Жаңа кезеңнің жұлдыздары
Жаңа кезеңнің жұлдыздары
559
оқылды
2022 жылы өткен әлем чемпионатында біраз фут­болшының бағы жанды. Катар табалдырығын қо­салқы құрам ойыншысы болып аттаған кейбірі жұл­дыз болып шыға келді. Сөйтті де өз елінен Еуропа дей­тін құрлықта доп тебуге мүмкіндік туды. Ал бұ­рыннан кәрі құрлықта жүргендері топ клубқа ауысып, марқайып қалды. Бұлардың қатарында Гакпо, Амрабат, Очоа, Фернандес және тағы басқасы бар. Луи ван Гал ашқан жаңалық Коди Гакпо мундиальда Ни­дерланд ниндзясына айналды. Мұны көпшілік күтпеді, білем. Өйткені құраманы алға сүйрейді-ау деп сенген футболшылардың арасында Ван Дейк пен Депай бар еді. Алайда Вейналдум жа­ра­қат алған соң негізгі құрамға іліккен Гакпо бәрінен асып түсті. Топтық кезеңнің әр ойынында гол соғып, командасын плей-офф­қа алып шықты. Қызығы, қақпаны оң аяқпен, сол аяқпен және баспен дәл көздеді. Бұған дейін әлем чемпионатында Ни­дерланды тарапынан бұлай өнер көрсету Уэсли Снейдерге бұйыр­ған-ды. Осыдан-ақ Гакпоның айы оңынан туатынын болжа­ған­дар көп. Коди Гакпо Солай болды да. Доп додасы аяқталмай жатып «ПСВ» жар­ты­лай қорғаушысына «Манчестер Юнайтед» көз тіккені жайында ақпарат жарияланды. Біразы Кодиді Манчестерге «аттан­ды­рып» жібергенімен, жағдай әлі шешілмеген-ді. Біршама уақыт өткен соң оның «Ливерпульге» ауысқаны жайында хабар жан­күйерлерді таңдандырды. Қақпашылар «таласы» Бұл чемпионат сөзсіз қақпа­шылар «таласы» деуге болады. Қай-қайсынын алып қарасаңыз да ұлттық құрама үшін жан беріп, жан алысқанын байқайсыз. Әсіресе, Доминик Ливакович, Эмилиано Мартинес пен Очоаны атауға болады. Дегендей, аталған үшеуіне басқа клубтардың наза­ры ауып, трансферлік терезе кезінде түрлі қауесет шықты. Алғашқысы, Мексика құра­масының қақпашысы – Очоа. Жалпы, бұл футболшының әлем чемпионаты кезінде қате жібер­мей ойнайтынына жанкүйерлер қайран қалады. Клуб деңгейінде айтарлықтай нәтиже көрсетпесе де, құрамаға келгенде қайта «туа­тындай» көрінеді. Мундиальда да, Копа Америка кезінде де жасындай жарқырайтыны рас. Осылайша, биыл ол Мексиканың «Америка» клубынан италиялық «Салернитанға» ауысты. 37 жас­тағы қақпашы үшін кәрі құр­лық­қа қайта оралу үлкен мүм­кіндік. Доминик Ливакович Ал Хорватия қорғаны Доми­ник Ливакович аты дардай қақ­пашылар ғана үздік деген ұғымын жоққа шығарғандай. Катарда пенальти қайтарудан, матч ке­зінде қақпа күзетуден оның ал­дында түскені санаулы. Ол ман­сабында бас-аяғы 18 пенальтиді қайтарған. Бір ғана Бразилиямен ойында он бір сейв жасап, құ­рамасын жартылай финалға алып шықты. Қақпашы нәтижесіне қол соққан скауттар оның топ-клубқа ауысатынына күмән келтірген жоқ. Мундиаль ба­ры­сында оның мансабын «Ба­ва­рияда» жалғастыратыны жайлы ақпарат тараған. Оған қоса, «Динамо Загреб» қақпа­шысын 10 млн еуроға «Вилья­р­реалға» сататыны туралы мәлімет бар. Қысқы транс­фер­лік терезенің жабылуына бір айға жуық уақыт барын ескерсек, ақ­парат әлі де жаңарады. Осы тұста Аргентинаның қа­һарманына айналған Эми­лиа­но Мартинес жайлы жазбауға бол­мас. «Астон Вила» қақпашысы 30 жасында ұлттық құрамаға ша­қы­рылып, екі бірдей кубок ен­шіледі. Бастапқыда «Арсенал­да» ойнаған ол кейіннен Анг­лияның төртінші дивизионында доп тебеді. Одан біраз жыл өтке­сін Мартинесті «Астон Вила» бай­қап, өзіне шақырады. Яғни, Эми аталған клубта Аргентина сенім артқан қақпашыға айналады. Амрабат, Гвардиол және Беллингем Жоғарыда жаңа жұлдыз­дар­дың туғанын жазғанбыз. Солар­дың бірі – Джуд Беллингем. Ойыншыны трансфермаркет 100 млн еуроға бағалап отыр. Ал футболшыға көз тіккендердің арасында «Ливерпуль», «Ман­честер Сити», «Манчестер Юнай­тед» пен «Реал» бар. Ол – әлем чемпионатында Анг­лия тара­пы­нан сәтті ойын өрнегін көрсет­кендердің бірі. Жартылай қор­ғаныстағы тәжірибелі ойыны, таланты боруссиялық өреннің келешегі кемел екенін көрсет­кендей. Кезінде АПЛ-де доп тепкен ол өткен шақтың дә­мін қайта татқысы келері анық. Дегенмен «Реал» сияқ­ты топ-клуб «кел» деп жатса, бас тартпасы тағы бар. Мундиальдың сенсациясы Марокко десек, құраманың жі­гері – Софьян Амрабат. Оның ойын мәнер турнир жаңалығына айналды. Әрі ешкім Софьяннан мұндай нәтиже күткен жоқ. Құ­раманың Испания, Португалия сияқты команданы қапы қалды­руына Амрабаттың үлесі зор. Соны байқады ма «Фиорен­ти­наның» жартылай қорғаушысына бірнеше клуб көз тігіп отыр. Оның ішінде «Атлетико», «Ли­верпуль» мен «Тоттенхэм» бар. Әсіресе, Бел­лингемді қымбат­сы­нып отыр­ған «Ливерпуль» үшін Софьян жақсы балама екені тағы бар. Софьян Амрабат Одан кейінгі трансферлік тар­тыс Йошко Гвардиол үшін жү­ріп жатыр. Хорватияның қор­ғау­шысына «Манчестер сити», «На­поли», «Манчестер Юнайтед» пен «Бавария» қолқа салған. Әзір­ге ойыншының қай клуб ұсынысын қабылдағаны белгісіз. Бастысы, «Лейпциг» қорғау­шысы мун­диальдың қола жүл­дегері атанды. Мод­рич­пен иық тіресе отырып құ­рамасын алға сүйреді. Нә­ти­жесінде, Йошко­ның еңбегін білікті бапкерлер байқап, коман­дасына шақырып жатыр. Құлау ма, жаңа белес пе? Иә, Криштиану Ронал­дудың «Әл-Наср» клубына ауысқанын естіген әрбірі ойланып қалды. Мұны жан­күйерлер неге баларын білмей жүр. Сарапшылар ойын­шы мансабының осылайша өр­буіне Пирс Моргонға берген шу­лы сұхбаты себеп екенін ай­тады. Ал футболшы Еуропадағы жұмысы аяқталғанын, ендігіде Азияға кезек келгенін жеткізген. Десе де, бұдан Сауд Арабиясының ұтқаны көп. Себебі клубтың Instagram парақшасындағы жазылушылар саны 10 миллионнан асқан. Криш­тианудың ойыншы ретін­дегі таныстырылу салтанатын барлығы үш млрд-қа жуық адам тамашалаған. Бұл – Азия фут­болы үшін біраз жетістік. Жұлдыз ойыншының чемпионатқа ауы­суы лиганың мерейін көтеруімен қатар, басқа да белді футбол­шы­лардың келуіне жол ашады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ