Берекесі қашқан «Береке»
Берекесі қашқан «Береке»
722
оқылды
2001 жылы Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына ауысқанда, шаһарда 140 мыңның төңірегінде адам тұратын. Қала тозып кеткен еді. Облыс орталығы мәртебесін алғаннан соң қала бірер жылда адам танымастай болып өзгерді. Халықтың саны арта бастады. Кейінгі жылдары тіптен қанатын кеңге жайып, жаңа шағын аудандар, тұтас қалашықтар, керемет ғимараттар бой көтерді. Тұрғындардың саны 200 мыңның үстіне шықты. Алайда саңырауқұлақтай қаптап, қалқиған тұрғын үйлердің сапасына қатысты түйткілді жағдайлар жиілеп кетті. Әсіресе, құрылысы жайлы әңгіме Үмбетовтың тұсында қозғалып, басында қытайлар, одан соң кәрістер салады деген, ақырында Баталовтың кезінде өзіміздің қазақстандықтар тұрғызған, «Береке» деген атауға ие болған коттеджді қалашықтың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Негізін халықтың әлеуметтік тұрғыда қорғау­ды қажет ететін әлжуаз топтағылар құрайтын және «Шаңырақ» мемлекет­тік бағдарламасы бойынша баспаналы болғандар тұратын коттеджді қала­шық­тағылардың жанайқайы тиісті орындардың құлағын шулатқалы бірнеше жыл болғанымен, нақты нәтиже жоқ. Пайдалануға беріліп жат­қан кезде қатты дауылдан соң қабыр­ғасы құлаған, төбесі опырылып кет­кенін де көзбен көрген едік. Сыр­ты­нан жұрт «тауық күрке» деп атап кет­кен коттедждердің дені қыста жы­лымайды, жаңбыр жауса төбеден су сау­лайды, қабырғаларынан күн кө­рінеді. Пайдаланылған құрылыс материалдары тым сапасыз. Осы күзде халықтың наразылығы ақыры антикорға да жеткендей болған. Қазан айында Талдықорғанға арнайы жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов берекесі қашқан «Береке» қалашығына барып, жағдайды өз көзімен көрген. «2014 жылы коттеджді қалашықтың құры­лысына 8 миллиард теңгедей ақша бөлінген. Биыл барлық 620 жеке үйдің құрылысы аяқталуға тиіс еді. Әзірге осылардың жарым-жартысы ғана тұрғызылған және олардың өздерінің сапасы сын көтермейді. Тұрғындардың алаңдауы орынды. Аса өзекті әлеу­меттік мәселе болғандықтан, біз де назар аударып, бақылауға алдық. Мониторинг жүргізіп, мәселенің жай-жапсарын анықтаймыз.
Жалпы өңірде халықты ауызсу, көгілдір отынмен қамтамасыз ету және тұрғын үйлердің сапасы мен пәтерлерді бөлуде сыбайлас жемқор­лық әрекеттеріне жол берілген», – деген еді превенция қызметінің басшысы.
Одан бері де бірнеше ай өтті. «Берекедегі» берекесіздік асқынбаса, түзелген жоқ. Биылғы қыстың мың құбылып, бір күн суып, екінші күні жылымықтануы, қар мен жаңбырдың күн аралатып, кезектесіп тұруы да тұрғындардың мазасын май ішкендей етіп отыр. Ылғалдан өзі биттің қабығындай жұқа қабырға дымданып, көгеріп, ілдебайлап тұрған төбелерден су сорғалауда. Балалар мен үлкендер екі күннің бірінде ауырады. Осылайша, сырты жылтырағанмен іші қалтыра­ған, атауы дардай «коттедждер» ай сайын ауыздарынан жырып, 100 мың теңгелеп ипотека төлейтін қарапайым жұрттың қалтасын қағып қана қой­май, қандарын қарайтып, осындай сапасыз баспаналарды қабылдап алған билікке деген сенімін мүлде селдіретіпті.
Қалалық әкімдік мемлекеттің 3 миллиард 700 миллион теңгесіне са­лынған 204 коттедждің сапасыздығын ашық мойындайды. Сапасыз тұрғы­зыл­ған тұрғын үйлердің қалай қабыл­дан­ғаны жайлы сұраққа жауап қай­таруға келгенде кібіртіктеп қалады. Бүгінгілер бұрынғыларға сілтейді. Олар өздерінің алдындағыларға жа­бады. Қоныстанғанына бірнеше жыл болған тұрғындар күз түсісімен алты ай бойы жел улейтін қабырғалармен, тамшы сорғалаған төбелермен алысып, жыл сайын жазда қаржы мен күш жұмсап, баспаналарын жөн­дейтіндерін айтып, зар илейді. Әбден шаршағандықтарын айтып шағым­данады. «Құрылыста кеткен ақаулар­ды, кемшіліктерді анықтап жатырмыз. Мердігерлер оларды қалпына келтіру­ге тиісті. Қазіргі кезде құқық қорғау ор­гандары осы іспен айналысуда. Об­лыстық, қалалық прокуратура ба­қы­лауға алған. Қылмыстық іс қоз­ғал­ған. Коттедж қалашығының тұрғын­дары сапасыз үйдің зардабын көріп отырғаны рас. Тұрғындар үйдегі тез арада жөнделуін талап етуде. Олар үйлерді тұрғындар 10 жылға «Шаңы­рақ» бағдарламасы арқылы алған», – дейді Талдықорған қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі.
Бұл мәселеден облыс басшысы да құлағдар. Жақында жергілікті БАҚ-қа сұхбат бергенде, жұрттың жанай­қайына жауап беруге тырысты. Бірақ бұл жолы да нақты ештеңе айтылған жоқ. «Халықтың игілігі үшін салына бастаған «Береке» коттеджді қала­шығы­ның тұрғындарынан көптеген шағым түсуде. 2018 жылы жоспар­ланған 620 коттедждің 373-і ғана пайдалануға берілген. Олардың өзінде көптеген кемшілік бар. 204 коттедждің құрылысы аяқталмаған. Инвестор­ларға берілген 43 жер телімі сол күйін­де бос жатыр. Қазір прокуратура кот­тедждердің сапасы мен бюджет қаржысын жымқыру бойынша тек­серу жүргізуде. Заңсыздық анықталған жағдайда жауапты тұлғалар заң алдын­да жауап беруі тиіс» деп бұған дейін қайтарған қала әкімдігінің желеуі мен антикордың жауабын қайталады. Бүгінде облыс орталығында үйдің кезегіне 14 мыңнан астам адам тіркелген. Қала тұрғындарының наразылығы мен ренішін респуб­ликалық бірыңғай «Кезекте» базасын іске қосу тудырды. Былтыр жыл басында Талдықорғанда респуб­лика­лық бірыңғай «Кезекте» базасы іске қосылды. Мамандардың айтуынша, еліміздің барлық өңірі бұл базаға 2016-2017 жылдары өткен. Тек біздің аймақ қана кезекке тұрудың ескі жүйесін пайдаланған. Яғни, 2022 жылға дейін халық үй кезегінің 19 санатына жатқы­зылса, жаңа база бойынша адамдар 6 санатқа бөлінген. Соның салдарынан кезек саны бірнеше есеге өсіп шыға келді. Әрине, содан келіп, түсінбеу­шілік туындады. Ең сорақысы, үйдің кезегінде тұрған 1700 адам одан шы­ғып қалған. Оның себебі анықтауды қажетсінеді. Қасақана істелуі де мүмкін екенін жоққа шығаруға бол­майды. Осыған орай қоғам белсенді­лері, журналистер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен жасақ­талған арнайы комиссия құрылып, үй қорын түгендеп жатыр. Әзірге 2013–2021 жыл­дар аралығында 1026 пәтер еш­қан­дай құжатсыз берілгені және оларды алғандардың дені мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау орган­дары­ның мамандары екені белгілі болыпты. Іс жүзінде бұл үйлер мүге­дек­тер, жетім балалар, көпбалалы ана­лар, онкологиялық ауруы бар нау­қастар сияқты халықтың аз қамтылған тобына берілуі керек еді. Осыған орай, қала әкімі мен прокуратура әрбір де­ректі мұқият тексеруде. Қазірдің өзін­де 48 пәтер қайтарылса, 147 пәтерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің мамандары тек­серуде.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы