Былтырғы ең үлкен жырдың бірі – Аrtsport жобасы аясындағы дау болды. Әу баста, бас-аяғы жинақы, тәп-тәуір басталған жобаның соңы сиырқұйымшықтанып кетті. Науқаншылдыққа салынатын әдетімізбен, өңірдегі осы саламен айналысатын жергілікті билік өкілдері бағдарламаны дұрыс жүйелемей, бөлінген қаржыны оңды-солды шашып, бір жылдық бюджетті 2-3 айда ғана таусып тастады. Салдарынан қалған айларға қаржы жетіспей, осы іспен тыңғылықты айналысамын деп барлық қаржысын құйған кәсіпкерлер тиісті ақшасын ала алмай бірнеше айлап, әкімдікті торуылдап жүрді. Одан бөлек, ең сорақысы, осынау жобаға бөлінген қаржыны жымқыру әрекеті барлық өңірде әшкереленіп, талай лауазымды тұлғаның қолына кісен салынды. Яғни, қағаз жүзінде бар, іс жүзінде жоқ талай кәсіпкерлік әшкереленді. Есесіне, оларға құйылған қаржы әлдебіреулердің қалтасын қампайтты. Абырой болғанда, қазына қаржысын бақылаушылар мұндай сорақылықтарды дер кезінде анықтап, талайының жолын кесті. Осылайша, өткен жыл Аrtsport жобасы аясындағы айқай-шуы көптігімен де есте қалды. Спорт секциялары мен өнер үйірмелеріне қатысатын балаларды мемлекет тарапынан жан басына қаржыландыру арқылы тегін ұйымдастыру бұдан әрі де жалғасын тауып, өміршең болады деген үміттеміз. Жауапты мамандар ендігі әбден пісіп, сақтықпен жұмыс істейтін шығар деген ойдамыз... Жүйесіз жүргізілген жобаның соңы... Жоба аясындағы дау-дамай Шымкент қаласында да өрбігені белгілі. Естеріңізде болса, қыркүйек айында тиісті қаржысын ала алмаған 100-ден аса кәсіпкер банкрот болудың алдында тұрмыз деп, әкімдік алдына наразылыққа шыққан. Жаз айларында 30 мың баланы өз қаржысы есебінен оқытқан олар бұдан ары жалғастыра алмайтынын айтқан-ды. «Қайыршыдан еш айырмашылығымыз қалмады. Ала таңнан кешке дейін әкімдіктің алдын торуылдаймыз. Жауапкершілігі жоқ шенеуніктерден шаршадық» деп, екі айдан бері тиесілі қаржысын ала алмаған кәсіпкерлер шырылдаған болатын. Тіпті, біреулері несие алып, енді бірі мұғалімдердің жалақысы мен ғимаратты жалдау ақысына қарызға батқан. Мұндай шикіліктің шығуына осы салаға жауапты мәдениет басқармасы басшылығының ақшаны жымқыру айыбымен ұсталғаны себеп болса керек. Наразылыққа шыққан кәсіпкерлердің алдына шыққан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов сол кезде «қанша талап етсеңіздер де, төлей алмаймыз» деп әңгімені шорт кескен. Осылайша, биліктен мардымды жауап ала алмай, сағы сынған кәсіпкерлер «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгінген.
«Бағдарлама операторы болып саналатын Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасы кәсіпкерлерге маусым айының соңында шілдеден бастап үйірмелердің қызметін қаржыландыруға қаражаттың болмайтынын айтып, хабарлаған. Дегенмен, келісімшарт іс жүзінде бұзылмай, кәсіпкерлер үйірмелер мен секциялардың жұмысына өз қаражаты мен несиелік қарыздарын сала отырып, жұмысын жалғастырды. Бірақ шілде мен тамыздағы жұмыс үшін ешқандай төлем жүргізілмеген. Кәсіпкерлер мұның себебі оператордың бағдарламаны іске асыруға немқұрайлық танытуы деп санайды. Себебі жоспарда 6 мың ваучер болуына қарамастан, оператор ваучерлерді оңды-солды таратып, 36 мыңға жеткізген. Салдарынан бір жылдық бюджет 3 айдың ішінде таусылған», – дейді Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақниет Әбдіқадірова.Кәсіпкерлер мен оператор арасында есепсіз оңды-солды жүргізіліп жатқан келісімшарттардың шектен тыс көптігіне күмәнмен қараған бастапқы жеткізушілер жауапты билік өкілдеріне хабарласып, соңы ақша жетіспеушілігіне ұласуы мүмкін екенін ескерткен-ді. Алайда, оператор оған мән беріп жатпастан ваучерлер санын көбейте берген. Салдарынан соңы тығырыққа тірелді. Ал нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, кәсіпкер оператор тығырыққа тірелді екен деп жұмысын тоқтата алмайды. Ғимаратты кемі 1 жылға жалдауы тиіс екені бастапқы талапта көрсетілген. Сабақ беретін мұғалімдер де осындай талаппен алынған. Шілде және тамыз айында кәсіпкерлер мұғалімдердің жалақысын, ғимараттарды жалдауды, салықты өздері төлеп, шығын материалдарын өз қаражаттарына сатып алады. Олардың көпшілігі бұл үшін банктер мен микрокредиттік ұйымдардан несие ресімдеген. Төленбеген екі ай шығармашылық үйірмелерді ұйымдастырушылардың бюджетіне қатты әсер етіп, әкімдік алдына митинг ұйымдастырса да нәтиже шығара алмаған. Шымкентте қарыз толығымен жабылды Палата заңгерлері мәселені Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің талқылауына шығарды. Сондай-ақ жеткізушілерге мәселені бизнес-омбудсменге айтуға мүмкіндік берді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде қала прокуратурасының әкімдікке көрсетілген қызметтерге ақы төлеу талабымен бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді. Міне, осылайша өткен жылдың соңғы айынан бастап кәсіпкерлер жаз айларындағы төлемін ала бастады. Сөйтіп, жуырда Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасы Кәсіпкерлер палатасына 2022 жылғы шілде-тамызда қалыптасқан берешек бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру шеңберінде қарыздар толығымен өтелгені туралы хат жолдады. Оператор 172 қызмет көрсетушіге 392, 941 млн теңге төлем жүргізген. Жыл бойы тақырып тұздығына айналып келе жатқан бұл мәселе биыл жүйеленіп, енді қайтып соқпайтын болармыз деген үміттеміз...
Шымкент қаласы