«Биыл 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындау үшін жұмыс режимінде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. ОЦК Smart Data Ukimet аналитикалық жүйесімен интеграцияланған, жүйеде мемлекеттік органдардың барлық дерекқоры жинақталған. Онда табыс деңгейі, жылжымалы және жылжымайтын мүліктің болуы, отбасы құрамы, кредиттің болуы және тағы басқа әртүрлі ақпарат қамтылған. Қолда бар деректер негізінде экономикалық, әлеуметтік, тұрғын үй жағдайлары, денсаулық пен білім бойынша отбасының әл-ауқат деңгейін бағалауға және қадағалауға мүмкіндік беретін талдаулар жүргізіледі. Ал әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда ОЦК жәрдемақы немесе әлеуметтік төлемді проактивті түрде алуға мүмкіндік береді. Ол үшін ОЦК арқылы әлеуетті жәрдемақы алушыға SMS-хабарлама жіберіледі және оң жауап болған жағдайда оған тиісті төлем тағайындалып, тиісті қаражат банктік шотына аударылады», – деп жауап берді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.Айта кетерлігі, жобаның аты отбасының цифрлы картасы деп аталғасын, көпшілікте «картаны қалай іске қосамын?» деген сұрақ тууы мүмкін. Жүйеге деректер автомат түрде жиналады. Мысалы, кімнің атында үй, мүлік, несие бары жүйеде көрсетіледі. Сондықтан мұны дәлелдеп, қосымша құжат жинаудың керегі жоқ. Мұндай карта кімге керек? Иә, жауаптылар былтырғы 1 қыркүйектен бастап цифрлы картаны пилот режимде іске қосты. Апробация кезеңінде 56,9 мың адамға SMS-хабарлама жіберіліп, жауап берген 12,9 мың азаматқа көмек көрсетілген. Бұл бір жағынан халықтың цифрлы сауатын көтеруге көмектеседі. Өйткені үйден шықпай-ақ құжат жинауға болатынын білген тұрғын механизмді үйренуге әрекет етері анық. Жалпы, ОЦК-да жәрдемақы мен әлеуметтік төлемнің тоғыз түрі бойынша қызмет алу мүмкіндігі бар. Мәселен, жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) берілетін жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы; көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы бар. Оған қоса «Күміс алқа» немесе «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек қамтылған. Сондай-ақ ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама келеді. Ескерерлігі, алданып қалмас үшін тек 1414 байланыс нөмірінен келген хабарламаға ғана жауап беру керек. [caption id="attachment_235378" align="aligncenter" width="1200"] © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Жауаптылардың сөзінше, 2023 жылы әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтіледі. Келер жылы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі. 2025 жылдан бастап жоғарыда аталған үш салада мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қамтылмақ. Бала босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда алатын әлеуметтік көмектің мерзімі ұзарғанын білеміз. Енді олар бала 1,5 жасқа толғанша жәрдемақы алады. Байқасаңыз, 2022 жылы туған балалар автомат түрде аталған төлемге ілігіп кетті. Бұл мәселе бойынша құжат жинап, ХҚКО-да кезекте тұрған ешкімді байқамадық.
«Жүйенің жаңалығы цифрлы карта жәрдемақыны проактивті форматта, дәлірек айтсақ, азаматтан өтініш түсуін күтпей-ақ тағайындауды қарастырады. Мәселен, отбасында бала өмірге келсе, бала туғанын дәлелдемей-ақ жәрдемақы төленеді. Бұрындары босанған ана өз атынан өтініш, құжат көшірмесін әкеліп, бала туғанын дәлелдейтін. Қазір бала өмірге келгені туралы дерек бірден базаға шығады. Төрт және одан да көп баласы бар отбасы олар 18-ге толғанша мемлекеттен көмек алады. Олар туралы мәлімет те жүйеде сақталған. Сондықтан отбасының цифрлы картасы ешқандай да тұлғаның дербес шоты немесе банк картасы аналогы емес», – дейді жауапты орган өкілі Руслан Мухамадеев.
Айбике ЖАНАСЫЛ