QazaqGaz: жыл түйіні – айқын болашақ
QazaqGaz:  жыл түйіні – айқын болашақ
549
оқылды
Әлемдік және отандық газ саласы үшін 2022 жыл үлкен өзге­рістерге толы болды. Жаһандық газ нарығындағы бұрын-соңды бол­маған құбылыстар мен олардың Қазақстанға әсері, оған жауап ретінде елімізде қабылданған стратегиялық және тактикалық ше­шімдер мен газ саласындағы жүзеге асқалы отырған реформалар саланың тиімділігі мен міндеттерін айқындап берді. Еуропадағы және басқа да бірқатар елдердегі энергетикалық дағдарыс бүкіл әлем үшін үлкен сабақ болды. Қазақстан өзінің газ саласын дамыту мақсатында осы ыңғайлы кезеңді барынша пайда­ла­нып қалуға тырысуда. Биылғы қалып­тасқан жағдайлар еліміздің транзиттік әлеуетінен хабар бергендей еді. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде газдың маңызды рөл атқаратынын ұмытпағанымыз ләзім. Маңызды қадамдар Шынын айту керек, елімізде бүгінге дейін мұнай өндірісіне көбірек басымдық беріліп келгені рас. Газ саласы «өгей» баланың күйін кешті десек, артық айт­қанымыз емес. Көгілдір отын тек қо­сым­ша өнім ретінде қарастырылды. Себебі бағасы төмен болғандықтан, газ эконо­микалық тұрғыдан тиімсіз деген пікір басым болды.
– Қазір жағдай мүлдем өзгерген. Нарыққа газ керек, ол бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарға айналды. Мемлекет басшысы осы салаға айрықша көңіл бөлу керек екенін айтып, Ұлттық компа­ния­ның құзыретін арттырды. Ендігі жерде газ секторы экономиканың жаңа драй­веріне айналмақ, – деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.
Биыл ұлттық компания саланы ре­формалау жолында ауқымды жұмыс жүргізді. Біріншіден, QazaqGaz газдың транспорттық жүйесіне аудит жүргізіп, оның қуаты бойынша әлеуетін бағалады. Одан бөлек, Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарын қабылдады. Тағы бір маңызды мәселе – QazaqGaz еліміздің газ саласына қатысты страте­гиялық ұстанымын айқындады. Нақ­тылай айтсақ, компания 5 негізгі бағытта нақты даму векторын қалыптастырды. Олар – тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту, газдың ішкі нарығын дамыту, газ химиясы мен газды қайта өңдеуді жолға қою, газ транзиті мен экс­портын жетілдіру, инвестициялық және операциялық тиімділікті арттыру. Тағы бір жетістік – қаржылық көр­сеткіштердің жақсаруы. Биыл Бейнеу–Шымкент газ құбыры бойынша кредит­тік портфелді қайта қаржыландыру бойынша мәміле аяқталды. Одан басқа, S&P Global рейтинг агенттігі QazaqGaz кре­диттік рейтингін «BB» деңгейінде рас­тады және болжамды «негативтен» «по­зитивке» ауыстырды. Сондай-ақ Moody's Ұлттық компанияның несиелік рей­тин­гін «Baa2» деңгейінде растады, болжам – тұрақты. Компания тауарлық газдың тапшы­лығын болдырмау жолында білек сыбана жұмыс істеуде. Бұл туралы бұрын қан­шама рет сөз болса да, бұған дейін ешкім мемлекет басшылығы деңгейінде кө­термеген болатын.
– Иә, әлемдік тәжірибеде осыған ұқсас жағдайлар болған. Жалпы, газ тапшылығын еңсерудің негізгі тәсілдері екеу. Біріншісі – газды үнеммен тұтыну. Өкінішке қарай, бұл күрделі мәселе, біз соны шешуге тиіспіз. Екіншісі – та­уар­лық газдың ресурстық базасын артты­ру, – дейді Санжар Жаркешов.
Өкінішке қарай, елімізде үнеммен тұтыну философиясы қалыптаспай отыр. Бұл үшін Қазақстанға басқа тарифтер қажет. Ол қарапайым азаматтар үшін емес, ірі кәсіпорындар мен майнерлерге арналуы керек. Сонымен қатар әр текше метр газды тиімді пайдалану да өте ма­ңызды. Мәселен, жану кезінде 1 текше метр газ бөлетін жылу мөлшерін толық пайдалануға мүмкіндік беретін, яки мак­сималды жылу беретін дұрыс техноло­гиялар пайдалану керек, сондай-ақ ЖЭО-дағы газ шығындарын оңтай­ландыру үшін жылу желілерін жаңғырту қажет. Қазір Қазақстанда тұтынушылардың тоғыз санаты бар және олардың барлығы да субсидияланады. Егер газ саласын «донор» деп алатын болсақ, мұндай қам­қорлық тек қарапайым азаматтар үшін, әсіресе әлеуметтік осал топтарға арна­лады – компания олар үшін биыл тарифті 20%-ға төмендетті. Әлеуметтік маңызы бар өнімдер (нан зауыттары, сүт зауыт­тары) шығаратын компаниялар да газды субсидияланған бағамен ала алады. Санжар Жаркешов Ірі кәсіпорындар мен майнерлер үшін субсидиялау тоқтатылатын болады. Әйт­песе, еліміздің газ саласы стагнацияда қала бермек. Бұл жағдайда газ тасымалдау жүйесі де, газдың ресурстық базасы да дамымайды. Осыған байланысты Энер­гетика министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және QazaqGaz әлеуметтік әділ баға белгілеу бойынша ұсыныстар беріп отыр. Магистралдық желілер арқылы газ­бен үздіксіз қамтамасыз ету үшін бірқатар басым жобалар бар. Олар – «Бейнеу – Жаңаөзен» газ құбырының екінші же­лісін салу, «Жаңаөзен – Ақтау» үш желісін қайта жаңарту және жаңғырту, «Мақат – Солтүстік Кавказ» лупингі және т.б.
– Газ тарату желілері бойынша 58%-дық көрсеткішке қол жеткізуге болады. Елді мекендерді газдандыру өте қар­қынды жүруде. Тіпті, газдандыру қарқы­нын бәсеңдету қажет болуы мүмкін. Өйткені әзірге тауарлық газдың тап­шы­лығын түбегейлі жойдық деп айта ал­маймыз, – деді ұлттық компанияның басқарма төрағасы.
Мемлекет басшысы, ішкі нарыққа сөзсіз басымдық берілетінін атап өткен болатын. Қазақстандық тұтынушыларды қамтамасыз ету үшін ұлттық компания экспортқа газ жіберуді азайтты. Әрине, шетелдік әріптестер алдындағы міндет­темелер өз күшінде қала береді. Бірақ Қазақстан азаматтарын газбен қамта­масыз ету – басты міндет. Сонымен қатар QazaqGaz «Теңіз­шевройлмен» газды экспорттан ішкі нарыққа бұру туралы уағдаласып отыр. Осылайша, қосымша екі миллиард текше метр газ ішкі тұтынушыларға жіберілді. Бірақ форс-мажорлық жағдайлар да жоқ емес. Мысалы, Орынбор газ өңдеу зауытында Қарашығанақ газын өңдеу мәселесі тұр. Ұлттық компания серік­тестерімен бірге зауытқа дейінгі құ­бырдың өткізгіштік қабілетін арттырып, шикі газды қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін У-01 қондырғысын іске қосты. Бірақ Орынбор ГӨЗ өз мін­деттемелерін орындамай отыр. Олар 2022 жылы 8,7 млрд текше метрдің орнына шамамен 7,5 млрд текше метр газды ғана өңдеуге қабылдады. Соның салдарынан орынборлық зауыттан алатын тауарлық газ көлемі де азайды. QazaqGaz «жаманнан жақсы жоқ» деген ұстанымда. Мұндай кезде барлық жағдайға дайын болу керек.
– Ұлттық компания Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысын өз мой­нына алған. Бұл оңай жоба емес. Әуелі жекеден мемлекетке берілді, содан кейін жоба QazaqGaz балансына өтті. Біз қаржылық, техникалық және құқықтық аудиттер жүргіздік. Оның нәтижесі бойынша жоба дизайнында инженерлік қателер анықталды. Енді оларды түзетуге мәжбүрміз, бұл енді жобаны жүзеге асыру мерзіміне әсер ететін болады. Таяуда Энергетика министрлігімен, «Самұрық-Қазына» және Сараптамалық кеңеспен аудит қорытындыларына және due ­diligence үкіміне қатысты талқылау өткізе­міз, – деді Санжар Жаркешов.
QazaqGaz-дың тағы бір міндеті – барлау және өндіру нарығын құру. «Ойын ережесін» қалыптастырып, бәсекелестік тудыру, мықты ойыншылардың өсуіне мүмкіндік беру. Осы мәселелерді шешу жолында «Амангелді Газ» компаниясы базасында «QazaqGaz Барлау және өн­діру» кәсіпорны құрылған. Газды барлау және өндіру бойынша қажетті құзыреттер осы бөлімшеде. «Qazaqgaz Барлау және өндіру» портфелінде, ресурстық базаны кеңейтуге бағытталған жаңа активтер шоғырландырылатын болады. Ұлттық компания жер қойнауын пайдаланушы ретіндегі басым құқығын пайдаланып, геологиялық барлау мен жаңа кен орындарын өңдеуге шамамен 10 лицензия алуды көздеп отыр. Сондай-ақ барлау және өндіру жөніндегі Жол картасы бекітілген. Соның шеңберінде ресурстық базаны 700 миллиардтан астам текше метр газға ұлғайту көзделіп отыр. Осы Жол картасы аясында «Самұ­рық-Энергодан» алғашқы Придорожное кен орны Ұлттық компанияның ба­лансына өтті. Алынатын газ қоры ша­мамен 10 млрд текше метрді құрайды. «Қаз­Мұ­найГаз» компаниясымен Рож­ковское кен орнын Qazaqgaz-ға беру туралы келіс­сөздер жүруде. Жаңа газ кен орны 2023 жылдың аяғы мен 2024 жыл­дың басында іске қосылатын болады. газ саласы Одан өзге, компания Маңғыстау облы­сында жер қойнауын зерттеуге ли­цензия алды. Қарағанды көмір бассей­нінің көмір қабаттарынан метан өнді­ру мүмкіндігін зерттеп, техникалық деталь­дарын айқындау үшін жұмыс тобын құрды. Тағы бір айта кететін жайт, Өзбек­станмен шекаралас аймақта шө­гінді бассейндердің әлеуеті өте зор. Бұл жо­баны да ұлттық компания өз бақы­лауына алады. Қанатын жайған  QazaqGaz Барлау мен өндіруде жұмыс қарқынды жүруі үшін ауқымды инвестиция қажет екені анық. Сала тиімді болмай, оларға ешкім инвестиция салмайды.
– Сондықтан біз жер қойнауын пайдаланушылардан «Барлау мен өндіруге инвестиция салу үшін газдың бағасы қандай болғаны тиімді?» деп сұрағанбыз. Бұл газды сатып алудың жаңа формуласын айқындауға мүмкіндік берді. Осы формуланы енгізсек, басқа елдердегідей барлау және өндіру нары­ғында серпіліс болады. Маржа (пайда) болған жағдайда жер қойнауын пайда­ланушылар нарыққа өздері келіп, елге көбірек газ беруге мүдделі болады. Қа­зіргі уақытта Энергетика министрлігі мен QazaqGaz-дың бастамасымен жасалған жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алудың жаңа формуласы Пар­ламент қарауында жатыр», – деді Санжар Жаркешов.
QazaqGaz қазіргі сәтте жұмыс ау­қымының периметрін қалыптастыруды аяқтап қалды. Негізгі мақсат – қарапайым азаматтардың баға өсуінен зардап шек­пейтін және нарықтың дамуына түрткі болатын тепе-теңдікті табу. Мысалы, QazaqGaz тұтынушыларды тарату желі­сіне қосуға қатысуы керек пе? Яғни, «қақ­падан-конфоркаға дейін». Ең ба­сында Бәсекелестікті қорғау және реттеу агенттігі бұл мәселеде қарсылық таныт­қан еді. Бірақ газ саласының кәсіби мамандары жағдайды түсіндірді.
– Монополия жасап отырған жоқпыз, керісінше халық үшін бағаны төмендету жолында бәсекелестік құрып жатырмыз. Бәсекелестікті қорғау және реттеу агент­тігінің рұқсатымен Астана қаласы мен Қарағанды облысының нарықтарына кір­дік. Нәтижесінде, адамдарда бізге немесе жеке компанияға жүгіну таңдауы пайда болды. Баға біртіндеп төмендей бастады. Бұл мәселеде біз халықты қор­ғауымыз керек, – дейді ұлттық компания басшысы.
Тағы бір мәселе: QazaqGaz газ химия­сымен айналысуы керек пе? Мұнда на­рық мүлдем дамымаған, ол жаңа газ-хи­мия кешенінің арқасында енді ғана басталды. Егер сәтті жүзеге асса, бұл шикізаттан қайта өңдеу экономикасына көшудің тамаша мысалы болар еді. Ұлттық компания қолға алып жатқан тағы бір жоба – қоғамдық көлікті газ­дандыру. Мысалы, Алматы автобустарын сығымдалған табиғи газға (метанға) ауыс­тыру. Алматыда қала әкімдігінің қол­дауымен газбен жүретін 800 автобус пайда болды. Келесі жылы әкімдік авто­бустар санын 1 200-ге жеткізуді жос­пар­лап отыр. QazaqGaz оларға арналған қо­сымша екі жанармай құю бекетін сал­мақ. Нәтижесінде, бұл қала экологиясын жақсартуға қосқан үлкен үлес болмақ. Экологиядан бөлек, ұлттық компания кадр мәселесін де қолға алып отыр. Биыл «Интергаз Орталық Азия» инженерлік орталығы мен өңірлердегі оқу комби­наттарының негізінде «QazaqGaz ҒТО» құрылды. Оның басты мақсаты – өнді­рістік міндеттерді шешу үшін жаңа тех­нологияларды импорттау және енгізу. Екінші бағыты – кадрларды кәсіби да­мыту бағдарламасы. Үшінші бағыт – қа­зақстандық ғылымды коммерцияландыру және газ өнеркәсібіне соңғы ғылыми әзірлемелерді енгізу. Бұдан басқа, QazaqGaz газ саласының мамандарын даярлау үшін студенттік стипендияларды таға­йындау мәселесін де пысықтауда. Мәсе­лен, QazaqGaz-дың қолдауымен Satbayev University және ҚБТУ-да газ өнеркәсібі үшін мамандар даярланатын болады. Ұлттық компания үшін 2022 жыл ауыр жыл болды. Десе де, QazaqGaz, «Са­­мұрық-Қазына», Энергетика ми­нистрлігі және Үкіметтің бірлескен күш-жігерінің арқасында саланы тұ­рақтандыру үшін айтарлықтай серпінді қадам жасалды. Келесі жыл да оңай болмайды деп бол­жануда, осыған бай­ланысты ұлттық ком­пания дағдарысқа қарсы шаралар ке­шенін пысықтап жа­тыр. «Қыстың қамын жаз ойла» де­ген­дей, дайындық жұмыс­тары ертерек қолға алынып отыр.