– Жарты миллион теңгеге жуық сомаға соғып алып бас шайқап отырмын. Еттің дәмі жоқ. Кәдімгі тығыздалған резеңке сияқты дәмі қалмаған. Айтуға аузың бармайды. Әрі жүрген-тұрған жерімде әртүрлі жиын-тойларда мен сияқты алданып қалғандардың көп екенін байқап жүрмін. Ет қазанға салынған соң қайнаған кезде бірден майы сорпаны бетін алып кетеді. Малдың жылдам қоң жинауы үшін дәріленгенін кейін білдік. Кейбіреулер мұның денсаулыққа зиян екенін айтып жүр. Тіпті ұрпақтан-ұрпаққа ген арқылы берілетін түрлі ауруларға ұшырау да мүмкін дегенді естіп зәрем ұшты. Мұндай дәріленген ет қазір көбейген. Тіпті базарға да емін-еркін өтіп жатқанына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені Қытайдың малды семіртетін дәрілері бізде емін-еркін сатыла береді екен, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Жоланбай Досжанов.Өзіміз де бұл дәрілердің Қытай асып келетінін интернетті ақтарып отырып байқап қалдық. TikTok, Instagram сияқты әлеуметтік желілердегі жарнамаларынан көз сүрінеді. Бұл дәрілердің ашық сатылымда бар-жоғын анықтау үшін шаһардағы ветеринарлық дәріханалардың біріне бас сұқтық. Кирилл есімді жігіт мұндай дәрілердің ешбір ветеринарлық дәріханада сатылмайтынын, бірақ интернеттен табуға болатынын жеткізді.
– Малды оңай әрі жылдам семіртетін дәрілер бізде сатылмайды. Бірақ интернетте гормондық мұндай дәрілер толып жатыр. Бұл дәрілер малдың гормондарының жұмыс істеу режимін бұзады. Осыдан мал тез семіреді. Дәрімен семірген малдың етін жеу адамның денсаулығына кері әсер етеді. Тіпті оның ген арқылы ұрпағына зиянын тигізеді. Бізден күнде болмаса да осындай жылдам семіртетін дәрілерді сұрап келетіндер бар, – дейді Кирилл есімді ветеринарлық дәріхана қызметкері.Бұл мәселе жайында Ақмола облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының басшылығымен тілдесіп көргенбіз. Басқарма басшысының орынбасары мұндай дәрілердің бар екенін естігенімен, олардың таралып жатқанынан хабарсыз екен.
– Малды жылдам семіртетін дәрілер бар дегенді естідім. Бірақ оның қандай болатынын білмеймін. Бізде ондай дерек тіркелген жоқ. Мұндай дәрілердің таралуы жайында ешнәрсе айта алмаймын. Базарларды, ет сатушыларды тексере алмаймыз. Өйткені бизнесті тексеруге толықтай мораторий жарияланған, – дейді Ақмола облысы әкімдігі ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ибрагим Қапарұлы.Ал облыстық ветеринарлық инспекция басшылығы мал семіртетін дәрілер туралы тіптен хабарсыз екен. Инспекция басшысы біздің күдігімізге қатысты жұрт арасында тараған қауесет деген пікірін білдірді.
– Малды жылдам семіртетін дәрілер туралы ешнәрсе білмеймін. Қытайдан келеді деп естідім. Бізге мұндай фактіге байланысты ешқандай арыз-шағым болған жоқ. Әрі шағым түспесе кәсіпкерлерді барып жоспарлы түрде тексере де алмаймыз. Бұл жай жұрт арасында тараған жел сөз деп ойлаймын. Мен осы ветеринария саласында 22 жыл істеп мұндай болатыны туралы естімеген екенмін. Мәселен, бәрі білетін «Ивермек» препараты салынған малдың етін белгілі бір уақытқа дейін жеуге тыйым салынады, – дейді Манат Айтқожаұлы.Облыстық ветеринариялық зертхана мамандары да өздеріне осы уақытқа дейін біз көтеріп отырған мәселе бойынша ешкімнің шағым айтып келмегенін алға тартты. Әрі нақты ақпарат беруден ат-тондарын ала қашты.
– Зертханаға осы уақытқа дейін алған соғымының сапасына күмәнданып келген ешкім болмады. Біз де мұндай тексеру аккредиттеу тізіміне де енгізілмеген. Базардағы ет сол базарда тұратын ветеринариялық инспекцияларға қарайтын жекеменшік зертханаларда тексеріледі, – дейді Ақмола облыстық ветеринарлық зертхананың меңгерушісі Әлия Жәнібекқызы.Сала мамандарының көбі соғымға сойылатын малды дәрі-дәрмекпен семіртуге қатысты нақты мәлімет бермегенімен мұндай етті тұтыну денсаулыққа зиян екенін айтумен болды. Осыған қарап дәріленген әрі дәмі жоқ ет жеп жүрміз деген ақмолалық ағайынның дабылы тектен-тек қағылмағанын аңғардық. Бұл ойымызды ауыл шаруашылығы ғылымының мамандары да құптады. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ауыл шаруашылығы ғылымы кафедрасының меңгерушісі Серікбай Шегеновтің айтуынша, стероидты және гормонды препараттардың малдың да, адамның да ағзасына орасан зор зиянын тигізеді.
– Стеройдты және гормонды препараттар мен антибиотиктер малдың гормондарының дамуын жеделдетеді. Ірі агроқұрылымдар бұл дәрілерді тиісті мөлшерде бергенімен, жекеменшік мал бағушылар норманы сақтай алмайды. Гормондық препараттар малдың гормондары мен ішкі органдарының жұмысын бұзады. Осыдан мал тез семіреді. Берілген дәрі қан арқылы жылдам сіңіп, оны ешқандай антибиотикпен зарарсыздандыру да мүмкін болмай қалады. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесі мұндай дәрілермен семіртілген етті тұтынған адамға да орасан зор зардабын тигізетінін дәлелдеді. Мұндай етті жеген адамдар түрлі онкологиялық ауруларға, семіздікке, бедеулікке тап болуы мүмкін. Өкініштісі сол, қазір елімізде шетелден қаптап келіп жатқан мұндай препараттарды зерттейтін бірде-бір зертхана жоқ. Мал етін тексеретін зертханалар оның құрамындағы басқа аурулардың болу-болмауын ғана бойынша тексереді. Ал мал етінің дәріленген-дәріленбегенін сырт көзбен ажыру мүмкін емес, – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ауыл шаруашылығы ғылымы кафедрасының меңгерушісі Серікбай Шегенов.Қазір соғымның бағасы да күн сайын шарықтап барады. Статистикалық деректерден республикадағы ең қымбат соғымның да Ақмола облысында екені белгілі болды. Мал ұстайтын фермерлердің айтуынша, соғымның бағасына бірнеше басты факторлар ықпал етеді. Хабарландыруларда байтал мен тайлардың құны 550 мың теңгеден, ірі биелер 700-850 мың теңгеден асып тұр. Екі-үш ай семіртілген болма бағасы 1 миллион теңгеге де жетіп жығылады. Ал ол алғаның жоғарыдағы гормонды және стеройдты дәрімен семіртілген болса, осыншама ақшаңыздың желге ұшқаны дей беріңіз.
P.S. Тақырыпты зерттеу барысында мал етімен қоса, қазір дәнді-дақылға да осындай жылдам өсіріп, апта ішінде ғана пісіп кетуіне ықпал ететін дәрілер себілетінін білдік. Бұл әрине келесі тақырыбымызда қозғамақпыз. Ең өкініштісі, сол ұрпақтың тамырына балта шауып, қазақтың басты асын қор еткендердің әрекетін көргенде ішің удай ашиды. Бірақ қолдан келер дәрмен бар ма?
Ақмола облысы