Былтыр Президент бизнес өкілдерімен кездесуінде халықтың жартысына жуығы кедейліктің кебіне жақын жүргенін айтқаны есімізде. Яғни, кедейліктің басым болып бара жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Оның үстіне, жұмыс істейтін «кедейлердің» мәселесі тағы бар. Өйткені жұмыспен қамтылған қазақстандықтардың табысы олардың әлеуметтік мәртебесіне сәйкес өмір сүруге жеткіліксіз. Мәселен, биыл ең төменгі күнкөрiс деңгейі 40 мыңнан астам теңге, ал жалақының ең төменгі мөлшерi – 70 мың теңге болып бекітілді. Алайда бұл сандар қаржылық қиындықта жүрген жандардың азаюына әсер ете қоймайтындай. Ал біз сөз етіп отырған «жұмыс істейтін кедейлердің» табысы әдетте бұл мөлшерден жоғары болып келеді. Бірақ бәрібір кедейшілікті жоюға мүмкіндік бермейді. Ең әуелі, «жұмыс істейтін кедейлер» тобының қалыптасуына ықпал еткен бірнеше факторға тоқталған дұрыс. Ең әуелі 2010 жылдан бастап жалпы ішкі өнімнің айтарлықтай өсуі халықтың әл-ауқатының артуына әсер етпегенін атап өткен жөн. Бірақ жалпы ішкі өнім 2010-2021 жылдар аралығында 3,8 есе көтеріліпті. Сөйте тұра, қызметкерлерге төленетін сыйақы (еңбекақы төлеу) үлесінің көлемі азайды. Мәселен, ЖІӨ-дегі жұмыс күшінің үлесі (кіріс әдісімен есептелген) 2010 жылмен салыстырғанда 2022 жылы біршама төмендеген. Айталық бұл көрсеткіш 2010 жылғы 1 тоқсанда 34,3% болса, 2022 жылғы ұқсас кезеңде 27% -ды құрады. Екіншіден, 2010 жылдан 2021 жылға дейінгі нақты ақшалай табыстың өспеуі халықтың әлеуметтік-экономикалық дифференциялануының күшеюіне әсер етті. Халықтың жан басына шаққандағы орташа номиналды ақшалай табысының 3,6 есеге артуы және жан басына шаққандағы ЖІӨ өмір сүру деңгейі мен сапасының нақты жақсаруына әкелмеді. Осыған байланысты экономикалық теңсіздіктің өсуімен бірге ақшалай кірістердегі тоқырау процестері мезгіл-мезгілімен жұмыспен қамтылған халықтың наразылығын, яғни, еңбек қақтығыстарын тудырады. Үшінші мәселе, «Стратегия» ӘСЗО жүргізген «Қазақстандағы жұмыс істейтін кедейлік» зерттеуінің деректері бойынша жұмыс істейтін кедейлердің үлесі 27,7 пайыздан 34,3 пайызға дейін жеткен. Жұмыс істейтін кедейлердің болжамды саны жалдамалы жұмысшылар санының 1,86-дан 2,3 миллионға жуығына дейін құрады. Былтырғы деректе 6,7 миллион адамның жалдамалы жұмысшы екені көрсетілген. Бұл ретте зерттеуге сәйкес, жұмыс істейтін кедейлердің негізгі бөлігінің табысы айына 204 мың теңгеден аспайды, ал респонденттердің ең көп бөлігі айына 85-тен 143 мың теңгеге дейін табыс табады. Тиісінше, шамамен 2 млн жұмыс істейтін кедейлер өз еңбектері үшін жеткіліксіз жалақы алуда. Орталықтың бағалауы бойынша респонденттердің төмен табысы оларға ешқандай жинақ жасауға және басқа мақсаттарға, білім алуға, денсаулығын күтуге мүмкіндік бермейді. Зерттеулер көрсеткендей, орташа есеппен респонденттер үй шаруашылығының табысының жартысына жуығын азық-түлікке жұмсайды. Экономикалық жетіспеушіліктің көрсеткіші жоғары. Сонымен, жұмыс істейтін кедейлердің 40 пайызы үшін маусымдық киім сатып алу қиынға соғады, себебі қаражат тек тамаққа жетеді. Үй шаруашылықтарының ақшалай шығындары олардың материалдық қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Энгель заңына сәйкес, тұтынушылық мінез-құлық заңдылығы бар, оған сай кірістердің төмен үлесі кезінде тамақтану шығындары басымдыққа ие, содан кейін демалыс, жинақ шығындары, білім беру және одан басқа да кірістер өскен сайын төмен сапалы өнімдерді тұтынуды азайту кезінде жоғары сапалы тауарлар мен қызметтерді үнемдеу, тұтыну үлесі артады. Сонымен қатар, азаматтардың көпшілігінің өмір сүру деңгейінің төмендігі басқа да жағымсыз жайттарға апармақ. Атап айтқанда, сатып алу қабілетінің төмендеуімен байланысты аясы тар тұтыну нарығы қалыптасады. Бұл жағдайда бизнесте және әртүрлі нысандағы өндірістік бірлестіктерде өнімді сатуда проблемалар болмақ. Өнімді өткізудің шектеулі нарығын ескере отырып, өндіріс сыртқы нарықтарға назар аударуға мәжбүр. Табыстың төмен деңгейі кірістер бойынша төлемдердің төмендеуіне, сондай-ақ өндірілетін тауарлар мен қызметтердің сапасының нашарлауына алып келеді. Білім сапасы мен халықтың денсаулығы да амалсыздан нашарлай бастайды. Халықтың өсіп келе жатқан кедейшілігі Үкіметті жаңа әлеуметтік жеңілдіктер белгілеуге, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен коммуналдық салалардың тарифтеріне бақылауды енгізуге мәжбүр етпек. Егер ел тиісті жалақы алса, мұндай жеңілдіктерге қажеттілік болмасы хақ, себебі орташа жалақы тұрғын үйдің, тамақтанудың және барлық әлеуметтік тауарлардың құнын қамтып тұрар еді.
Ғали ДІНМҰХАММЕД, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының департамент директоры