Сөз – адам ойының құралы
Сөз – адам ойының құралы
634
оқылды
Қазір ата-аналардың аузынан «балам әлі күнге сөйлей алмайды», «балам кеш сөйледі» деген әңгімелерді жиі естиміз. Шынында осы күні тілі шықпай қалған балаларын сүйрелеп, әр логопедтің есігін қағып жүргендердің қарасы көп. Cоңғы жылдары балалар ғана емес, ересектер арасында да кей әріптерге тілі келмейтіндер мен тұтығып сөйлейтіндер жетерлік. Оның себебі мен салдары туралы айтқан мамандар ебін тапса, кез келген адамды дұрыс сөйлетіп, тұтығудан арылту айтарлықтай қиындық туғыза қоймайтынын айтады. Қалай қозғалсаң, солай сөйлейсің Қай заманда болсын әлемдегі өрке­ниетті елдер өз әдебиеті мен мәдениетіне, ділі мен тіліне баса назар аударады. Десе де, мемлекетте болып жатқан тарихи оқи­ғалар мен күрделі өзгерістер, тың серпіліс­тер мен жаңа бетбұрыстар адам санасына, қоғам өміріне әсер етпеуі мүмкін емес. Заман ырғағы өзгерді. Соған сәйкес адам­дардың әрбір әрекеті асығыс іске асатын болды. Яғни, адам қалай қозғалса, солай сөйлейді. «Сөзіңді түзегің келсе, алдымен жүріс-тұрысыңды түзе» деп дана халқымыз да бекер айтпаса керек. Осылай деген сах­на тілі және дыбыс маманы Мұрат Абзел­баевтың айтуынша, сөз өнеріне терең мән берген қазақ халқының байырғы сабырлы да салмақты сөзін естудің өзі арманға айналып бара жатқандай. – Жеке әріптердегі кемшіліктерді айтпағанда, сөз саптауларының өзі ақылға сыймайды. «Менің баруым керек» деген сөздің орнына «мен баруым керекпін», «сенің айтуың керек» дегеннің орнына «сен айтуың керексің» деп ұрып жатады. Орфоэпия, қазақ тіліндегі үндестік заңы деген ұғымдар мүлдем ұмытылып барады. Кейбір сөздерді қалай жазылса, солай ай­тып отырғандарын естігенде ұяттан жерге кіріп кете жаздайсың. Мәселен, «ң» әрпі қазір қолданыстан шығып қалғандай әсер қалдырады. «Менім», «онын» деп сөйлеу қалыпты жағдайға айналды. Ал қазақ тілінің өзіне ғана тән әуенділігі мен әуез­ділігін естен шығаруға болмайды», – дейді ол. Сондықтан тілдегі кемшіліктерді заман ырғағына ғана итеріп қарап отыруға бол­май­ды. Мұрат Абзелбаевтың айтуынша, оның басқа да түрлі себеп-салдары бар. Өйткені осы күні тілдегі кездесіп жататын кемшілік­тердің бірі: дауыстың әлсіздігі, тұтығып сөйлеу, түсініксіз сөйлеу, «с-з», «р-ң» әріптерін дұрыс айта алмау. Дауыстың әлсіздігі тыныс бұлшық еттерінің шынықпауы, тынысты толық пайдаланбау мен дауысты дұрыс бағыштай алмаудан шығады. Бірақ бұл кемшіліктерді арнайы тыныс және дауыс жаттығулары арқылы түзетуге болады. Ал тұтығып сөйлеуді да­уыс маманы негізінен ой-қиялы жылдам­дап, сөйлеген сөзі оған ілесе алмаудың салдарымен түсіндіреді. Оны белгілі бір әдеби шығармадан үзінді алып, мәтінмен жұмыс істеу барысында көкірек көзімен көру процесін баяулата отырып, көрген дүниесі мен сөйлеген сөзін сәйкестендіру арқылы қалыпқа келтіруге болады екен. Мысалы, асығыс, түсініксіз сөйлеуден арылу үшін өте баяу, баяу, орташа, жылдам, өте жылдам деп аталатын 5 түрлі жылдам­дықты арнайы кешенді жаттығу арқылы түзелуі мүмкін. Ал жекеленген әріптердің дұрыс айтылмауы негізінен органикалық және функционал­дық деп екіге бөліп қарас­тырылады. Оның ішінде органикалық кемшілікке жататын бірнеше себеп бар. Тіл кемістік­тері – тілдің шамадан тыс үлкен, икемсіз немесе өте жіңішке, кішкентай болмаса тіл астындағы шеміршектің қысқа болуы. Жақ пен тіс кемістіктері – жақ қарысқан кезде күрек тістер арақашықтығының үл­кен болуы, үстіңгі немесе астыңғы жақтың алға қарай шамадан тыс шығыңқылығы, тістердің өте сирек орналасуы. Үшіншісі – таңдайдың дұрыс қалыптаспауы. Төртін­шісі – ерін кемістіктері – еріннің өте қалың болуы, астыңғы еріннің салбырауы, үстіңгі еріннің өте қысқалығы секілді сөй­леу мүшелерінің кемістіктері салдарынан болатын тілдегі органикалық кемшіліктерді түзетуге болады деп кесіп айту қиын. Бірақ арнайы жаттығулар арқылы олардың жұмысын жақсартуға болады екен.
«Функционалдық кемшіліктерге артикуляцияның болбыр болуы, яғни тіл, ерін, астыңғы жақ қозғалысының өз дәрежесінде болмауы жатады. Екіншісі – әріптердің дұрыс айтылмауы, яғни сөздегі с, з, р, ң секілді басқа да дыбыстардың анық естілмеуі кіреді. Үшіншіден, әріп­тердің түсіп қалуы, яғни сөздің басындағы, ортасындағы, соңындағы дыбыстардың айтылмауы. Төртіншіден, бір дыбыстың орнына басқа дыбыстың айтылуы. Мы­са­лы, «шық» дегеннің орнына «чық», «жу­сан­ның» орнына «зусан» деп айту. Бесінші, тыныс әлсіздігінен сөйлем соңындағы сөздің естілмей қалуы т.б. Мұндай функ­цио­нал­дық кемшіліктерді дыбыс маманы арнайы жаттығулар арқылы түзетуге болады деп отыр. «Айталық, «р» әрпін айта алмауының себебін анықтау керек. Егер бұл кемістік органикалық кемшіліктен болса түзету қиын, ал функционалдық кемшілік болса, оңай түзетіледі. Көптеген маман «р» әрпін айта алмаудың себебін дұрыс анықтамай жатып тіл жаттығуларын жасата береді. Шындығында, бұл тіл ұшын дірілдете алмай тұрған демнің әлсіздігінен», – дейді Мұрат Абзелбаев.
Дауыстан бұрын мінез қалыптасуы керек
Дауыс диагностикасы тестін жасайтын Sayright мобильді қосымша авторы әрі дыбыс қою маманы Балнұр Омардың алдына әртүрлі саланың өкілдері келеді екен. «Олардың арасында мықты кәсіп­кер­лер де, психологияны тауысқан, өзі коуч болып жұмыс істеп жүрген адамдар да бар. Барлығының бойында ішкі қақты­ғыс жатады. Өзіне және өзгеге көңілі тол­май­ды. Біздің міндетке осы мәселелердің шешімін тереңнен тауып, дыбыстың дұрыс шығуына көмектесу кіреді. Логопедтен айырмашылығы сол, олар көбіне бала­лар­мен жұмыс істейді. Балалардың анатомия­сы мүлде басқаша. Оларда «жыныстық жетілу» деген нәрсе болады. Одан бөлек, ұл мен қыздың таным-түсінігі деген нәрсе бар. Ал мен бірінші мүшел жастан асқандарды қараймын. Яғни, адамның өзіндік мені қалыптасқан жатқан кезде дыбыстағы кемшіліктерді түзету кіреді. Бұл жастағыларға дауыстан бұрын мінез қалыптастыруды үйрету керек. Өйткені адамның өзіндік мені қалыптасқан кезде ғана сөзі де сенімді, өмірге деген көзқарасы да қалыптасады», – дейді маман.
Тіл кемістігін кез келген жаста емдеуге болады
Сонымен бірге дыбыс маманы «цифр­лық аутизм» деген терминнің біртіндеп еніп кеткенін айтады. Ол не? Бұл ойша сөй­лейтін адамдар. Сөйлемеймін деп ойламайды, тек айтқысы келгенін адамға қарап тұрып, ойша айтады. Өзі үшін сөйлеп тұрған секілді. Бірақ тілдеріне салып дауыс шығармайды. Көбіне бұл балалар шыңғыра береді болмаса сөздің бастапқы әрпін ғана айтады екен. «Қазір үш баланың екеуінде осындай мәселе бар. Өйткені қазіргі балаларды теледидардың алдына қадап қойдық. Өзіміз телефонда жатамыз. Баланы емізіп жатып та теле­фонға телміреміз, тірлігімізді бітіру үшін де баланың өзін телефонға телміртіп қоя­мыз. Тек 2-3 жасқа келгенде ой-қабілетін арттыруға арналған ойыншықтарды сатып алып береміз. Ол кезде кеш. Мысалы, нәресте кезінде баланың миында ақ­паратты қабылдауға арналған 4 000-5 000-ға дейін нейрон талшықтары болады екен. Үш жасқа дейін талшықтың саны 1 000-ға жетпей қалады. Сонда бала 5 000-ға жуық нейрон талшығын қажет кезде дұрыс пайдаланбайды деген сөз. Нейрондар дұрыс бағытқа жұмсалмағандықтан, өліп қала­ды. Сол үшін қазіргі балалар кеш жүреді, кеш сөйлейді, кеш отырады, кеш қабылдайды. Кеш сөйлеудің себебі де дұрыс ұғымның қалыптаспауынан баста­лады», – дейді дыбыс маманы. Бұдан бөлек, ол ересектер арасындағы кейбір әріптерге тілі келмеудің себебін бала кездегі еркелету формаларынан іздеуге кеңес береді. Мысалы, «әтәтә» деп еркелету тілді екі тістің ортасына салып сөйлеуге бейімдейді. Осы арқылы баланың миы «р» дыбысын айтпау керек деп қабылдайды. Бұл «р» дыбысының айтылуы керек орнын білмеуге алып келеді. «Тілінің ұшын таңдайға тіреп қояды. Сөйтіп, деммен діріл бере алмайды. Кеудеден шығатын демнің «р» дыбысын айтуға күші жетпейді. Бірде алдыма келген балаға сегіз минутта «р» дыбысын қойдым. Сонда жеңгесі «Тұқымымен р-ға тілі келмейді, қалай қойдыңыз?» деп таңғалды. Сөйтсе, үлкен атасы «р» дей алмаған, содан құлақ­тары үйреніп кеткен ғой. Тіл кемістігін кез келген жаста да емдеуге болады. «ң» дабысын «н» деп айтатындарға да арнайы жаттығу бар. Тілдің артқы жағын жұмсақ көмейге көтеріп дыбысты екеуінің орта­сынан шығарудың орнына ондай адамдар артқы жақты түсіріп, тілдің ұшын таңдай­дың ұшына тигізіп тірейді. Тілдің ортасын көтеріп айтады. Сол үшін «ң» «н» дыбы­сына айналады. Қасықпен тілдің ортасын басып тұрып артқы жақтан «ң»-ды шы­ға­рып айтып үйрену керек. Кейде «ң» дабы­сын айтқызу үшін үлкен кісілердің өзіне көлік ойнатамын», – дейді Балнұр Омар.
Кеш сөйлейтін балалардың да артуына себеп жетерлік. Бала құрсақта жатқанда анасының күйзелісте жүруі не болмаса үйде қазақша, сыртта орысша, телефоннан ағылшынша ақпарат алатын балалардың көбінде тіл кемістігі бар. «Бұл ғана емес, көп ата-ана балаларына шайнап жеуді үйретпейді. Алғашқы тамағын езіп береді. Ол дұрыс емес. Бала шайнап үйрену керек. Ата-ана мен бала арасындағы эмоционалды қарым-қатынас аз. Оның соңы қазір балалардың тілі ғана емес, ой мен қиялдау қабілетінің де төмендеуіне алып келеді, – деген он жылдық жұмыс өтілі бар логопед-дефектолог Майра Болатбекқызы сөйлеу – адам ойының құралы екенін айтады. Сондықтан тіл кемістігін болдырмаудың жолы баланың ойы дұрыс қалыптасуға жұмыс істеу болса керек. Ойы дамыған, жүріс-тұрысы түзелген баланың да сөзі мінсіз, айтары нық болары анық болмақ.