Әуезов – зор суреткер. Мұхаңның мұрасы қанша жыл, ғасырлар, дәуірлер өтсе де бояуын да, құнарын да, құндылығын да еш жоймақ емес һәм ол мүмкін де емес. Қайта уақыт өткен сайын оның қадірі арта түспек, асқақтай түспек. Төтелей айтқанда, космостық тұлға ғой, Мұхаң. Биіктігінен болар, мұраларын мәңгілік қорек қылдық. Тоймайсың, түбіне сүңги бергің келеді, қазыналарын қаза түсіп, тапқан олжаны талғажау еткеннен артық бақ, бақыт бар ма, қазаққа?
Былтыр Мұхаңның 125 жылдық мерейтойы атап өтілді. Бұл тойға шырайлы Шымшаһардағы ұлы жазушының есімін иемденген М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті де үлес қосты. Шымкенттегі қара шаңырақтың Мұхаңның есімін алып отыруы тектен-тек емес. Мұхаңның табаны Оңтүстіктің топырағына 5 рет тиген.
Өткен жылы заңғар жазушының 125 жылдығына орай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 50 студенті маусым айында Абай облысына ерекше ғылыми-танымдық сапар ұйымдастырды. Жүріп өткен бағыттарымыз:«Шымкент – Тараз – Балқаш – Қарағанды – Қарқаралы – Семей – Абай ауданы – Аягөз – Талдықорған – Қонаев – Алматы – Шымкент» аралықтары. Құнанбайдан Қонаевқа дейінгі аралық. Бұл идеяның авторы ҰҒА академигі, М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры, руханият жанашыры – Дария Қожамжарова болатын. Сонымен қатар осы жобаның жүзеге асуына мұрындық болып, экспедиция картасын әзірлеген Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ербол Сармурзинның де еңбегі ерен. Оған қоса, студенттерге мағлұмат берген, абайтану және мұхтартану салаларының майталманы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының шәкірті, ғалым Ақжол Қалшабектің жөні бөлек, жосығы ерек.
Баc-аяғы 50 студент 9 күннің ішінде 5 облыс, 10 елді мекен, 30-дан астам тарихи-мәдени нысанды аралап, 4 000-нан астам шақырым жерді еңсерді.
Алғашқы күні жоспар бойынша Шымкент қаласынан 173 шақырым жердегі «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының тарихи нысандарын, солардың ішінде «Қарахан кесенесі»,«Айша бибі» кесенесі, Шаһристан аумағындағы «Көне Тараз» археологиялық паркі мен бірге М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде болдық.
Ертесіне таңнан Тараздан 683 шақырым жердегі Балқаш қаласына аттандық. Балқаш – еліміздің оңтүстік шығысындағы тұйық көл. Теңіз деңгейінен биіктігі – 340 метр Балқаштағы әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тараз – Балқаш сапарын еңсеріп, 397 шақырым жолды алып жатқан қара алтынның ордасы Қарағандыны бетке алдық. Қарағанды шағын қала болғанымен, жанға тыныш, адамның ойлау жүйесіне қолайлы екен. Қара алтынды өлкенің қара шаңырағы академик Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде болып, жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігімен таныстық. Біздің экспедиция мүшелерін осынау оқу орнының Әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры М.Сыздықов қарсы алды.
Әрмен қарай Қарағандыдан 43 шақырым жердегі КарЛАГ Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейіне ат басын тіредік. Тарих пен ғылыми құжаттардағы неше түрлі оқиға, айыптаулар мен азаптауларды һәм кітап беттеріндегі ақпарларды өз көзіңмен көріп, оны тұла бойыңмен сезіну қаншалықты ауыр десеңізші. Камералардағы темір төсек пен тас еден, тергеу бөлмелеріндегі қанды қабырғалардың іздері әлі де менмұндалап, қасіреттің мұңын шертіп тұр. Бұдан бөлек, КарЛАГ-тан 1 сағаттық жердегі «Шахта музейінде» болдық. 15 метр тереңдіктегі жерастында орналасқан көмір шахтасының музейіне түсіп, басымызға каска киіп, бір сәт шахтердің кейпіне ендік, жерастында ауа температурасы -5, -6 градустан төмен. Шахтерлердің өмірі шынында да оңай емес, темірдей төзімділік пен берік шыдамдылықты қажет ететін сала.
Қара алтынды өлкедегі сапарымызды осылайша аяқтап, Құнанбай қажы «аға сұлтан» болған һәм мешіт салған Қарағандыдан 257 шақырым жердегі «Арқаның алтын тәжі атанған» Қарқаралыны бетке алдық. Әуелгі тоқтаған жеріміз Қарқаралыдағы «Қарқабат» ана кесенесі болды. Мұнда бізді Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары С.Әлиұлы күтіп алды. Қарқаралы топырағы – Әл-Фарабиді төрткүл дүниеге танытқан Ақжан әл-Машани, Тәттімбеттей күйші, Мәди Бәпиұлы сынды әнші-композитор, атақты математик Әлімхан Ермеков, Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нұркен Әбдіров, ақын Қасым Аманжолов, Тоқтар Әубәкіров сияқты тарландарды тудырған қасиетті өлке. Осы күні Қарқаралыдағы мектеп интернатының жатақханасына түнеп, еліміздегі ең ірі тарихи-мәдени орын саналатын «Құнанбай қажы» мешітіне жол тарттық.
Құнанбай қажы 1849-1852 жылдары Қарқаралыда аға сұлтандық қызметте жүргенде шекара басқармасына хат жазады. Бұл туралы Бейбіт Сапаралы «Құнанбай қажы» кітабында: «1848 жылғы 16 наурызда Шекара басқармасының құрылыс бөліміне Қарқаралы дуанының кеңесшісі атынан төмендегідей мазмұнда хабарлама жолданады. Онда: «Осы округтің аға сұлтаны, майор Тәукин мен Кішік-Тобықты болысының болыснайы, хорунжий Өскенбаев өздерінің 17 ақпандағы хабарламасында Қарқаралы селосында мешіт салу жайындағы талабымызды Жоғарғы мәртебелі ұлықтар қолдап және құрылысты бастамақ ниетіміз бар еді. Бірақ Қарқаралыда мұндай құрылысқа пайдалануға жарайтын бос, ерікті адамдар болмай отыр. Сол себептен Қарқаралыдағы ротаның солдаттарын мешіт салу ісіне пайдалануға болмас па екен? Оларға тиесілі заңды еңбек ақыларын төлер едік немесе қандай да болмасын жағдайларын туғызар едік, – деген. Осы жөнінде айтылғандарды Сіздің мәртебеңізге хабарлап отырмын. Қарқаралы дуанының приказ кеңесшісі» (қол қойған), – деп жазылған. Міне, тап осы кезеңнен кейінгі архив істерінде Құнанбай мырза есімі өзге болыснайларға қарағанда ерекше аталып, мешіт салу жұмысына байланысты жиі-жиі көзге көріне бастайды», – (Б.Сапаралы. «Құнанбай қажы» 1995 ж, 216-бет.)деп атап көрсетеді. Соның негізінде мешіттің құрылысы 1850 жылы 7 қаңтарда басталып, 1851 жылы 18 қыркүйекте аяқталады. Нысанның ені – 15 метр, ұзындығы – 11, ал биіктігі – 6 метр. Мұнда бір уақытта 300-ден астам адам намаз оқи алады екен. Мешітке 1990 жылы арнайы жөндеу жұмыстары басталып, 1991 жылы нысан толыққанды реставрациядан өтеді. Қарқаралы өңірі тұрғындарының сөзіне сүйенсек, мешіт ғимаратына реставрация жұмыстары қазақтың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ықпалымен жасалған деседі. Құнанбай мен Қонаевтардың осындай қайталанбас ерен еңбектері баршамызға үлгі болса керек-ті.
Қарқаралыдағы сапарымыз мұнан әрмен Қарағанды облысы Қарқаралы қаласының оңтүстік-батысында 5 шақырым жерде, Бұғылы тауының теңіз деңгейінен 1 200 метр биіктігінде орналасқан – Шайтанкөлде жалғасты. Шайтанкөлге дейін 4,5 шақырым биіктікті жаяу бағындырдық. Шайтанкөл – тарихи һәм әдеби мекен. Шабытыңа қамшы басып, дертіңе шипа болатын Шайтанкөлдің шексіз жақсылығын Сәбит, Сырбай мен Қадырлар жырға қосты. Олардың жырларында тау басындағы «Шайтанкөлді» аспаннан ағып түскен Құдайдың сыйы деп бағамдаған тұстары да бар.
Ендігі түзеген бағытымыз – Қарқаралыдан 460 шақырым жердегі Абайдың елі. Абай басқан топырақ; Жидебай, Қарауыл, Ақшоқы, Бөріліге жол тарттық. Сол күні түнде Шәкәрім атындағы ШҚУ-дың жатақханасына түнеп, таңертең Семейден 180 шақырымдай шалғайда орналасқан Жидебайға тарттық. Жолда «Еңлік-Кебек» мазарына аялдап, Құран оқыдық.
Жер кіндігі саналатын Жидейбайдағы әсерді ауызбен айтып, сөзбен жазып жеткізу мүмкін емес. Абайдың, Шәкәрімнің, қос ана: Зере мен Ұлжанның, Ғабидханның басына Құран бағыштап, дұға жасадық. Жидебайдағы Абайдың үйіндегі заттарға қарап, өркениеттің, медицинаның көкесі қазақтың топырағында болған екен-ау деген ойға келдім. Бел ауыртпайтын бөстек, қара суға дейін автоматты түрде зарарсыздандыратын ыдыстың барлығын да осы үйден табасыз. Жидебайдан Бөріліге кері оралдық. Бөрілі мен Семейдің арасы 80 шақырым деседі. Бөрілі – Мұхтардың туып, балалық шағы өткен жері. Туған жері туралы Мұхаң естелігінде: «...Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деген екен, жарықтық! Мұнда Мұхаңның анасы – Нұржамал, әкесі Омархан жерленген. Бөрілідегі үй бүгінде мемлекеттік музейге айналған. Музейді көнекөз қария, белгілі абайтанушы Бекен Исабаев ақсақалдың перзенті Шағжан Исабаев ағамыз басқарады. Бөрілідегі музейдің қия-қалтарысымен толық таныстырған һәм сол мекемеге 36 жылын арнаған Гүлзат апайға шексіз алғыс.
Семей қаласындағы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне барып, Абайдың мұраларын, медреседе оқыған кітаптарын тұтынған заттарын, тағы басқасын түгел араладық. Бұл музейге бүгінде Тұрдығұл Шаңбай ағамыз басшылық етеді. Музейден соң реставрациядан өткен Ахмет Риза медресесінде болдық. Медресенің есігі сол күйі сақталған екен. Қорық музейдегі құндылықтарды жазып та, санап түге алмайсың. Осындай зор шабытпен Семейден 342 шақырым жолды басып өтіп Аягөзге аялдап, кейіннен 512 шақырым жолды бағындырып Талдықорған қаласына жеттік. Талдықорғанда аялдамастан бірден 189 шақырымды артқа тастап, қазақтың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімін жаңадан алған Қапшағайға жеттік. Қонаев салдырған «Қапшағай» су қоймасында болып, ауасымен тыныстап, ұлт мақтанышының зор абыройға кенелгенін, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жақсы көретінін ойласаң, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Д.Қонаев қаласынан кейінгі бағытымыз Ақ басты Алатау – Алматы болды.
Ертесіне университет ректоры, ҰҒА академигі Дария Қожамжарова экспедиция мүшелерімен ғылым ордасында жүздесті. Бұл жүздесуде ректорымыз ғылым жайынан, академияның құрылу тарихы туралы дәріс оқыды. Академик Болат Көмеков студенттерге ағалық кеңесін айтып, экспедицияның маңызына тоқталып, жастарға сәттілік тіледі. Экспедицияның соңы Қаскелеңдегі С.Демирел университетінде аяқталды. Университет нағыз өркениеттің, білім мен ғылымның, замануи технологияның қара шаңырағы екен. Соған көз жетті. Демирелдегі сапарды тәмамдап, Алматыға қош айтып, қарт Қаратауды бетке алып, шырайлы Шымкентке, туған жерге жол тарттық!
Асқар Сүлейменов «Шашылып түскен тіркестерінде»: «Талант – тұяқ, Абай – жол. Сол жолмен анау Жидебайға, мынау Қарауылға кемеңгер де келедi, кеще де келедi. Мұнда «үйренемiн» деп, «үйретемiн» деп келмеу керек… Мұнда тазарамын, арыламын деп келу керек. Елдiң неге келгенiн бiлмеймiн. Мен өзiм арыламын деп келдiм…». Міне, Асекең айтқандай, біз де бұл сапарға арыламын, тазарамын деген ниетпен барған едік. Бұл сапар университет тарихында алғаш рет қолға алынған бірегей жоба болды. Ләйім, жалғасын тапсын! Ерекше әсерленгендіктен болар, осы эссе-жолжазбамызды «Құнанбайдан Қонаевқа» дейін деп атауды жөн көрдік.
Әзімхан ИCАБЕК,
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Мұхтартану»ғылыми-зерттеу орталығыныңжоғары білікті маманы