Қазақстан Республикасының азаматтары референдумда өздерінің конституциялық құқықтарын алғашқылардың бірі болып Жапонияда жүзеге асырды.
Алғашқылардың бірі болып Токио қаласында өткен референдумда дауыс берген Қазақстан азаматы «Нихон» универститетінің 3 курс студенті Жібек Айдын болды.
«Қарастырылып отырған мәселе еліміздің алдағы даму бағыты үшін маңызды. Референдум өткізу ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғам пікірін жан-жақты ескеруге мүмкіндік береді. Мемлекет әрбір азаматтың өз таңдауын жасауына қажетті жағдай жасап отыр, ал біз үшін белсенді азаматтық ұстаным таныту – маңызды міндет», – деп атап өтті Ж.Айдын.
Ол сондай-ақ шетелде тұратын отандастарымыз Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінің қолдауымен референдумға қатысу мүмкіндігіне ие болғанын атап өтті. «Бұл – еліміздің болашағына қатысты жауапты шешім қабылдауға берілген ортақ мүмкіндік. Қабылданатын шешім Қазақстанның орнықты әрі серпінді дамуына оң ықпал етеді деп сенемін», – деп түйіндеді дауыс беруші.