Адал бизнесті қорғау – басты басымдық
Адал бизнесті қорғау – басты басымдық
669
оқылды
Шағын және орта бизнес қашан да ел экономикасының қозғаушы күші болып қала береді. Демек, дамуға бет алған мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдағаны абзал. Президент жеке кәсіппен еркін айналысуға ешқандай кедергі мен шектеу болмайтынын айтты. Бизнесті негізсіз тексеруді тыйым салынған. Кәсіпкерлер тек қана салық органдарының алдында ғана есеп береді. Сәйкесінше, шағын және орта бизнестің дамуына кедергі жасағандардың бәрі заңға сай жауапқа тартылады. Осы орайда еліміздегі кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын қорғау мәселелері төңірегінде Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевпен осы жөнінде сұхбаттасқан едік.   Бизнесті тексеру 8 есе азайды – Жандос Жәнібекұлы, сұхбатымызды көп­шілікті толғандыратын бизнесті қор­ғау мәселесінен бастағым келіп отыр. Жеке кә­сіппен табыс тапқысы келетін­дерге қысым азайды ма? – Бүгінде Мемлекет басшысының тап­сырмалары аясында бизнесті, кәсіп­кер­лерді заңсыз тексерулерден қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту, бизнес субъектілерін қылмыстық шең­берге негізсіз тарту фактілерінің жолын кесу, саланы цифрландыру және авто­мат­тандыру бағыттарында жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, тексерулерді 8 есеге қыс­қарт­тық. 2016 жылы бизнес нысандарға 246 мың тексеру жүргізілген болса, 2020 жыл­дың 10 айы ішінде не­бәрі 29 мың ғана тексеру жүргізілді. Бұл орайда жоспарлы тексерулерді алып тастадық. Тәуекелдерді басқару жүйесі енгізіліп, тексерулер тек жоғары тәуекел дәрежесі бар субъектілерге ғана жүргізілді. Тексерістердің бәрі автомат­тандырылған, олар прокуратураның цифрлық жүйесінде қалыптастырылады. Сондай-ақ бақылау шараларының азаюына жоспардан тыс тексерулер жүргізу негіздерін қатаңдату да себеп болды. Бүгінде олар тек нақты фактілер бойынша және нақты тұлғаларға қатыс­ты тағайындалады. Сонымен қатар бар күшімізді қыл­мыстық процесте бизнесті қорғауға жұм­садық. Дәл осы салада кәсіпкерлер ең қатал қысымды сезінеді. Шоттарды, мүліктерді бұғаттау, тінту және тәркілеу жүргізу көбінесе кәсіпорындарды банкротқа ұшыратуы мүмкін. Бұдан бизнес едәуір зардап шегеді және инвес­тиция көлемі азаяды. Сондықтан бизнесті қылмыстық қу­далауға негізсіз тартуды барынша азайту шараларына баса назар аударылды. Бірлескен жұмыстың арқасында кәсіп­керлер үшін институционалдық ортаны жақсартуға бағытталған шаралардың легін қабылдадық. Мұнда тек құқық қолдану мәселесі ғана емес, заңдардың өзі де өзгерді. Сол арқылы кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс 6 есе азайды. 2016 жылы кәсіпкерлерге қатысты 5 мың қылмыс­тық іс қозғалған болса, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында олардың көлемі 790-ға дейін кеміді. – Кәсіпкерлерге жасалатын қысымды азайтуға қалай жол жеткіздіңіздер? Бұл ба­ғытта қандай шараларды қолға ал­дыңыздар? – Қабылданған шаралардың нәти­жесінде 32 экономикалық құрам ізгілен­дірілді. Қылмыстық кодекстің 28 бабы бойынша қылмыстық жазалар жеңіл­детілді (баламалы түрлері енгізілді), 29 құрам бойынша (Экономикалық құқық бұзушы­лықтар бойынша) бизнесті бұғаттауға тыйым салынды, 10 құрам бойынша залалды толық өтеу кезінде қылмыстық қудалау органының адамды қылмыстық жауаптылықтан босату міндетін заңнама­лық тұрғыдан бекітті, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін талаптарды қатаң­датты. Мұның бәрі бизнеске қатысты қыл­мыс­тық істерді 6 есе, қамауға алынғандар санын 2,5 есе қысқартуға мүмкіндік берді. Қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілді. Бұл прокурорларға кәсіпкерлерді қылмыстық процеске негізсіз тартуға жол бермеді. Биыл прокурорлар қылмыстық қуда­лау органдарының 22 кәсіпкерді күдікті деп тану туралы қаулысын келісуден бас тартты.   Жаңа нұсқаудың нәтижесі байқалады – Кәсіпкерлер өздерін құқықтық тұрғы­дан қорғалған деп санау үшін осы шаралар жеткілікті ме? Әлде жоспарда басқа да шаралар бар ма? – Биыл 2 қыркүйекте Бас Прокурор қылмыстық қудалаудың барлық орга­нына кәсіпкерлік субъектілеріне қатыс­ты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу тәртібін егжей-тегжейлі регла­менттейтін нұсқау жіберді. Бұл құжат көптеген кәсіпкер үшін тергеу органдарының негізсіз қуда­лауынан қорғайды. Өйткені бұл нұсқау азаматтық процестің барлық мүмкін­діктері аяқтал­ғанша істі бастауға тыйым салады. Құқық қорғау органдарының қылмыс туралы даусыз дәлелдер болған кезде және азамат­тық даулар жойылған кезде сотқа дейінгі тергеулерге жүгінуі керек. Сонымен қатар егер бизнесмен сотта дауласпаса, аудиторлық немесе салық­тық тексерулердің нәтижелері бойынша істер­ді бастауға тыйым салынды. Онда әкім­шілік әділет жүйесі және мем­лекет­тік органның «кінәлілік презумпциясы» жұмыс істейді, онда аудитор өз ше­шімінің дұрыстығын дәлелдеуі тиіс. Соңғы 2 жылда мемлекеттік аудиттің мерзімінен бұрын және негізсіз қоры­тын­дыларына байланысты 49 іс тоқта­тылды. Қылмыстық қудалау органдары­ның штаттық маман­дары­ның, крими­налистерінің қорытын­дылары негізінде сотқа дейінгі тергеуді бастауға тыйым салынды. Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің осындай қорытындылары бойынша 300-ден астам қылмыстық іс басталған болатын. Биыл оның саны – 96. Тізбек қарапайым – Қаржылық мони­торинг агенттігінің қызметкерлері өздері­нің криминалистеріне сұраныстар жібере­ді. Ал олар алдын ала қорытынды­лардың «ыңғайлы» актілерін береді. Мұндай істердің алтыдан бірі тоқта­тыла­ды. Оларда қылмыс құрамы болма­ған. – Бас Прокурор қабылдаған бұл нұсқау­дың алғашқы нәтижелері қандай? – Жаңа талаптарды орындау оң нәтиже берді. Егер бұрын қылмыстардың экономикалық құрамы бойынша ай сайын кәсіпкерлерге қатысты 150-ге жуық іс тіркелсе, қазір олардың саны 2 есе азайды. 21 іс бойынша бизнеске заңсыз араласу фактілерінің жолы кесілді, прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тоқ­татты. Бас прокуратура бизнес субъекті­леріне қатысты істер бойынша тұрақты қадағалау тетігін әзірледі. Биыл 5 қыр­күйекте про­курорлардың функцияларын күшейтуге бағытталған қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру бойынша жаңа нұсқаулық қабылданды. Прокурорларға кәсіпкерлерге қа­тысты әрбір қылмыстық іс бойынша сот­қа дейінгі тергеп-тексерудің баста­луының заңдылығын бір тәулік мерзімде тексеру және бұзушылықтар анықталған кезде қылмыстық қудалауды дереу тоқтату мін­деті жүктелген. Болашақта прокурор тергеу бары­сынан шеттетілмей, әр 15 күн сайын тергеудің қарқындылығы мен заңды­лығын тексеріп, оның толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді. Заң бұзушылықтар анықталған жағ­дай­да, прокурорларға заңсыз ше­шімдердің күшін жоюдан басқа, барлық кінәлі лауа­зымды адамдардың қыл­мыстық жауап­кершілігіне дейінгі мәселені көтеру тапсы­рылды. Нұс­қаулықтың мәтіні ашық дереккөздерде жарияланды, оның орын­далуын біз тұрақты бақылаймыз. Қазірдің өзінде кәсіпкерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру 4 есе қысқарды.   Кәсіпкерлер Qamqor-дың қамқорлығын сезінеді – Уәкілетті органдар тарапынан биз­нес­­ке қысым жасауды азайту бойынша қандай жұмыстар атқарылды? – 2021 жылдан бастап про­курор­лардың актілерімен 2 мыңнан астам заң­сыз қолда­нылған тыйым салу-шек­теу шарасының, 2,9 млрд теңгеге 37 мың әкімшілік іс жүр­гізудің күші жойылды. 1 500 лауазымды адам жауапкершілікке тартылды. Жалпы ал­ғанда 267 мың кәсіпкердің құқы қор­ғалды. Кәсіпкерлерге бақылау және қада­ғалау органдары тарапынан негізсіз тексерулер жүргізу фактілерінің жолын кесу үшін Qamqor мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Қосымшаның арқасында кәсіпкер алдағы уақытта болатын тек­серу туралы хабарлама алып, ол бастал­ғанға дейін оған тексерудің негізгі ба­ғыт­тарымен таныса алады. Тексеру аяқталғаннан кейін кәсіп­кер қосымша арқылы анықталған бұзушы­лықтар көрсетілетін тексеру нәтижесімен таны­са алады. Бүгінде мобильді қосым­шаны 110 мыңға жуық кәсіпкер пайда­ланады. Сонымен қатар бақылаушы органдар тарапынан әкімшілік қысымды төмен­дету мақсатында Бас прокуратураның сайтында жарты жылдық кестелер мен тексерулер жүргізу тізімдері орналас­тырылады. Бұл мәліметтер әрбір кәсіп­керге қолжетімді. Прокуратура органдары тексерулерді тіркеу сатысында бас тартуды қолдану арқылы заңсыз тексерулер тағайын­даудың жолын кесуге уәкілетті. Биыл 9 айда 426 заңсыз тексерудің жолы кесілді. Ал егер мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерге қатысты заңсыз іс-әрекеттер жасалса, әрбір про­куратурада бұзушылықтардың жолын кесуге арналған Мобилдік топтар қыз­мет етеді. – Бизнес қызметіне араласу деңгейін ав­то­маттандырылған бағалау жүйесін енгізу бағыты бойынша қандай жұмыс жүргізілді? – Бұл ел Президентінің қылмыстық және әкімшілік процестерге тартылған биз­нес субъектілерінің статистикалық есеп­ке алынуын жақсартуға қатысты тап­сыр­масына толық сәйкес келеді. Бүгінге дейін ешкім қылмыстық қуда­лауға кәсіпкерлердің қаншасы тартыл­ғанын нақты және дөп басып айта алмады. Статистика Қылмыстық кодекстің 8-тара­уының есебінен ғана қалыптасты. Қазірдің өзінде Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі (ЕРСОП) жобасын сәтті жүзеге асыра алдық. Соның арқасында біз бизнесті тексеру туралы барлық деректі көреміз. Ал заңсыз тексерулерді нысанға шық­қанға дейін тоқтатамыз. Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі және Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі модульдері де дәл осы қағида бойынша жұмыс істейді. – Кәсіпкерлерге тексеруді қандай мемле­кеттік органдар жүргізеді? – Бүгінде мемлекеттік бақылауды 60-тан астам бақылау және қадағалау органы жүзеге асырады. Мемлекет басшысының бизнеске мемлекеттік реттеуді азайту мақсатында енгізген мораторийдің арқа­сында аталған мем­лекеттік органдар тарапынан тексерулер азайды. Мораторий 2020 жыл мен 2022 жылдар аралығын қамтып, бизнесті қорғаудың тиімді құралдарына айналды. – Сонда да бизнеске әртүрлі кедергі жа­сау фактілері туралы белгілі болып жатады. Осыған толығырақ тоқталсаңыз. – Салық саласында камералдық бақы­лау хабарламаларына байланысты мәселе анықталды. Заң бойынша, камералдық хабарламамен келіспеген жағдайда, салық төлеуші түсіндірме береді, ал салық ор­ганы онымен келіседі немесе тексерулер тағайындайды. Алайда салық төлеушілер түсіндір­мелерді негізсіз қабылдамайды, шығыс операцияларын тоқтатады және банктік шоттарды бұғаттайды. Осылайша, іс жү­зінде кәсіпкерлер хабарламаны мәжбүр­лі түрде орындауға немесе сотқа баруға мәжбүр болады. Өткен жылдан бері соттар осындай 500-ге жуық талап қоюды қарады және 60 пайызында салық салушылардың хабарламаларды орындалмаған деп тану туралы шешім­дері заңсыз деп танылды. Біз бұл мәселені зерделеп, Үкіметке қадағалау актісін енгіздік. Соны қарау нәтижесі бойынша Қаржы министрлігі өз бөлімшелерін заңсыз шешімдер шығаруды тоқтатуға бағдарлады. Сондай-ақ бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Салық кодексіне өзгеріс енгізу мәселесін қарауда. Мұндай мәселелер кез келген биз­нес­тің жұмысына тұсау болады. Сондықтан Әділет министрлігі мен Ұлт­тық Банктің алдына белгіленген мер­зім өткеннен кейін алып тастау процесін автоматтандыру туралы мәселе қойылды.   Прокуратура қызметінің тиімділігін арттырады – Жуырда «Прокуратура туралы» Конс­титуциялық заң қабылданды. Осы заңда қандай жаңашылдық бар? Оның қоғамға, азаматтарға және бизнес саласына оң әсерін қалай байқаймыз? – Президент өз Жолдауында заңды­лықты күшейту үшін Прокуратура туралы Конституциялық заң қабылдауды ұсынған болатын. Осыған байланысты Консти­туциялық заң жобасы әзірленіп, биыл 5 қарашада оған Президент қол қойды. Ел тарихында прокуратура қыз­меті алғаш рет конституциялық заңмен реттелетін болды. Бұл – прокурорларға ар­тылған жоғары сенім мен үлкен жауап­кершілік. Естеріңізге сала кетейін, біздің Ата заңда прокуратура қызметінің елдегі заңдылықтың сақталуын жоғары қадаға­лау, сотта мемлекет мүддесін білдіру; қыл­­мыс­тық қудалауды жүзеге асыру сияқ­ты бағыттары айқындалған. Жаңа заң прокуратураның осы кон­ституциялық өкілеттіктерін нақтылап, бір жүйеге келтірді. Сондай-ақ заңда азамат­тардың конституциялық құқық­тарын қорғауды, бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді көздейтін кешенді мәселелер қамтылған. Тексеру тағайындау негіздері, оны тағайындайтын прокурорлар, тексе­рілетін субъектілердің құқықтары мен міндеттері айқындалды. Сондай-ақ Бас Прокурор заңдар немесе нормативтік-құқықтық актілер Конституцияға қай­шы болса Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы берілді. Бас Прокурорға берілген бұл құзырет адам құқықтарын қорғау мен қалпына келтіру тиімділігін арттырады. Заң прокуратура қызметінің сыртқы байланыс мәселесін де қамтиды. Яғни қылмыстық жолмен алынған кірістерді шетелден қайтару бойынша халық­аралық ынтымақтастықты үйлестіру про­куратура­ға жүктелді.   Монополистермен күрес жалғасады – Әлгінде өзіңіз айтқан, Бас Прокурор жетекшілік ететін Активтерді қайтару жөніндегі комиссия жұмысы аясында адал бизнес пен кәсіпкерді қорғау қалай жүргізіліп жатыр? – Президент Жарлығымен құрылған Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәсе­лелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия бес айдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Комиссия экономикалық ресурстарды шектеулі адамдардың қолында заңсыз шо­ғырландыруға ықпал еткен жағдай­ларды анықтауға басымдық береді. Бүгінде Комиссия жекелеген адам­дар үшін жасалған құжаттарды, ше­шімдер мен схемаларды анықтау және оларды жою бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Әрине, комиссияның барлық іс-әрекеті құқықтық нормаларға толық сай келгені маңызды. Құқық қорғау және мемлекеттік органдар адал биз­неске қатысты асыра сілтеуге, теріс пайдалануға, қысым көрсетуге және бөгет жасауға жол бермеуге міндетті. Комиссия жұмысы аясында прокуратура органдары бірқатар талдау және тексеру іс-шарасын жүргізді. Кеден саласындағы тексеріс артық­шылықтарды пайдалана отырып, им­порт­­таушы 10 компанияның Қытай елі­нен тауарларды әкелу нарығын мо­нополияға айналдырғаны анықталды. Бұл ретте кедендік төлемдерден жалтару үшін ком­паниялар әкелінетін тауар­лардың құнын жүйелі түрде төмендетіп, мемлекетке 107 млрд теңгеден астам залал келтірді. Бү­гінде қабылданған шара­лардың нәтиже­сінде осы қаржы­ның 57 млрд теңгесі өтелді. Сонымен қатар бизнеске өкілетті адамдар тарапынан қысым жасауды төмендету бойынша да жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жасыратыны жоқ бизнестің кейбір салалары қаржы-өнеркәсіптік топтар­дың қолына шоғырланған. Олар кә­сіпкерлер үшін жоғары тарифтер бел­гілейді және ақылға сыймайтын шарттар қояды. «ЦТС» акционерлік қоғамының қызметі айқын мысал, оған «ҚТЖ» 600-ден астам теміржолды жасырын үлес­тірілген. Саладағы монополияның дамуы тасы­­малдау қызметтері тарифтерінің 10 есе өсуіне әкелді. 4 мыңнан астам кәсіп­кер жүк тасымалы үшін жоғары тарифтер төлеуге мәжбүр болған. Қабылданған шаралар арқылы кірме жолдар мемле­кетке қайтарылды, тарифтер 13 есе тө­мендетілді. Бұл бағыттағы жұмыстар Бас Про­курордың тікелей бақылауымен жалғаса береді. Рас бизнеске қолдау көрсету саласының өзінде көптеген мәселе бар. Оларды біз қыркүйек айында Бизнес өкіл­дерімен кездесу барысында талқы­ладық. Биз­несті қорғау бойынша бірлескен іс-шаралардың кешенді жоспарына енгіздік. Кәсіпкерлікті заңсыз тексерістен қорғап, оның дамуына тежеу болатын жайттарды анықтау жолында жұдырық­тай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қызмет жасауымыз керек. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ш.АТЫХАНҰЛЫ