«Есік ашылған сайын маңдайы жарқырап Дархан кіріп келе ме деп елеңдейміз. Кішкентай қыздарым да «әкеміз қайда, қашан келеді?» деп сұрайды. Шамам жеткенше түсіндіруге тырысамын. Әлі кішкентай ғой. Уақыт өте келе бәрін ұғар. Уақыт емші дейді. Бірақ бақытты күндерімізді еске түсіргенде қиналып қаламыз», – дейді ол.Дархан Барғанаев 2008-2010 жылдары Өскемен қаласында Отан алдындағы азаматтық борышын атқарып келгеннен кейінгі өмірін полициямен байланыстырыпты. 2011 жылы облыстық Полиция департаментіне жұмысқа кіреді. Содан бір орында он жылдай табан аудармай қызмет етіп, жауапты міндетін мінсіз атқарып, қызметтестерінің құрметіне бөленіп, басшылықтың сенімін иеленген. Соның нәтижесі болар, 2020 жылы Алматы облыстық Полиция департаментіне қарасты жедел қимылдайтын арнайы жасаққа ауысқан. Кез келген жағдайға байланысты бұйрық түссе, шұғыл әрекет ететін арнайы жасаққа жай адамды ала қоймайтынын, сынақтан өткен, өзінің отаншылдығын дәлелдеген, денсаулығы мықты, адамгершілігі жоғары, спорттық дайындығы күшті, әскери қаруларды жақсы меңгерген тәртіп сақшыларын іріктеп алатынын ескерсек, марқұм Дарханның осы талаптың барлығына сай болғанын білеміз.
«Біз екеуміз 2012 жылы Талдықорғандағы Жетісу университетінде оқып жүргенде таныстық. Өзім Абай облысының Үржар ауданында туғанмын. Білім қуып, Жетісудың бас шаһарын таңдадым. Тағдырым Дарханмен жолықтырды. Оның отбасы 2003 жылға дейін Алакөл ауданының орталығы Үшаралда тұрыпты. Сол жылы Талдықорғанға көшіп келген екен. 2016 жылы шаңырақ көтердік. Екі қызымыз бар. Жарымның қайтыс болғанына жыл болып қалса да, сене алар емеспін. Өткен шақты айта алмаймын. Отбасын қатты қадірлейтін. Үлкен кісілердің алдынан кесе-көлденең өтпейтін. Балалары дегенде шығарда жаны басқа еді! Міндетін орындауды бәрінен жоғары қоятын. Спортты серік етіп, күреспен шұғылданды. Біршама жетістікке жетті. Қызметтестері алдында абыройлы болды. Елдің тыныштығы үшін ештеңеден тайынбайтынын айтатын. Ақыры Отанының амандығы жолында жанын берді», – дейді Жансая Барғанаева.2021 жылдың 5 қаңтарында Дархан Талғарға іссапармен кетті. Жедел әрекет ететін арнайы жасақтағылар уақытпен санаспайтыны белгілі. Бұйрық түссе, күн-түн демей жөнеле береді. Ондайға оның отбасы да үйренген. Марқұмның жақындары дүрбелең басталғаннан-ақ көңілін алаңдаушылық жайлағанын айтады. Талдықорғаннан да тыныштық кетіп, қаңтардың 5-і күні арнайы жасақ облыс орталығына оралады. Дархан үйіне бармастан бірден орталық алаңдағы аласапыранға тосқауыл қоюға жұмылдырылған екен. Арасында уақыт тауып, киімдерін ауыстырып кеткені болмаса, жақындарымен дұрыстап тілдеспеген. Ажалын сезгендей 8-і күні кешкісін отбасына хабарласып, қысқа ғана сөйлесіпті.
«Жағдайдың тым ушығып тұрғанын айтып, халімізді сұрады. «Ешқайда шықпай, үйде отырыңдар деді. Ата-анасын, қыздарын маған қайта-қайта тапсырып, дұрыстап қарауымды өтінді. Жүрегі енді бізді көрмейтінін сездірді ме екен деп ойлаймын қазір. Содан соң хабар ала алмадық. Телефонды көтермеді. Ертеңінде қызметтестерінен қаза тапқанын естіп, сан соғып, аңырап қалдық. Қалалық Полиция басқармасын қорғау кезінде басына оқ тиген екен. Ауруханаға дереу жеткізіліп, шұғыл ота жасалғанымен, дәрігерлер Дарханды құтқарып қала алмады. Қазір азаматымның аманатын орындап, елмен бірге тірлік кешудеміз», – деп көзіне жас алды Жансая.Ердің өшпес ерлігі ұмытылмайтыны айдан анық. Дархан Барғанаевты ешкім елеусіз қалдырмасы хақ, Президенттің Жарлығымен «Айбын» орденімен марапатталып, наградасын марқұмның ата-анасына Ішкі істер министрі тапсырған. Десе де, жақынынан айырылған жандардың жарасы жеңіл жазылмасы түсінікті. Осындай ерлерді жұтып, баланы әкеден айырған қанды оқиғадан әркім сабақ алса керек.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы