тетігі қарастырылған. Айталық, бюджеттік несие арқылы, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп субсидиялау және «Моно және шағын қалаларды дамыту» бюджеттік бағдарламасының көмегімен нысаналы трансферттерді аудару арқылы», – дейді Қайырбек Өскенбаев.
Енді әкімдіктер стансалардың тозу деңгейін анықтап, әрбір субъектіге байланысты шаралар жоспарын бекітіп, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтауы қажет.
Бұл уақытта Өскенбаевпен қатар Энергетика министрі Болат Ақшолақов та мәселеге бас ауыртып, қажетті миллиардтарды санауға кірісіпті. Оның сөзінше, алдағы күзгі-қысқы кезеңде ЖЭО-лардың негізгі жабдықтарын күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстарының көлемі анықталып қойған.
«Қызыл аймақтағы ЖЭО үшін келесі жылыту маусымынан өту кезінде негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу, 98 қазандықты, 54 турбинаны реконструкциялау, жаңғырту көлемі айқындалды. Бенчмаркинг шеңберінде жүргізілген алдын ала есептеулер бойынша аталған жұмыстарды орындау үшін 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет, іске асыру мерзімі – 2023 жыл», – деді ол.
Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескеріп, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 млрд теңгені құрайды. Қазір электр стансаларының бекітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін кірістері толыққанды жөндеулерді орындау үшін шығыстарды өтемейді. Осылай жеткіліксіз қаржыландыру сомасы 88 млрд теңгеге жетпек. Сонымен, коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 ЖЭО бойынша мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке ЖЭО бойынша меншік иесі есебінен қаржыландыру ұсынылған. Дегенмен бұлардың бәрі ұсыныс күйінде екенін ескерген жөн. Қыруар миллиардтарды жұмсау мемлекет үшін салмақ болатыны анық. Біздің ойымызша, бұл мәселе жақын арада шешілмейді. Кеңес кезінен қалған желілерге сенім артып, кезінде жылу стансаларының біразын олигархтар қолына берген билік енді қаржылай зардабын тартпақ. Бірақ ескі стансалардың зияны мұнымен шектелмейтінін ұмыт қалдырдық.
Екінші мәселе естен шықты
Біз жылу стансаларының ескіргенін қаузап жүргенде тағы бір жайтты ұмыт қалдырғандаймыз. Стансалар осы күні ауа ластап отырған негізгі көздердің бірі саналады. Экологтар осы уақытқа дейін бірнеше рет стансаларды ретке келтіру жайын қозғаған. Әйткенмен елеусіз қалды. Қазақстан осыдан бірнеше жыл бұрын «Париж» халықаралық келісіміне қол қойғанын білеміз. Енді еліміз 2030 жылға дейін ауаға бөлінетін улы газдың мөлшерін 1990 жылдағыдай азайтуы тиіс. Яғни, парниктік газдар, соның ішінде көмірқышқыл газын мүмкіндігінше шектеп, ауадағы мөлшерін кем дегенде 55 пайызға түсіруі тиіс. Бірақ ескі стансалармен әуре болып жүргенде бұл мақсаттың орындалатынына сенім аз. Шенділер проблеманы шешудің бір жолы ретінде жылу электр орталықтарын газға көшіру жайын қолға алмақшы болған. Оның өзін жарыта алмадық. Үлкен қала Алматыдағы жылу электр орталықтарын газға көшіру жайы көптен бері айтылып жүр. Бірақ жедел іске асар түрі байқалмайды. Жауаптылар асықпай ма, әлде қаржы жағы қолбайлау ма, бізге беймәлім. Әйткенмен осы жоспар жүзеге асса қаланың экологиясы біршама оңалар еді. Экология министрлігі бұны ескермей отырған жоқ. Талай талқы болған. 2020 жылы Экология минстрлігі Алматыдағы ТЭЦ-2 мен ТЭЦ-3 жылу орталығы қаланың экологиясын құртып біткенін сынға алды. Көп ұзаған жоқ, ізін ала жауапты мекеме өкілдері тез арада «көгілдір отынға көшетінін» жариялап, ақталғандай болған. Егер жұмыс жоспарға сай жүргізілсе, 2024 жылы ТЭЦ-2, ал 2024-25 жылдары ТЭЦ-3 жылу орталығы толықтай газға көшірілетіні хабарланды. Ал оған дейін кейбір мамандар ТЭЦ-2-ні газға ауыстыру мүмкін емесін, өйткені қала сейсмикалық аумақта орналасқанын айтқан. Экология министрлігінің дерегіне сенсек, жыл сайын ТЭЦ-2-ден 33 мың, ТЭЦ-3-тен 12 мың тонна зиянды зат ауаға тарайды.
Өткен жылы қарашада Энергетика министрі болып тұрған Мағзұм Мырзағалиев 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласының бірінші және екінші Жылу электр орталықтарын газға ауыстыру жобасы аяқталатынын айтты. Ал Алматы қаласындағы 3 жылу электр орталығын газға ауыстыру жобасы 2026 жылға дейін бітетінін хабарлаған. Қош, бірақ бұнымен ауамыз тазарып кете қоя ма? Экобелсенділер көгілдір отынға көшу проблеманы толықтай шешеді дегенге дәмеленуге болмайтынын айтып отыр. «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Әсел Ділдәбекова қазіргі қарқынмен экожүйе өзгермейтінін айтады.
«Біріншіден, көгілдір отынға көшсек, бәрі шешіледі деу жансақ пікір. Одан да улы заттар тарайды. Жылу электр стансасын салу үшін шамамен 5 жыл уақыт кетеді, 2 млрд АҚШ доллары керек. Ал 5 жылдың ішінде халық лас ауаны жұтып, онкологиялық, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыға береді. 2 млрд долларды бір ғана станса құрылысына құрту жөнсіз, бізде бұдан да басқа әлеуметтік мәселелер сансыз. Оның үстіне, Алматыда станса салынатын жердегі 2 мың ағашты кесу ойластырылған екен. Екіншіден, елімізде газ тапшы. Дефицит барын «Қазтрансгаз» өкілдері мойындаған. Әр жылу электр стансасы жылына кем дегенде 1,2 млрд текше метр көгілдір отын тұтынады. Бұның қажеті жоқ, тым үлкен көлем. Үшіншіден, қаңтарда Алматының Экология департаменті халыққа 2020 жылы қабылданған құжатты таныстырып, экология бойынша «Жол картасының» есебін тыңдатты. Сонда жеке секторларды біртіндеп көгілдір отынға ауыстыру айтылған. Бұл да мәселені шешпейтіні анық. Төртіншіден, «Париж» келісіміне сай, біз жылу электр стансаларын жел, күн электр стансаларына ауыстыруымыз керек еді. Улы заттарды азайту жөніндегі талапты орындап үлгермейтін сыңайымыз бар, – дейді экобелсенді.
Қалай алсақ та, жылу электр орталықтарына байланысты проблеманың бәрі қаржыға тіреліп тұр. Әбден тозған желілерді толықтай жаңартуға мемлекеттің қаражаты аздық ететіндей. Сондықтан стансалар мен желілерді жамап күнелтуге мәжбүр секілдіміз. Ал экология жайын айта да алмаспыз.