Петропавлда сот зейнеткерді алимент төлемейтін ұлының орнына зейнетақысынан немерелеріне алимент төлеуге міндеттеді. Бұл туралы облыстық прокуратура баспасөз қызметі өкілдері мәлімдеді.Прокуратура өкілдерінің айтуынша, 2021 жылғы 1 маусымдағы сот қаулысымен Қ.Т.Е. пайдасына Қ.А.Х-дан кәмелетке толмаған балалар үшін ай сайынғы жалақының және (немесе) өзге де кірістің 1/3 бөлігі мөлшерінде алимент өндірілді. Алайда борышкер өз міндеттемелерін орындамаған, нәтижесінде 3,7 миллион теңге қарыз жиналған.
"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекстің 152-бабына сәйкес, өздерінің еңбекке жарамды ата-аналарынан, бірге туған кәмелетке толған еңбекке жарамды ағалары мен апаларынан күтіп-бағу қаражатын алуға мүмкіндік болмаған жағдайда, кәмелетке толмаған көмекке мұқтаж немерелер алимент төлеуге қажет қаражаты бар әжесі мен атасынан сот тәртібімен алимент алуға құқығы бар", – деп түсіндірді прокуратура өкілдері.
Балалардың анасы борышкердің әкесінен (атасынан) немерелерін асырауға арналған алимент төлемдерін өндіру туралы арызбен сотқа жүгінген. Петропавл №2 соты бұл өтінішті қанағаттандырды.
"Атасының зейнетақысынан ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш (30 630 теңге) көлемінде алимент өндіріледі", – деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі өкілдері.