Құнанбайдан Қонаевқа дейін...
Құнанбайдан Қонаевқа дейін...
711
оқылды
Әуезов – зор суреткер. Мұхаңның мұрасы қанша жыл, ғасырлар, дәуірлер өтсе де бояуын да, құнарын да, құндылығын да еш жоймақ емес һәм ол мүмкін де емес. Қайта уақыт өткен сайын оның қадірі арта түспек, асқақтай түспек. Төтелей айтқанда, космостық тұлға ғой, Мұхаң. Биіктігінен болар, мұраларын мәңгілік қорек қылдық. Тоймайсың, түбіне сүңги бергің келеді, қазыналарын қаза түсіп, тапқан олжаны талғажау еткеннен артық бақ, бақыт бар ма, қазаққа? Былтыр Мұхаңның 125 жыл­дық мерейтойы атап өтілді. Бұл тойға шырайлы Шымшаһардағы ұлы жазушының есімін иемденген М­.Әуезов атындағы Оңтүстік Қа­зақ­стан университеті де үлес қос­ты. Шымкенттегі қара шаңы­рақ­тың Мұ­хаңның есімін алып оты­руы тектен-тек емес. Мұхаңның табаны Оңтүстіктің топырағына 5 рет тиген. Өткен жылы заңғар жазушының 125 жылдығына орай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан уни­верситетінің 50 студенті маусым айында Абай облысына ерекше ғы­лыми-танымдық сапар ұйымдас­тырды. Жүріп өткен бағыттары­мыз:«Шымкент – Тараз – Балқаш – Қарағанды – Қарқаралы – Семей – Абай ауданы – Аягөз – Тал­ды­қорған – Қонаев – Алматы – Шым­кент» аралықтары. Құнанбайдан Қонаевқа дейінгі аралық. Бұл идея­ның авторы ҰҒА академигі, М.Әуе­зов атындағы ОҚУ ректоры, руха­ният жанашыры – Дария Қожам­жарова болатын. Сонымен қатар осы жобаның жүзеге асуына мұ­рын­дық болып, экспедиция картасын әзірлеген Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ербол Сармурзинның де еңбегі ерен. Оған қоса, студенттерге мағ­лұ­мат берген, абайтану және мұх­тартану салаларының майталманы, профессор Мекемтас Мырзахмет­ұлының шәкірті, ғалым Ақжол Қал­шабектің жөні бөлек, жосығы ерек. Баc-аяғы 50 студент 9 күннің ішінде 5 облыс, 10 елді мекен, 30-дан астам тарихи-мәдени нысанды аралап, 4 000-нан астам шақырым жерді еңсерді. Алғашқы күні жоспар бойынша Шымкент қаласынан 173 шақырым жердегі «Ежелгі Тараз ескерткіште­рі» мемлекеттік тарихи-мәдени му­зей қорығының тарихи нысан­дарын, солардың ішінде «Қарахан кесе­несі»,«Айша бибі» кесенесі, Шаһ­ристан аумағындағы «Көне Тараз» археологиялық паркі мен бірге М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде болдық. Ертесіне таңнан Тараздан 683 шақырым жердегі Балқаш қаласына аттандық. Балқаш – еліміздің оңтүстік шығысындағы тұйық көл. Теңіз деңгейінен биіктігі – 340 метр Балқаштағы әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тараз – Бал­қаш сапарын еңсеріп, 397 шақырым жолды алып жатқан қара алтынның ордасы Қарағандыны бетке алдық. Қарағанды шағын қала болғанымен, жанға тыныш, адамның ойлау жү­йесіне қолайлы екен. Қара алтынды өлкенің қара шаңырағы академик Ебіней Бөкетов атындағы Қара­ған­ды университетінде болып, жо­ға­ры оқу орнының тыныс-тірші­лі­гі­мен таныстық. Біздің экспедиция мү­шелерін осынау оқу орнының Әлеу­меттік мәселелер жөніндегі про­ректоры М.Сыздықов қарсы алды. Әрмен қарай Қарағандыдан 43 шақырым жердегі КарЛАГ Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақ­тау музейіне ат басын тіредік. Тарих пен ғылыми құжаттардағы неше түрлі оқиға, айыптаулар мен азап­тауларды һәм кітап беттеріндегі ақпарларды өз көзіңмен көріп, оны тұла бойыңмен сезіну қаншалықты ауыр десеңізші. Камералардағы темір төсек пен тас еден, тергеу бөлмелеріндегі қанды қабыр­ға­лар­дың іздері әлі де менмұндалап, қасіреттің мұңын шертіп тұр. Бұдан бөлек, КарЛАГ-тан 1 сағаттық жердегі «Шахта музейінде» болдық. 15 метр тереңдіктегі жерастында орналасқан көмір шахтасының му­зейіне түсіп, басымызға каска киіп, бір сәт шахтердің кейпіне ендік, жерастында ауа температурасы -5, -6 градустан төмен. Шахтерлердің өмірі шынында да оңай емес, те­мірдей төзімділік пен берік шыдам­дылықты қажет ететін сала. Қара алтынды өлкедегі сапа­рымызды осылайша аяқтап, Құнан­бай қажы «аға сұлтан» болған һәм мешіт салған Қарағандыдан 257 шақырым жердегі «Арқаның алтын тәжі атанған» Қарқаралыны бетке алдық. Әуелгі тоқтаған жеріміз Қар­қаралыдағы «Қарқабат» ана кесенесі болды. Мұнда бізді Қарқаралы ау­даны әкімінің орынбасары С.Әли­ұлы күтіп алды. Қарқаралы топы­ра­ғы – Әл-Фарабиді төрткүл дүниеге танытқан Ақжан әл-Машани, Тәттімбеттей күйші, Мәди Бәпиұлы сынды әнші-композитор, атақты математик Әлімхан Ермеков, Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нұркен Әбдіров, ақын Қасым Аманжолов, Тоқтар Әубәкіров сияқты тарлан­дарды тудырған қасиетті өлке. Осы күні Қарқаралыдағы мектеп ин­тернатының жатақханасына түнеп, еліміздегі ең ірі тарихи-мәдени орын саналатын «Құнанбай қажы» мешітіне жол тарттық. Құнанбай қажы 1849-1852 жыл­дары Қарқаралыда аға сұлтандық қызметте жүргенде шекара басқар­масына хат жазады. Бұл туралы Бейбіт Сапаралы «Құнанбай қажы» кітабында: «1848 жылғы 16 наурызда Шекара басқармасының құрылыс бөліміне Қарқаралы дуанының кеңесшісі атынан төмендегідей мазмұнда хабарлама жолданады. Онда: «Осы округтің аға сұлтаны, майор Тәукин мен Кішік-Тобықты болысының болыснайы, хорунжий Өскенбаев өздерінің 17 ақпандағы хабарламасында Қарқаралы село­сында мешіт салу жайындағы та­лабымызды Жоғарғы мәртебелі ұлықтар қолдап және құрылысты бастамақ ниетіміз бар еді. Бірақ Қарқаралыда мұндай құрылысқа пайдалануға жарайтын бос, ерікті адамдар болмай отыр. Сол себептен Қарқаралыдағы ротаның солдат­тарын мешіт салу ісіне пайдалануға болмас па екен? Оларға тиесілі заң­ды еңбек ақыларын төлер едік не­месе қандай да болмасын жағдайла­рын туғызар едік, – деген. Осы жө­нінде айтылғандарды Сіздің мәр­тебеңізге хабарлап отырмын. Қарқаралы дуанының приказ ке­ңесшісі» (қол қойған), – деп жа­зыл­ған. Міне, тап осы кезеңнен кейінгі архив істерінде Құнанбай мырза есімі өзге болыснайларға қарағанда ерекше аталып, мешіт салу жұмы­сына байланысты жиі-жиі көзге көріне бастайды», – (Б.Сапаралы. «Құнанбай қажы» 1995 ж, 216-бет.)деп атап көрсетеді. Соның негізінде мешіттің құрылысы 1850 жылы 7 қаңтарда басталып, 1851 жылы 18 қыркүйекте аяқталады. Нысанның ені – 15 метр, ұзындығы – 11, ал биіктігі – 6 метр. Мұнда бір уақытта 300-ден астам адам намаз оқи алады екен. Мешітке 1990 жылы арнайы жөндеу жұмыстары басталып, 1991 жылы нысан толыққанды рестав­рациядан өтеді. Қарқаралы өңірі тұрғындарының сөзіне сүйенсек, мешіт ғимаратына реставрация жұмыстары қазақтың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ықпалымен жасалған деседі. Құнанбай мен Қонаевтардың осындай қайталанбас ерен еңбектері баршамызға үлгі болса керек-ті. Қарқаралыдағы сапарымыз мұ­нан әрмен Қарағанды облысы Қар­қаралы қаласының оңтүстік-баты­сында 5 шақырым жерде, Бұ­ғы­лы тауының теңіз деңгейінен 1 200 метр биіктігінде орналасқан – Шайтан­көлде жалғасты. Шайтанкөлге дейін 4,5 шақырым биіктікті жаяу ба­ғындырдық. Шайтанкөл – тарихи һәм әдеби мекен. Шабытыңа қам­шы басып, дертіңе шипа болатын Шайтанкөлдің шексіз жақсылығын Сәбит, Сырбай мен Қадырлар жырға қосты. Олардың жырларында тау басындағы «Шайтанкөлді» аспаннан ағып түскен Құдайдың сыйы деп бағамдаған тұстары да бар. Ендігі түзеген бағытымыз – Қар­қаралыдан 460 шақырым жер­дегі Абайдың елі. Абай басқан то­пырақ; Жидебай, Қарауыл, Ақшо­қы, Бөріліге жол тарттық. Сол күні түнде Шәкәрім атындағы ШҚУ-дың жатақханасына түнеп, таңертең Семейден 180 шақырымдай шал­ғайда орналасқан Жидебайға тарт­тық. Жолда «Еңлік-Кебек» маза­рына аялдап, Құран оқыдық. Жер кіндігі саналатын Жидей­байдағы әсерді ауызбен айтып, сөзбен жазып жеткізу мүмкін емес. Абайдың, Шәкәрімнің, қос ана: Зере мен Ұлжанның, Ғабидханның басына Құран бағыштап, дұға жасадық. Жидебайдағы Абайдың үйіндегі заттарға қарап, өркениеттің, медицинаның көкесі қазақтың то­пырағында болған екен-ау деген ойға келдім. Бел ауыртпайтын бөс­тек, қара суға дейін автоматты түрде зарарсыздандыратын ыдыстың бар­лығын да осы үйден табасыз. Жидебайдан Бөріліге кері оралдық. Бөрілі мен Семейдің арасы 80 ша­қырым деседі. Бөрілі – Мұхтардың туып, балалық шағы өткен жері. Туған жері туралы Мұхаң естелігінде: «...Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деген екен, жарықтық! Мұнда Мұхаңның анасы – Нұр­жамал, әкесі Омархан жерленген. Бөрілідегі үй бүгінде мемлекеттік музейге айналған. Музейді көнекөз қария, белгілі абайтанушы Бекен Исабаев ақсақалдың перзенті Шағ­жан Исабаев ағамыз басқарады. Бөрілідегі музейдің қия-қалтары­сымен толық таныстырған һәм сол мекемеге 36 жылын арнаған Гүлзат апайға шексіз алғыс. Семей қаласындағы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музе­йіне барып, Абайдың мұраларын, мед­реседе оқыған кітаптарын тұтынған заттарын, тағы басқасын түгел ара­ладық. Бұл музейге бүгінде Тұрдығұл Шаңбай ағамыз бас­шы­лық етеді. Музейден соң реставра­циядан өткен Ахмет Риза медре­се­сінде болдық. Медресенің есігі сол күйі сақталған екен. Қорық музей­де­гі құндылық­тарды жазып та, санап түге алмайсың. Осындай зор шабытпен Семейден 342 шақырым жолды басып өтіп Аягөзге аялдап, кейіннен 512 шақы­рым жолды бағындырып Талды­қор­ған қаласына жеттік. Талдықорғанда аялдамастан бірден 189 шақырымды артқа тас­тап, қазақтың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімін жаңадан алған Қапшағайға жеттік. Қонаев сал­дыр­ған «Қапшағай» су қоймасында болып, ауасымен тыныстап, ұлт мақтанышының зор абыройға кенелгенін, еңбектеген баладан ең­кейген қарияға дейін жақсы көре­тінін ойласаң, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Д.Қонаев қала­сынан кейінгі бағытымыз Ақ басты Алатау – Алматы болды. Ертесіне университет ректоры, ҰҒА академигі Дария Қожамжарова экспедиция мүшелерімен ғылым ордасында жүздесті. Бұл жүздесуде ректорымыз ғылым жайынан, ака­демияның құрылу тарихы туралы дәріс оқыды. Академик Болат Кө­меков студенттерге ағалық кеңесін айтып, экспедицияның маңызына тоқталып, жастарға сәттілік тіледі. Экспедицияның соңы Қаскелеңдегі С.Демирел университетінде аяқ­тал­ды. Университет нағыз өркениеттің, білім мен ғылымның, замануи тех­нологияның қара шаңырағы екен. Соған көз жетті. Демирелдегі сапар­ды тәмамдап, Алматыға қош айтып, қарт Қаратауды бетке алып, шы­райлы Шымкентке, туған жерге жол тарттық! Асқар Сүлейменов «Шашылып түскен тіркестерінде»: «Талант – тұяқ, Абай – жол. Сол жолмен анау Жидебайға, мынау Қарауылға ке­мең­гер де келедi, кеще де келедi. Мұнда «үйренемiн» деп, «үйретемiн» деп келмеу керек… Мұнда таза­ра­мын, арыламын деп келу керек. Елдiң неге келгенiн бiлмеймiн. Мен өзiм арыламын деп келдiм…». Міне, Асекең айтқандай, біз де бұл сапарға арыламын, тазарамын деген ниет­пен барған едік. Бұл сапар уни­вер­ситет тарихында алғаш рет қолға алынған бірегей жоба болды. Ләйім, жалғасын тапсын! Ерекше әсерлен­гендіктен болар, осы эссе-жолжаз­бамызды «Құнанбайдан Қонаевқа» дейін деп атауды жөн көрдік.

Әзімхан ИCАБЕК, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының жоғары білікті маманы