Қазір ата-аналардың аузынан «балам әлі күнге сөйлей алмайды», «балам кеш сөйледі» деген әңгімелерді жиі естиміз. Шынында осы күні тілі шықпай қалған балаларын сүйрелеп, әр логопедтің есігін қағып жүргендердің қарасы көп. Cоңғы жылдары балалар ғана емес, ересектер арасында да кей әріптерге тілі келмейтіндер мен тұтығып сөйлейтіндер жетерлік. Оның себебі мен салдары туралы айтқан мамандар ебін тапса, кез келген адамды дұрыс сөйлетіп, тұтығудан арылту айтарлықтай қиындық туғыза қоймайтынын айтады. Қалай қозғалсаң, солай сөйлейсің
Қай заманда болсын әлемдегі өркениетті елдер өз әдебиеті мен мәдениетіне, ділі мен тіліне баса назар аударады. Десе де, мемлекетте болып жатқан тарихи оқиғалар мен күрделі өзгерістер, тың серпілістер мен жаңа бетбұрыстар адам санасына, қоғам өміріне әсер етпеуі мүмкін емес. Заман ырғағы өзгерді. Соған сәйкес адамдардың әрбір әрекеті асығыс іске асатын болды. Яғни, адам қалай қозғалса, солай сөйлейді. «Сөзіңді түзегің келсе, алдымен жүріс-тұрысыңды түзе» деп дана халқымыз да бекер айтпаса керек. Осылай деген сахна тілі және дыбыс маманы Мұрат Абзелбаевтың айтуынша, сөз өнеріне терең мән берген қазақ халқының байырғы сабырлы да салмақты сөзін естудің өзі арманға айналып бара жатқандай.
– Жеке әріптердегі кемшіліктерді айтпағанда, сөз саптауларының өзі ақылға сыймайды. «Менің баруым керек» деген сөздің орнына «мен баруым керекпін», «сенің айтуың керек» дегеннің орнына «сен айтуың керексің» деп ұрып жатады. Орфоэпия, қазақ тіліндегі үндестік заңы деген ұғымдар мүлдем ұмытылып барады. Кейбір сөздерді қалай жазылса, солай айтып отырғандарын естігенде ұяттан жерге кіріп кете жаздайсың. Мәселен, «ң» әрпі қазір қолданыстан шығып қалғандай әсер қалдырады. «Менім», «онын» деп сөйлеу қалыпты жағдайға айналды. Ал қазақ тілінің өзіне ғана тән әуенділігі мен әуезділігін естен шығаруға болмайды», – дейді ол. Сондықтан тілдегі кемшіліктерді заман ырғағына ғана итеріп қарап отыруға болмайды. Мұрат Абзелбаевтың айтуынша, оның басқа да түрлі себеп-салдары бар. Өйткені осы күні тілдегі кездесіп жататын кемшіліктердің бірі: дауыстың әлсіздігі, тұтығып сөйлеу, түсініксіз сөйлеу, «с-з», «р-ң» әріптерін дұрыс айта алмау. Дауыстың әлсіздігі тыныс бұлшық еттерінің шынықпауы, тынысты толық пайдаланбау мен дауысты дұрыс бағыштай алмаудан шығады. Бірақ бұл кемшіліктерді арнайы тыныс және дауыс жаттығулары арқылы түзетуге болады. Ал тұтығып сөйлеуді дауыс маманы негізінен ой-қиялы жылдамдап, сөйлеген сөзі оған ілесе алмаудың салдарымен түсіндіреді. Оны белгілі бір әдеби шығармадан үзінді алып, мәтінмен жұмыс істеу барысында көкірек көзімен көру процесін баяулата отырып, көрген дүниесі мен сөйлеген сөзін сәйкестендіру арқылы қалыпқа келтіруге болады екен. Мысалы, асығыс, түсініксіз сөйлеуден арылу үшін өте баяу, баяу, орташа, жылдам, өте жылдам деп аталатын 5 түрлі жылдамдықты арнайы кешенді жаттығу арқылы түзелуі мүмкін. Ал жекеленген әріптердің дұрыс айтылмауы негізінен органикалық және функционалдық деп екіге бөліп қарастырылады.
Оның ішінде органикалық кемшілікке жататын бірнеше себеп бар. Тіл кемістіктері – тілдің шамадан тыс үлкен, икемсіз немесе өте жіңішке, кішкентай болмаса тіл астындағы шеміршектің қысқа болуы. Жақ пен тіс кемістіктері – жақ қарысқан кезде күрек тістер арақашықтығының үлкен болуы, үстіңгі немесе астыңғы жақтың алға қарай шамадан тыс шығыңқылығы, тістердің өте сирек орналасуы. Үшіншісі – таңдайдың дұрыс қалыптаспауы. Төртіншісі – ерін кемістіктері – еріннің өте қалың болуы, астыңғы еріннің салбырауы, үстіңгі еріннің өте қысқалығы секілді сөйлеу мүшелерінің кемістіктері салдарынан болатын тілдегі органикалық кемшіліктерді түзетуге болады деп кесіп айту қиын. Бірақ арнайы жаттығулар арқылы олардың жұмысын жақсартуға болады екен.
«Функционалдық кемшіліктерге артикуляцияның болбыр болуы, яғни тіл, ерін, астыңғы жақ қозғалысының өз дәрежесінде болмауы жатады. Екіншісі – әріптердің дұрыс айтылмауы, яғни сөздегі с, з, р, ң секілді басқа да дыбыстардың анық естілмеуі кіреді. Үшіншіден, әріптердің түсіп қалуы, яғни сөздің басындағы, ортасындағы, соңындағы дыбыстардың айтылмауы. Төртіншіден, бір дыбыстың орнына басқа дыбыстың айтылуы. Мысалы, «шық» дегеннің орнына «чық», «жусанның» орнына «зусан» деп айту. Бесінші, тыныс әлсіздігінен сөйлем соңындағы сөздің естілмей қалуы т.б. Мұндай функционалдық кемшіліктерді дыбыс маманы арнайы жаттығулар арқылы түзетуге болады деп отыр. «Айталық, «р» әрпін айта алмауының себебін анықтау керек. Егер бұл кемістік органикалық кемшіліктен болса түзету қиын, ал функционалдық кемшілік болса, оңай түзетіледі. Көптеген маман «р» әрпін айта алмаудың себебін дұрыс анықтамай жатып тіл жаттығуларын жасата береді. Шындығында, бұл тіл ұшын дірілдете алмай тұрған демнің әлсіздігінен», – дейді Мұрат Абзелбаев.
Дауыстанбұрынмінез қалыптасуыкерек
Дауыс диагностикасы тестін жасайтын Sayright мобильді қосымша авторы әрі дыбыс қою маманы Балнұр Омардың алдына әртүрлі саланың өкілдері келеді екен. «Олардың арасында мықты кәсіпкерлер де, психологияны тауысқан, өзі коуч болып жұмыс істеп жүрген адамдар да бар. Барлығының бойында ішкі қақтығыс жатады. Өзіне және өзгеге көңілі толмайды. Біздің міндетке осы мәселелердің шешімін тереңнен тауып, дыбыстың дұрыс шығуына көмектесу кіреді. Логопедтен айырмашылығы сол, олар көбіне балалармен жұмыс істейді. Балалардың анатомиясы мүлде басқаша. Оларда «жыныстық жетілу» деген нәрсе болады. Одан бөлек, ұл мен қыздың таным-түсінігі деген нәрсе бар. Ал мен бірінші мүшел жастан асқандарды қараймын. Яғни, адамның өзіндік мені қалыптасқан жатқан кезде дыбыстағы кемшіліктерді түзету кіреді. Бұл жастағыларға дауыстан бұрын мінез қалыптастыруды үйрету керек. Өйткені адамның өзіндік мені қалыптасқан кезде ғана сөзі де сенімді, өмірге деген көзқарасы да қалыптасады», – дейді маман.
Тілкемістігінкезкелген жастаемдеугеболады
Сонымен бірге дыбыс маманы «цифрлық аутизм» деген терминнің біртіндеп еніп кеткенін айтады. Ол не? Бұл ойша сөйлейтін адамдар. Сөйлемеймін деп ойламайды, тек айтқысы келгенін адамға қарап тұрып, ойша айтады. Өзі үшін сөйлеп тұрған секілді. Бірақ тілдеріне салып дауыс шығармайды. Көбіне бұл балалар шыңғыра береді болмаса сөздің бастапқы әрпін ғана айтады екен. «Қазір үш баланың екеуінде осындай мәселе бар. Өйткені қазіргі балаларды теледидардың алдына қадап қойдық. Өзіміз телефонда жатамыз. Баланы емізіп жатып та телефонға телміреміз, тірлігімізді бітіру үшін де баланың өзін телефонға телміртіп қоямыз. Тек 2-3 жасқа келгенде ой-қабілетін арттыруға арналған ойыншықтарды сатып алып береміз. Ол кезде кеш. Мысалы, нәресте кезінде баланың миында ақпаратты қабылдауға арналған 4 000-5 000-ға дейін нейрон талшықтары болады екен. Үш жасқа дейін талшықтың саны 1 000-ға жетпей қалады. Сонда бала 5 000-ға жуық нейрон талшығын қажет кезде дұрыс пайдаланбайды деген сөз. Нейрондар дұрыс бағытқа жұмсалмағандықтан, өліп қалады. Сол үшін қазіргі балалар кеш жүреді, кеш сөйлейді, кеш отырады, кеш қабылдайды. Кеш сөйлеудің себебі де дұрыс ұғымның қалыптаспауынан басталады», – дейді дыбыс маманы.
Бұдан бөлек, ол ересектер арасындағы кейбір әріптерге тілі келмеудің себебін бала кездегі еркелету формаларынан іздеуге кеңес береді. Мысалы, «әтәтә» деп еркелету тілді екі тістің ортасына салып сөйлеуге бейімдейді. Осы арқылы баланың миы «р» дыбысын айтпау керек деп қабылдайды. Бұл «р» дыбысының айтылуы керек орнын білмеуге алып келеді. «Тілінің ұшын таңдайға тіреп қояды. Сөйтіп, деммен діріл бере алмайды. Кеудеден шығатын демнің «р» дыбысын айтуға күші жетпейді. Бірде алдыма келген балаға сегіз минутта «р» дыбысын қойдым. Сонда жеңгесі «Тұқымымен р-ға тілі келмейді, қалай қойдыңыз?» деп таңғалды. Сөйтсе, үлкен атасы «р» дей алмаған, содан құлақтары үйреніп кеткен ғой. Тіл кемістігін кез келген жаста да емдеуге болады. «ң» дабысын «н» деп айтатындарға да арнайы жаттығу бар. Тілдің артқы жағын жұмсақ көмейге көтеріп дыбысты екеуінің ортасынан шығарудың орнына ондай адамдар артқы жақты түсіріп, тілдің ұшын таңдайдың ұшына тигізіп тірейді. Тілдің ортасын көтеріп айтады. Сол үшін «ң» «н» дыбысына айналады. Қасықпен тілдің ортасын басып тұрып артқы жақтан «ң»-ды шығарып айтып үйрену керек. Кейде «ң» дабысын айтқызу үшін үлкен кісілердің өзіне көлік ойнатамын», – дейді Балнұр Омар.
Кеш сөйлейтін балалардың да артуына себеп жетерлік. Бала құрсақта жатқанда анасының күйзелісте жүруі не болмаса үйде қазақша, сыртта орысша, телефоннан ағылшынша ақпарат алатын балалардың көбінде тіл кемістігі бар. «Бұл ғана емес, көп ата-ана балаларына шайнап жеуді үйретпейді. Алғашқы тамағын езіп береді. Ол дұрыс емес. Бала шайнап үйрену керек. Ата-ана мен бала арасындағы эмоционалды қарым-қатынас аз. Оның соңы қазір балалардың тілі ғана емес, ой мен қиялдау қабілетінің де төмендеуіне алып келеді, – деген он жылдық жұмыс өтілі бар логопед-дефектолог Майра Болатбекқызы сөйлеу – адам ойының құралы екенін айтады. Сондықтан тіл кемістігін болдырмаудың жолы баланың ойы дұрыс қалыптасуға жұмыс істеу болса керек. Ойы дамыған, жүріс-тұрысы түзелген баланың да сөзі мінсіз, айтары нық болары анық болмақ.