Астаналық ата-аналар мен ұстаздар пікір алмасты
Астаналық ата-аналар мен ұстаздар пікір алмасты
1,098
оқылды
Астана қаласындағы №74 мектеп-гимназияда «Бүгінгі жас маман – ертеңгі ұлағатты ұстаз» тақырыбында коучинг-жиын өтті. Оған қаладағы барлық 94 білім ошағының жас мамандары, ата-аналар қатысты. Коучты ұйымдастырып, жүргізіп отырған осы мектептің бастауыш сынып мұғалімдері, шебер-педагог Роза Жумабаева мен Райхан Ускенбаева алдымен қазіргі білім саласындағы жас педагогтердің сапасына, білім беру тәсіліне тоқталды. Сонымен қатар оқушыларды бастауыш білім берумен қамтудың мәселелерін ортаға салды. Жас ұстаздарға ақыл-кеңестерін беріп, тәжірибелерімен де бөлісті. Басқосуда Астана қаласы Білім басқармасының әдіскері Нұржамал Кәрімбердіқызы мен №74 мектеп-гимназия директорының орынбасары Лена Әлеуметова да сөз сөйлеп, саладағы проблемаларды ата-аналармен бірлесе шешудің маңыздылығын атап өтті.  width=
«Соңғы жылдары мектептегі білім беру айрықша басымдыққа ие болып отырғанын бәріміз байқадық. Өйткені, уақыттың талабы сол – білімсіз елдің болашағы да бұлыңғыр дегенге саяды. Сол себептен саланы дамытуға, ілгерілетуге мемлекет те мүдделі, жыл сайын бөлінетін қаржыны да еселеп арттыруда. «Педагог мәртебесі» туралы заңның да қабылдануы бекер емес деп ұққан жөн. Осы орайда жас мамандардың ісіне адалдығы, ата-аналармен кері байланысы, сауаттылығы маңызды рөл атқарады», - деп атап өтті Нұржамал Кәрімбердіқызы.
Ал Лена Әлеуметова ұстаз мамандығының салмағын, ұрпақ тәрбиесі мен тәліміндегі орнын әңгімеледі. «Өркендеймін, өсемін деген ел ең бірінші мұғалімдерін қадірлейді. Мұны Алаштың ақыны Мағжан Жұмабаев та айтып кеткен. «Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген. Бір қуанатынымыз, қазір біздің мемлекетіміз де осындай тұжырымның үдесінен шығып келеді. Күн өткен сайын әріптестерімнің құрметі артқанын көремін. Осы жиын да сондай ниеттің айшығы деп білемін», - деді мектеп әкімшілігінің өкілі.  width= Коучингте ата-аналар да ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Олар бала тәрбиесіндегі кейбір олқылықтарды талқылап, бұл бағытта ұстаздармен бірге жұмыс істеуге уағдаласты. Сонымен қатар ата-аналар мен жас мамандар болып топқа бөлініп, түрлі ситуациялық, психологиялық ойындар ойнады.
"Осы шараны ұйымдастыруға бастамашы болған елордалық Білім  басқармасына, оның әдіскері Нұржамал Кәрімбердіқызына шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Осындай басқосулардың жиі өтіп тұруы әріптестерімізге де, ата-аналарымызға да пайдалы деп білемін. Өйткені, тәжірибелі мамандардың пікірі, көпшіліктің ұсынысы қашан да өзекті", - деп атап өтті Роза Зейнелгабиденқызы.