Ал салық қызметкерлері «Кәсіпкерлер кейде мәмілені әдейі бөлшектейді. Әрқайсысының сомасы лимиттен аспауы үшін шартты бірнеше мәрте бөліп жасайды. Мұндай жасанды бөлшектеу фактілері анықталған кезде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 266-бабында қаралған айыппұлға әкеп соғады. Біз осы себептен кәсіпкерлерге айыппұл салдық» дейді.Осындай деректер пайда бола бастағаннан кейін Шымкент қаласындағы аудандық мемлекеттік кірістер басқармалары биыл 25 маусымнан бастап ӘҚБтК-нің 266-бабы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыларды жаппай ресімдей бастаған. Қазіргі кезде Мемлекеттік кірістер департаментінің деректеріне сәйкес 242 кәсіпкерге салық салушылар әкімшілік қаулы шығарыпты. Ал 12 материал сотта жатыр, 15-і мемлекеттік кірістер департаментінде шағымдану сатысында болса, 42 кәсіпкер салынған айыппұлды төлеп қойған. Бірақ соған қарамастан, бұл жағдай кәсіпкерлер арасында наразылық толқынын тудырып отыр. Мәмілелер негізсіз біріктірілген
Шағым айтып келген кәсіпкерлерді тыңдаған Шымкент қаласындағы кәсіпкерлер палатасының сарапшылары мәселені зерттей келе, фискалды органдардың әрекетін негізсіз және бизнеске қысым жасау деп тауып отыр. Кәсіпкерлер мен фискалды органдардың басын қосқан жиында бірқатар мәселелердің беті ашылды. «Кәсіпкерлер тауарларды сатып алу бойынша мәмілелер жасасқан. Біз зерттей келе, негізінен тауарлардың сатып алу қажеттілігіне қарай әртүрлі кезде жасалғанын анықтадық. Сатушы мен сатып алушының арасындағы әрбір мәмілеге жеке шарттар жасалып, олардың әрқайсысының сомасы 1000 АЕК-тен аспаған. Бұл ретте тауарлардың түрі бір болғанымен, шарттар әртүрлі сатып алушыларға арналған. Тіпті сатып алу бағасына байланысты әртүрлі бағамен және түрлі уақыт кезеңдерінде сатылған», – деп атап өтті Кеңес төрағасы Мелес Сейітжанов.Сондай-ақ палата сарапшылары бұл жағдай салық органы қызметкерлерінің қолданыстағы заңнаманың нормаларын дұрыс түсінбеуі салдарынан және біржақты пікір қалыптастыру салдарынан орын алған дейді. Сонымен қатар әртүрлі мәмілелерді бір-біріне негізсіз біріктіру фактілері де анықталған. Салдарынан ҚР Конституциясымен қорғалатын және кепілдік берілген салық төлеушінің құқығы бұзылған.
Мәселен, «Ферротекс» компаниясының заңгері Мұрат Ақкөзов өздеріне тиесілі серіктестік бойынша салық органдары бір әкімшілік өндірісте 178 шартты «бір мәмілеге» теңестіріп отырғанын айтады. «Бұл 20-дан астам тауар атауларына арналған 16 түрлі сатушымен жасасқан шарттар. Олардың әрқайсының әртүрлі құрылтайшылары бар. Осының салдарынан 406 млн теңгеге жасасқан шарт негізінде бізге 26 млн теңге айыппұл салынып отыр. Яғни, мәмілелердің әртүрлілігіне қарамастан барлық шарттың 5 пайызы көлемінде айыппұл салды. Мәселен, бізге қаулы 2019 жылдың шілдесінен 2021 жылдың желтоқсанына дейінгі шаралараға шығарылды. Салық органдарының бізге қойып отырған талабы бойынша біз 2019 жылы 2021 жылдың желтоқсанына дейін 20 тонна цемент сатып алатынымызды білуге тиіс екенбіз. Яғни, үш жыл ішінде осы 178 мәмілені салық салушылар бір мәміле деп қабылдап отыр. Бірақ бұл қисынға келмейді, ақылға қонымсыз», – деп ашынды компания заңгері.Кәсіпкерлердің сотқа жүгінгені жөн Кәсіпкерлердің айтуынша, камералдық бақылау нәтижелері бойынша салықшылардан бұзушылықтар туралы ешқандай хабарлама алмаған. Оның орнына бірден әкімшілік іс тағайындап, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарған. Соның салдарынан кәсіпкерлер Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі шеңберінде салық органының әкімшілік актісіне шағымдана алмай қалған. Осылайша, әкімшілік іс жүргізу мен қарау кезінде салық органдары ӘҚБтК-ның талаптарын өрескел бұзуға жол беріп отыр. Тіпті, кейбір қаулылар істі қарау кезінде келісім шарттар талап етілмей және зерттелмей, түсінік те алынбай салық төлеушілердің қатысуынсыз шығарылып, олардың кінәсін қалай анықтағаны да белгісіз болған. Сондықтан кәсіпкерлер салық органы мәмілелер бір мәні бойынша жасалған деген пікірді негізсіз деп санайды.
Жиынды жүргізіп отырған кеңес төрағасы Мелес Сейітжанов қазіргі дағдарыс кезінде шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігі, кәсіпорындардың қаржылық және тауар айналымы төмендегенін айтады. Есесіне бюджетке түсетін салық төмендеген. «Осыны ескерген фискалды органдар салық жинаудың осындай тәсіліне көшкені айдан анық. Бірақ бұл кәсібін адал жүргізетін кәсіпкерлерді салықтық және әкімшілік жауапкершілікке негізсіз тартуға әкеліп соғып отыр. Осындай күрделі мәселеге тап болған кәсіпкерлер бүгінде іс жүзінде құлдырау алдында тұр. Егер олар бекітілген айыппұлдарды төлейтін болса олар өздерін банкрот деп тануға мәжбүр болады», – деп атап өтті ол.Ал мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері кәсіпкерлерге өз құқығын сотта қорғауды ұсынып отыр. Жиында ашынып сөйлеген бірқатар кәсіпкер осынау әділетсіздікке күйініп, компанияларын салық саясаты ыңғайлы өңірлерге көшіріп, сол жерде қайта тіркеліп жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы осы мәселеге құқықтық бағалау беру үшін қала прокуратурасына жүгінді. Қазіргі уақытта қадағалау органы салық органдарының іс-әрекеттерінің заңдылығына талдау жүргізіп жатыр.
Шымкент қаласы