Бүгінде жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат беру еріккеннің ермегіне айналғандай. Мұндай әрекет заңмен қатаң қудаланатыны құзырлы органдар тарапынан ескертілсе де, террорлық акт жайлы хабарлама таратушылардың саны азаяр емес. Күні кеше ғана Тараз қаласындағы психикалық денсаулық орталығының ғимаратын «жармақ» болған тағы бір азамат ұсталды. «Жындыханадағы» жарылыс Жалпы оқиға желісіне тоқталсақ, «102» тетігіне облыстық психикалық денсаулық орталығының ғимаратына жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Аталған мекенжайға жедел жеткен құқық қорғау органдарының қызметкерлері тексеру нәтижесінде жарылғыш зат таппаған. Алайда іздестіру шараларын жүргізу барысында тәртіп сақшылары осы мекемеде мәжбүрлі түрде емделіп жатқан облыс орталығының 21 жастағы тұрғынын анықтаған. Тергеу барысында күдікті жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат тарату арқылы орталықтан қашуды жоспарлағанын айтқан. Осылайша, тұрғындардың үрейін алған азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабымен (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама) сотқа дейінгі уақытша ұстау изоляторына қамалып отыр. Оқу орнын жармақ болған кім? Бұл – Жамбыл облысындағы жалғыз жағдай емес. Былтыр Тараз қаласындағы «Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне жарылғыш зат қойылды» деген ақпар тараздықтарды шулатты. Оқу орнын тәртіп сақшылары қоршауға алғанын естіген ата-аналар балаларының амандығын білуге асықты. Алайда арнайы мамандардың тексерісінен кейін білім ордасынан жарылғыш зат табылмады. Бұл жөнінде облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеді. Әрине, жарылғыш заттың табылмағаны қуантады. Алайда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Телеграм» чатына белгісіз нөмірден мынадай мәтінде хабарлама келіп түскен: «Во всех корпусах колледжа есть заложенная мною ВЗРЫВЧАТКА. Детонация – ровно через час. Ваши собаки вам не помогут. Тик-так, у вас мало времени...». Байқап тұрсаңыз, үрей тудыратын хабарлама. Ал, ең қорқыныштысы, ертесіне оқу орнының оқытушылары мен студенттері тағы қауіпсіз жерге шығарылды. Оқу орнының «Telegram»-дағы ресми парақшасына келген анонимді хат мәтінінде білім ордасының Төле би даңғылы мен Домалақ ана көшесінің бойындағы ғимараттарына бомба қойылғаны жазылған. Оқиға орнына полиция департаментінің жеке құрамы, саперлер, кинологтар, ТЖД қызметі мен дәрігерлер жедел жеткен. 1700 студент пен колледж қызметкерлері жедел эвакуацияланған. Алайда колледждің корпустарынан жарылғыш зат табылмады. Осылайша, белгісіз біреулер екі күн бойы тәртіп сақшылары мен оқу орнының мазасын қашырды. Бұлай істеу кімге керек болғаны белгісіз. Және құзырлы органдар жалған ақпарат таратушыны әлі күнге таба алмай жатқаны да түсініксіз. Қалалық сотқа граната алып кірді Былтыр Тараз қаласындағы сот ғимаратын шаһар тұрғыны жармақшы болып, тағы дүрбелең туған. Қалалық соттың алды қоршауға алынып, арнайы жасақтың сарбаздары көлік қозғалысын тоқтатты. Мұндай көріністі көрген көпшілік 2011 жылғы терактіні еске алды. Алайда облыстық полиция департаменті жағдай бақылауға алынғанын хабарлады. «5 қараша күні сағат 09.10-да облыстық полиция департаментінің кезекші бөліміне №2 Тараз қалалық сотының кіреберісінде белгісіз азамат граната жарылғыш затын жармақшы болып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары 49 жастағы қала тұрғынын ұстады. Тексеріс барысында одан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Одан бөлек, ұсталған күдікті ақыл-есі кем ретінде психикалық диспансерде тіркеуде тұрғаны белгілі болды», – деді департаменттің баспасөз қызметі. Осылайша, ақыл-есі кем ретінде тіркеуде тұрған екінші азамат облыс орталығында «жарылыс» ұйымдастырмақ болды. Мұғалім мектепке бомба қойды Бұл аз десеңіз, Шу ауданында мектеп мұғалімі ашық сабағын өткізбеу үшін «білім ордасында бомба бар» деп жұрттың «жағасын» ұстатты. Ұстаз ашық сабаққа дайын болмағандықтан, «мектепте бомба бар» деп полицияға хабар берген. Мектеп басшылығы оқу процесін тоқтатуға мәжбүр болып, 300 адам қауіпсіз жерге шығарылған. Ең қызығы, жалған хабар берген мұғалім балаларды эвакуациялауға көмек беріп жүрген. Жалпы жас мұғалім басшылар алдында өзінің біліктілігін көрсетуге тиіс болған. Бірақ оған еш дайындықсыз келген соң, сабақты тоқтату үшін осындай сұмдық қулыққа барған. Білім ошағында жарылғыш зат бар екені жарияланған соң, күш құрылымдары жедел жетіп, ұстаздар мен оқушыларды дереу далаға шығарып, ғимаратты тінтіп шыққан. Алайда күдікті ешқандай зат табылмаған. Есесіне, жалған мәлімет берген ұстаз жылдам анықталған. Ол мектептің 25 жастағы жас маманы болып шықты. Бүкіл мектепті дүрліктірген ұстаз қызметінен қуылып, «қылжақбастың» үстінен қылмыстық іс қозғалды. Гродиково ауылындағы «лаңкестік» Өңір тұрғындарының үрейін алған тағы бір оқиға Жамбыл ауданына қарасты Гродиково ауылындағы орта мектепте болған. Мұнда да белгісіз адам білім ордасына жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Оқиға орнына жедел жеткен мамандардың жүргізген арнайы іс-шарасы барысында жарылғыш зат табылмаған. Төтенше оқиғаның алдын алуға ҚР ТЖМ Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 30 маманы мен 9 техникасы жұмылдырылған. Меркі шипажайынан шыққан шу Лаңкестік әрекет туралы жалған ақпарат Меркі шипажайынан да шыққан. Тараз қалалық ПБ-ның Жедел бақылау орталығына белгісіз адам 33 жастағы тұрғын Меркі шипажайына сөмкесіне жарылғыш зат салып апара жатқанын хабарлаған. Оқиға орнына жедел жеткен аудандық полицейлер тексеріс барысында ешқандай жарылғыш зат пен күдіктіні анықтамаған. Меркі аудандық ПБ және ҰҚК қызметкерлерiнiң жедел iздестiру шаралары нәтижесінде жалған ақпарат берген 41 жастағы тараздық тұрғын ұсталған. Күдікті кінәсін толық мойындап, аудандық уақытша ұстау изоляторына қамалған. Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодекстiң 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша іс қозғады. P.S:
Облыстық Полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, былтыр терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бергені үшін 8 азаматтың үстінен қылмыстық іс қолғалған екен. 5 күдікті сот шешімімен 2 жылға бас бостандығынан айырылса, 3 дерек бойынша тергеп тексеру жұмыстары әлі жүргізілуде. Ал өткен жылы дәл осындай 7 факті тіркеліпті. 6 адам жауапкершілікке тартылып, бір іс өндірістен қысқартылған. Байқап тұрсаңыздар, жарылғыш зат туралы жалған ақпарат беру Жамбылда теріс үрдіске айналып барады. Бір хабарламаның анық-қанығын тексеру үшін жүздеген маман жұмылдырылып, мыңдаған адам эвакуацияланып жатса, бұл қазына қаржысына үлкен шығын. Сондықтан жалған ақпарат таратушыларға тоқтам салу үшін заң жобасын қатаңдату керек сияқты. Бәлкім, сонда ойнап жүріп от басуға болатынын тұрғындар түсінетін шығар...
Жамбыл облысы