Аватар: Су жолы

Аватар: Су жолы

Желтоқсан айының ортасында «Аватар: Су жолы» картинасы прокатқа шықты. Алғашқы бөлігі осыдан он үш жыл бұрын түсірілген туындыны көпшілік асыға күтті. Әрі Arai Media Group дубляждаған қазақша нұсқасы да елді елең еткізді. Себебі тұсаукесер алдында әлеуметтік желіде фильмнің қазақша аудармасын көруге шақырған флешмоб басталды. Қазақша дубляж көресіз бе? Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қазақша дубляждалған «Аватар: Су жолы» алғашқы прокат апта­сын­да табысқа жетті. Туынды қазақ тілі­не аударылған фильмдер арасында ең көп көрілген және ең көп табыс әкелген фи­льм атанды. Meloman компаниясы осы уақыт аралығында туындыны 18 мың адам қарап, 31 млн теңге табыс әкелгенін мәлімдеді. Дестрибьютердің хабарлауынша, бұл – рекорд көрсеткіш. Жалпы, әлемдік туынды ТМД елдерінде 2.5 млн доллар табыс тапқан. Соның ішіндегі еліміздің үлесі – 850 млн теңге. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, қазақша «Аватарға» барғысы келетін жұрттың қарасы қалың сияқты. Дубляжға баруға шақырған үндеуді жаппай қолдап, бөлісіп жатыр. Дегенмен кинотеатрға барған жастар бәрібір екі тілдің бірін таңдауда тосылып қалады екен.

«Демалыс күндері «Аватар: Су жо­лын» көруге арнайы бардық. Сервис дұ­рыс жұмыс істемегеннен, билетті кино­театрға барып сатып алдық. Сонда жанымдағы құрбымның «мүмкін, орысша нұсқасына кіре салармыз» дегені бар. Қазақша нұсқаға арнайылап кел­генімізді алға тартып, көңілі қалмайты­нын түсіндірдім. Өйткені ол бұрындары қазақша дубляждалған шетелдік фильмге барып көрмеген. Сондықтан орысша аудармасындай әсер сыйлай алмайды деп ойлады. Кассада тұрғанымызда ре­сеп­шендегі жігіттің қайта-қайта қазақша «Аватарға» билет алып жатқанымызды ескерте бергені де біртүрлі. Фильмнің жар­тысын да көрмей шығып кететіндей көреді-ау. Жалпы, маған қазақша ду­бляжы ұнады. Тек ыңғайлы уақытқа сеанс көбейсе дейміз», – дейді Павлодар тұрғыны Балауса Жолдасова.
Осыдан кейін үш мегаполистегі қазақ­ша сеанс саны мен уақытын қарап көрдік. Алдымен, 27 желтоқсан күні Астана қаласы бойынша қазақша сегіз сеанс жүретінін білдік. Ал орысша сеанс саны – 46 болса, тек бір көрсетілім ағыл­шын тілінде жүреді. Алматыға келсек, сол күні фильмнің 242 көрсетілімі бар. Оның 32-сі туындыны қазақ тілінде көр­сетсе, екі сеанс ағылшын тілінде қойы­ла­ды. Шымқалада қазақша сегіз көрсе­тілім жоспарланған. Уақыты жайына келсек, аталған қалада прайм тайм уа­қы­тына тек екі сеанс бар. Алматыда кеш­кі 19:00-ден кейін сегіз көрсетілім белгіленген. Ал елордада бұл уақытта үш сеанс жоспарланған. Айта кетерлігі, үш қалада да таңертең және түскі уақытта көрсетілім бар. Дегенмен «Аватар: Су жолы» про­катқа шыққан алғашқы аптада қазақша сеансқа барғандар жетерлік. Мәселен, елорда тұрғыны Жадыра Аққайырдың айтуынша, олар 16 желтоқсан күні кешкі сеансқа билет алған. Билетті алдын ала сайттан сатып алғанның өзінде төрт билет қалған екен. Оның сөзінше, фильм прокатқа шыққан алғашқы апта бол­ған­нан зал лық толы, көпшілігі – балалар. Оған қоса кейіпкеріміз қазақша дуб­ляжды қолдап, әлеуметтік желіде билет таратқандар болғанын да айтып қалды. Жанашырлық па, қамқорлық па? Расымен, желідегі қазақ тілі жана­шыр­лары билет таратты. Кейбіреуі ұтыс түрінде жасаса, ендігілері фильм көргісі келетіндерді іздеді. Мысалы, экономист Сәбит Рысбаев Facebook-та қазақша кино көруге уақытша қор жинап, 208 билет сатып алған. Бұған бірнеше адам қолдау көрсеткен. Бірақ фильмге билет тарату кезіндегі кей жағдайға қарап, көңілі қалғанын жеткізді.
«Керуендегі көрсетілімге жетпіс би­лет сатып алсақ, он төрт адам келмей қал­ды. Сол жерде билет алуға келгендерді тегін кіргіздік. Соңғы алты билет қалып еді. Бір отбасы төрт баласымен келген екен. Оларға қазақша нұсқасына тегін билет барын айтсам, «кірмейміз» деді. Айналып келгенде кінә өзімізден де бар. Әйтпесе, Астанада орысшасына кіріп жатқанның 80 пайызы – қазақ. Жалпы, киноны қазақша көргісі келетін адам уақытына қарамай-ақ кинотеатрға келеді деп ойлаймын», – дейді ол. Осы тұста көрермен пікірі екіге жарылатыны белгілі. Өйткені қай қаланы алып қарамасаңыз да, прайм-тайм уақыты туралы пікір бар. Мәселен, Ақтау қаласының тұрғыны Әсел Қазма­ғанбетова отбасымен қазақша «Аватарға» барғысы келген. Алайда жергілікті кинотеатр күніне бір уақыт ғана қазақша сеанс белгілеген. Оның айтуынша, «Бәйтерек» кинотеатрында қалған көр­се­тілімнің бәрі орыс тілінде жүреді. Ал елорда тұрғыны Қуаныш Омаров жұрт­тың мұнша шала бүлінетінін түсінбей жүр. «Қазір қазақшаға қарағанда орысша аудармаға сұраныс көп. Байқағаным, қазақтардың өзі орысша сеансқа кіріп жатыр. Мүм­кін әлемдік туындыны орысша дубляжда көріп көз үйреніп қалғанынан болар» дейді ол.
Осы тұста кинотеатр­лар­дың да «Аватар: Су жолы­ның» қазақша дубляжы шық­қа­нын хабарлағанын білеміз. Қа­зақ­ша аудитория үшін мұ­ның өзі жетістік. Себебі «Кинематография тура­лы» заңның 9-бабы 3 тармағына мән берсек, ел аумағында көрсе­тіл­етін кез келген фи­льмде қазақ ті­лін­де субтитр не­месе дуб­ляж болуы керек. Ке­лесі тар­мақ­та дубляждауға қар­жы­ландыру түрін­де мемлекеттік қол­дау алған фильмдерді кинозалдар қазақ және өзге де тілде прокаттауға мүдделі екені жазылған. Яғни, бұл фильмге мемлекет қолдау білдірді әрі фильмде дубляж яки субтитр болуы міндетті. Иә, бұл турасында желіде түрлі жазба жарияланып жатыр. Соның ішінде белгілі журналист Айбар Олжайдың «Аватар: Су жолын» бизнес, доллар және тіл ұғымына біріктіргені ұтымды шық­қанын атап өту керек. Ол бизнестің ана тілімізге және керісінше қалай әсер етіп тұрғанын жақсы түсіндірген.
«Аватар – қымбат фильм. Яғни, әлемдік мейджордан оның бізде көрсету құқығын, цифрлік копиясын, прокаты куәлік алу үшін Kinopark көп шығын­далды. Фильмді қазақша субтитрлауға да біршама қаражат кетті. Енд шығынды олар билетті көптеп сатып, жабуы керек. Пайда табу туралы да жоспарлары жоқ емес. Әрі қоғамның кейбір өкілдері Аватарды қазақ тілінде сұрай бастады. Олардың талабы орынды. Мұны кинозал басшылары түсінеді. Оның үстіне, кинозалдар фильмді ыңғайлы уақытқа қоюға жүрексінеді. Өйткені не өрлейсің, не құлайсың. Таразы басында қаншама ақша тұр. Екінші жағынан, егер туынды­ның қазақша дубляжында зал лық толы болса, онда кинотеатрлар ештеңеден қорықпай әлемдік блокбастерлерді қазақ­ша көрсете бастайды. Сондықтан Ава­тар қазақ тілінің болашағы үшін ше­шуші фильм», – деп жазды ол Facebook парақшасында.
Десе дегендей, қазақ тілінің тағдыры су жолына ұқсап тұр. Шешімін тауып, жұмылып әрекет етсе, түрлі түйткілді ша­йып өтуге болады. Мәселен, кино­залдардың фильмді қазақ тілінде көруге шақырған промороликтерін айта кеткен жөн. Ендігісі көрерменнің қолында тұр. Ал тілдің тағдырына бейжай қарап, санада сілкініс жасауға асықпасақ, су астында қалып кетуіміз мүмкін.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ