Мерейтойы мол берекелі жыл
Мерейтойы мол берекелі жыл
702
оқылды
Өтіп бара жатқан барыс жылында елдік деңгейде бірқатар атаулы күнді атап өттік. Басты мерейтой – ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлының 150 жылдығы­мен басталды. Жыл көле­мінде заңғар жазушы Мұх­тар Әуезовтің 125, көрнекті мем­лекет қайраткері Дін­мұхамед Қонаевтың 110, Халық әртісі Роза Бағла­­нованың 100 жылдық ме­рей­тойлары да ескерусіз қал­мады. Мерекелі жыл ая­сында қандай жұмыс­тар атқарылды? Тағы кім­дер на­зардан тыс қалды? Жылдың басты тойы – қазақ тіл білімі және әдебиеттану ғы­лымдарының негізін салушы ға­лым, ұлттық жазудың рефор­маторы, ұлт ұстазы, Алаштың ру­хани көсемі Ахмет Байтұр­сын­ұлының 150 жылдық мерейтойы. Президент тапсырмасы аясында да, ғалымдар ізденісінің нәтиже­сінде де Алаш арысының есімі қайта түлеп, еңбектері жанданды. Ұлт ұстазының мерейтойы еліміз­де ғана емес, әлемдік деңгейде де атап өтілді. Қазан айында Париж қа­ласындағы ЮНЕСКО штаб-пә­терінде мерейтойға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мерекелік шаралар ұлт ұстазының туған жері, Торғайда да жалғасын тапты. Сарытүбек қонысында Ахмет Байтұрсынұлының кесе­несіне тағзым жасалып, музей-үйдің тұсаукесері өтті. Торғай ауылында спорттық шаралар, ес­керткіштің ашылуы, реэкс­по­зициядан кейінгі А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының әдеби му­зейінің тұсаукесері, ғылыми-практикалық конференция ұйым­дастырылды. Сондай-ақ Тіл білімі институты, Әдебиет және өнер инс­титуты, Ш.Шаяхметов атын­да­ғы «Тіл – қазына» ғылыми-прак­­тикалық орталығы, Халық­ара­­лық Түркі академиясы, Еуразия ұлт­­тық университеті мен Қостанай университеті сияқты мүдделі, ұлт мұрасына жанашыр мекемелер мен оқу орындары өз тарапынан түрлі зерттеу жүргізді. Қостанай зиялылары Ақаңның жолымен бірсыпыра экспедиция ұйым­дас­тырды. А.Байтұрсынұлы атында­ғы Тіл білімі институты Ақаң­ның бірнеше томдығын, Әдебиет және өнер институты 4-5 томды­ғын толықтырылған түсініктермен жариялады. Түркияда «Ахмет Бай­тұрсынұлы. Таңдамалы шы­ғар­малары» (қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде) кітабының тұсау­кесері өтті. Елордада, Алматы мен Шымкент қалаларында ұлт ұста­зына ескерткіш қойылды. Ал­ма­тыдағы ескерткішті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып ашты. Іс-шараға ақынның туыстары мен зиялы қауым өкіл­дері қатысты. Мемлекет басшысы ескерткіштің ашылу рәсіміне жи­налғандар алдында сөз сөйлеп, тұлғаның ұлт тарихындағы рөлі жоғары екенін айтты. Сондай-ақ Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Осының бәрі – халқымыз­дың ұлт ұстазына деген ерекше құрметінің белгісі. Ахмет Байтұрсынұлы Ал заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы аясында республика бойынша бар­лығы 82 іс-шара ұйымдасты­рылған. Оның ішінде Мұхтар Әуе­зовтің әдеби-мемориалдық музейі ғимаратына ғылыми-рестав­ра­циялау жұмыстары жүргізіліп, Шолпан-Атада жазушының бюсті орнатылды. Мектеп оқушыларына арналған «Әуезовтану» бейне­дәрістер циклі әзірленіп, әдеби подкасттар жасалды. Халықаралық театр фестивалі өткізіліп, «Ақан-Зайра» трагедиясы алғаш рет сахналанды. Сондай-ақ «Қилы за­ман» повесі бойынша телехикая түсірілді. Мәдени іс-шаралар ая­сында шетел мұрағаттарында Мұх­тар Әуезовке қатысты құжаттар зерделеніп, тың материалдарды іздестірілді. Одан бөлек, өңірлік деңгейде жоспардан тыс 500-ден аса мерекелік шара өтті. мерейтой. Сонымен қатар биыл аса көр­некті мемлекет және қоғам қай­раткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының академигі, тех­ника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толды. Ел сүйіспеншілігі­не бөленген біртуар азаматтың ме­рейтойына орай республиканың түкпір-түкпірінде мәдени іс-ша­ралар өткізілді. Дінмұхамед Қо­наев есімі жаңа Қазақстан қоға­мында жаңаша жаңғыруда. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қапша­ғай қаласына Қонаев есімі беріліп, Алматы облысының орталығына айналды. Елімізде тұлғаның бір­қатар ескерткіш бой көтеріп, ғы­лыми конференциялар өтуде. Дінмұхамед Ахметұлы басқарған жылдары кең-байтақ қазақ же­рінде 43 қала салынған. Жүздеген өндіріс орны ашылып, ірі құры­лыстар бой көтерді. Осылайша, қайраткердің ерен еңбегі биыл халық алдында тағы бір мәрте жоғары бағаланып, ерекше құр­метке бөленді. ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткен мерейтойлардың бірі – Ха­лық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығы. Мерейтой республика көлеміндегі іс-шараларға ұласты. Ең бірінші, мерекелі күнге орай ROZA BAǴLANOVA. 100 JYL кол­лекциялық монеталары айналымға шықты. Номиналы 100 теңгелік мельхиордан құйылған монета «Есте қалатын оқиғалар мен бір­туар адамдар» сериясы аясында жарық көрді. Монетаның бірінші бетінде Елтаңба, екінші бетінде Роза Бағланованың суреті, пор­треттің сол жағында мерейтойлық датаны білдіретін 100 JYL деген жазу бар. Монетаны айналдыра «Ах, Самара-городок» әнінің ноталары, ROZA BAǴLANOVA, мо­нетаның шыққан жылын біл­діретін «2022» деген жазулар бар. Сондай-ақ биыл еліміздің бас кон­церттік ұйымы Қазақконцертке Роза Бағланованың есімі берілді. Алғаш рет Astana Musical мем­ле­кеттік театры «Роза Бағланова» мю­зиклін ұсынды. Мюзикл қалың көрерменге халықтың сүйікті әншісінің ішкі жан дүниесі мен қайталанбас өнер әлемін паш етті. Сонымен қатар Парижде, Астана мен Алматыда, облыс орталық­тарында Роза Бағлановаға арнал­ған концерттік бағдарламалар қойылды. Осылайша, қалың көп­шілік қайталанбас дауыс иесін сағына еске алды. мерейтой Біз атап өткен мерейтойлар атаулы күндердің бір парасы ғана. Сонымен қатар биыл ХХ ғасыр басында «Айқап» журналын шы­ғарып, сол кезеңде қазақ журна­листикасының қалыптасуына үлкен үлес қосқан ақын, аудар­машы, ағартушы Мұхамеджан Сералиннің туғанына да 150 жыл толды. Алаш қайраткері Елдес Омарұлының, мемлекет қайрат­керлері Жалау Мыңбайұлы мен Нәзір Төреқұловтың, қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушы режиссер Жұмат Ша­ниннің туғанына 130 жыл. Қазақ әдебиетінің классиктері, қос Ғабең – Ғабит Мүсірепов пен Ға­биден Мұстафиннің, Кеңес Ода­ғының Батыры Сабыр Рахимовтың туғанына 120 жыл. Сонымен қатар осы жылы ақын-жазушылар Зейін Шашкиннің, Жайық Бектұров­тың, көрнекті ғалым Лев Гумилев­тің, КСРО Халық әртісі Күләш Бай­сейітованың, ҚазКСР Халық әр­тісі Шара Жиенқұлованың туға­нына 110 жыл толды. Алаш авто­но­миясының құрылғанына – 105 жыл. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің, Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсеткен қыздарымыз – Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мә­метова мен Хиуаз Доспанованың, ақын-жазушылар Сырбай Мәу­ленов, Сафуан Шәймерденов, Әзіл­хан Нұршайықовтың ғасыр­лық мерейтойлары да осы жылдың еншісінде кетті. Дегенмен бұл мерейтойлардың біразы назардан тыс қалғандай. Елге еңбегі сіңген тұлғалардың есімі ешқашан ұмы­тылмаса екен дейміз.