РФ президенті Владимир Путин достас шетелдік мемлекеттердің басшылары мен үкіметтерінің басшыларына, соның ішінде алғашқылардың бірі болып Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да құттықтау жолдады.
Құттықтау жеделхатында Ресей мемлекетінің басшысы өткен жылы Ресей-Қазақстан қатынастары стратегиялық әріптестік, одақтастық және тату көршілік қағидаттарының мығым негізінде әрмен қарай да қарқынды дамуын жалғастырғанын атап өтті: екіжақты сауда-саттық көлемі жақсы көрсеткіштерге ие болды, өнеркәсіптік, энергетикалық және басқа да салалардағы ірі бірлескен жобалар табысты іске асырылды.
Владимир Путин көп жоспары бар Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын бірлескен күш-жігердің арқасында одан әрі арттыруды қамтамасыз етуге, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ТМД және ШЫҰ шеңберіндегі үйлестірілген жұмысты жалғастыруға қол жеткізетіндіктеріне сенім білдірді. Ресей президенті мұның барлығы бауырлас халықтардың мүддесіне сай келетініне, Орталық Азиядағы, Каспий өңіріндегі, жалпы еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту бағытында жүргізіліп жатқан стратегиялық шаралар екендігіне сенімді.
Сондай-ақ Владимир Путин Абхазия, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Оңтүстік Осетия, Боливия, Бразилия, Венгрия, Венесуэла, Вьетнам, Үндістан, Қытай, Куба, Никарагуа, Сербия, Сирия және Түркия мемлекеті басшыларын да құттықтады.
Одан бөлек, Владимир Путин шет мемлекеттер мен үкіметтердің бірқатар бұрынғы басшыларын, атап айтқанда Сильвио Берлускониді, Роберт Кочарянды, Нұрсұлтан Назарбаевты, Серж Саргсянды, Герхард Шредерді Рождество және келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.