Ғылымның биылғы ең айтулы жаңалығы – «Джеймс Уебб» ғарыш телескопының көкке ұшырылғанына бір жыл болды. Уақыт машинасының рөлін атқаратын қуатты құрылғы он сегіз мың ғаламның түп-тұқиянын «көре алады»: оған біздің санамызға сыймайтын қияндағы галактикалардың өткені, планеталардың қалыптасу жолы мен оларда тіршіліктің бар-жоғы аян. Хош, сонымен бүгінге дейін бұл аппарат Ғаламның қандай құпияларын ашты – шолып көрейік.Жарқырауық «шатқал» – жаңа ракурстан
«Джеймс Уебб» телескобы арқылы әйгілі «Жаратылыс тіректерінің» егжей-тегжейлі суретіне қол жеткіздік. «Жаратылыс тіректері» деп отырғанымыз – Жерден шамамен 6,5-7 мың жарық жылындай қашықта орналасқан ғарыштағы ерекше формалы тозаңдар мен газдар шоғырланған өңір. Мұнда әлі күнге дейін жаңа жұлдыздар пайда болып жатады.
«Жаратылыс тіректерінің» үшөлшемді суреті құдды бір алып құз-шатқалдарды еске түсіреді, айырмашылығы – бұлар жарқырап тұрады әрі жартылай мөлдір. Расында оның құрамындағы газдар мен тозаңдар инфрақызыл жарықта мөлдір болып көрінеді.
«Жаратылыс тіректерінің» суретін бұған дейін 1995 және 2014 жылдары «Хаббл» телескопы түсірген болатын, биылғы сурет зерттеушілерге жұлдыздардың қалыптасу моделін қайта қарап, Ғаламның осы аймағындағы жаңа, жас жұлдыздардың әлдеқайда дәлірек санын анықтауға көмектеседі. Осылайша олар жұлдыздардың миллиондаған жыл бойы тозаңды бұлттардың құрсауынан сытылып шығып, қалай пайда болатыны жайлы анығырақ түсінікке ие бола алады.
Жас жұлдыздар енді «жасырына» алмайды
Телескоп түсірген шедеврлердің енді бірі – «Бүйі» тұмандығындағы суреттер. Сырт қарағанда улы өрмекшінің пішініне ұқсайтын бұл тұмандық бізден 161 мың жарық жылындай қашықта жатыр. Ол көбіне жасы небәрі 2 млн жылға әрең жететін жас жұлдыздардан тұрады. Бүйінің аяқтары секілді бөлігінде Күннен 265 есе ауыр алып жұлдыздар шоғырланған.
Мына қызықты қараңыз: тұмандықтың диаметрі 1 862 жарық жылына тең екен. Егер оны бізге ең жақын жатқан нысан – Үшарқар тұмандығының орнына әкелер болса, онда ол түнгі аспанның үштен бір бөлігін көлегейлеп қалған болар еді.
Енді «Джеймс Уебтің» қырағы қабілетінің арқасында тұмандықтағы бұрын-соңды зерттелмеген ондаған мың жас жұлдызды көруге мүмкіндік алдық. Бұрнағы суреттерде олар ғарыштағы тозаңдармен көмкерілген күйі өз құпиясын сақтап жататын.
Алыстағы планетаның алғашқы суреті
Сондай-ақ жаңа телескоп тұңғыш рет Күн жүйесінен тысқары жатқан планеталардың тікелей түсірілген суретін түсірді. Бізге енді салмағы Юпитердікінен 6-12 есе ауыр HIP65426b экзопланетаның түр-сипаты белгілі. Бұл «Джеймс Уебб» үшін ғана емес, жалпы астрономия үшін революциялық сәт болғаны анық. NASA өкілдерінің айтуынша, экзопланеталардың тікелей суретін алу – қиын іс, өйткен планеталар жұлдыздарға қарағанда әлдеқайда көмескілеу.
Жерден 355 жарық жылындай қашықтықта орналасқан HIP65426b – қалыпатсқанына небәрі 15-20 млн жыл болған өте «жас» ғаламшар. Салыстыру үшін айтсақ, Жердің жасын ғалымдар 4,5 млрд жыл деседі.
HIP65426b экзопланетасы мен оның аналық жұлдызының арақашықтығы Жер мен Күндікінен 100 есе көп, оның мұншалықты алыста болуы телескопқа да суретте оны жұлдыздан ерекшелей алуға көмектескен. Алайда ғаламшар жақын инфрақызыл спектрде өз жұлдызынан 10 мың есе көмескі.
«Бұл суретті алу ғарышта қазына тауып алғанмен бірдей болды. Әуелі мен жұлдыздың жарығын ғана көрдім, кейін суретті мұқият өңдеп жатып, әлгі жарықты алып тастағанымда, ғаламшарды анықтадым», – дейді суреттерді талдау жұмысына жетекшілік ететін америкалық ғалым Ааринн Картер.
«Үлкен жарылыс» кезіне үңілмек
«Джеймс Уебтің» соңғы суреттерінің ішінде «Доңғалақ» галактикасы анығырақ бейнеленетін серия да бар. Бұл – екі галактиканың соқтығысуынан пайда болған, ғарыш тозаңдарымен тұмшаланып, солайша бізге беймәлім болып жатқан галактика. Ғалымдардың ойынша, Жерден 500 млн жарық жылындай алыстағы бұл галактика бір кездері «Құс жолы» тәрізді үлкен спиральдің бір бөлігі болған.
Телескоптың инфрақызыл камералары арқылы «Доңғалақ» галактикасының бұдан миллиардтаған жыл бұрын өзінен кіші басқа галактикамен соқтығысқаннан кейін қалай өзгергенін көруге болады. Соқтығысу нүктесінде пайда болған екі доңғалақ сыртқа қарай кеңейіп, сирек кездесетін сақинатәріздес пішінді құраған. Бұрын ешқашан ғалымдар «Доңғалақ» галактикасының аласапыран әлеміне мұншалықты терең үңіліп көрген емес. Телескоппен алынған сурет әлі соңына дейін зерттеліп бітпеген галактикалар соқтығысы нәтижесінде жаңа жұлдыздардың пайда болу процесін паш етеді.
Алдағы уақытта ғалымдар жаңа телескоптың көмегімен осыдан 13,7 млрд жыл бұрын «Үлкен жарылыстан» соң алғашқы жұлдыздар мен галактикалар пайда бола бастаған кезге үңіліп, Ғаламның пайда болу үдерісін зерттеп көруге ниетті. Ол күн туар болса, күллі адамзат тайталасып келген талай жұмбақтың түйіні шешілері хақ.