Қысқы мереке күндері демалыс орындарына ағылатындар көп. Келушінің көптігінен қызмет сапасы түсетіні тағы бар. Оған шағым жасайтындар да табылады. Одан бөлек, демалыс орындарындағы қауіпсіздік шарасы да алаңдатады. Жақында «Елікті» тау-шаңғы базасында 16 жастағы жасөспірім қаза тапты. Иә, тау-шаңғы базасына демалуға барған ата-ана ұлынан айырылып қалды. Қазір соталды тергеу жүріп жатыр. Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 2 қаңтарда сағат 17.25 шамасында Зеренді ауданындағы полиция бөліміне Садовое ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан шаңғы базасынан хабарлама түскен. Шаңғы жолынан 2006 жылғы баланың денесі табылған.
«Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді. Алдын ала жиналған материалдар бойынша шаңғы трассасында кәмелетке толмаған жігіт ағашқа соқтығысып, есін жимастан оқиға орнында қаза тапқан. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша соталды тергеу басталған. Қажет сараптама тағайындалған», – деді департамент өкілдері.Ал марқұмның әкесі Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, «Елікті» шаңғы базасының қызметкерлері бір жарым сағаттай құлаған баланы таудан төменге түсірмей, алғашқы медициналық көмек көрсетпей тығып ұстаған. Сондықтан олар оқиға болған сәтті көрген куәгерлерді іздеп жатыр.
«Себебі шаңғы базасында ешқандай техникалық қауіпсіздік сақталмаған. Мыңдаған адам сырғанап жатқан жерде алғашқы көмек көрсететін дәрігерлер де жоқ. Ол былай тұрсын, баласын жоғалтып шырылдаған ата-анаға ешкім жауап бермей, бір-біріне сілтегенін қалай түсінеміз? Сол «Елікті» ештеңе болмағандай әлі жұмыс істеп тұрған көрінеді. Біздің елде адамның құны жоқ екені, ешкім ештеңеге жауапты емес екені осыдан-ақ білінбей ме? Сондықтан біздің мемлекеттік органдар осындай демалыс орындарының техникалық қауіпсіздігін тексеру керек деп санаймын», – деп жазды Серікзат Дүйсенғазы Facebook парақшасында.Осыдан кейін қауіпсіздік жайын білмекке бірнеше тау-шаңғы базасына хабарластық. Алдымен оқиға болған «Еліктіге» хабарласқанымызда, телефон тұтқасын көтерген жоқ. Күні бойы байланыса алмағасын, әлеуметтік желіден демалыс орны 3 қаңтардан бастап адам қабылдауды тоқтатқанын, 9-11 қаңтар аралығында жұмыс істемейтінін білдік. Ал Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты демалыс аймағында қауіпсіздік талабы сақталатынын, құтқарушылар мен медпункт барын атап өтті. Аталған курорттың хабарлауынша, шаңғы патрулі және көшкінмен күрес қызметі таудағы қауіпсіздікті үнемі қадағалайды. Осы аптада «ҚазСелденҚорғау» ММ, «Шымбұлақ» ҚКС және Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп қар көшкінін алдын алу жұмысын жүргізген. «Конус» учаскесінде және «Школьник» учаскесінде екі оқ атылған. Қар көшкіні қаупі сейілмегеннен келушілерден сақ болуын сұрайды. Сондай-ақ трассадан тыс шаңғымен сырғанаған кезде міндетті түрде өзіңізбен бірге биппер, қуысбұрғы, күрек, көшкінге қарсы рюкзак алып жүрген жөн және оларды пайдалана білу және жалғыз жүрмеу маңызды. Бастысы, курорт белгіленген жолдар аймағын тастап кеткендерге жауапты емес. Яғни, белгілі бір аумақтан шығып кетсеңіз, басыңызға төнген қауіп-қатерге демалыс орны жауап бермейді.
Алайда мереке күндері аталған орынға демалысқа барған инфопродюсер Назым Исмағанбет курорт сервисіне разы емес. Оның айтуынша, адам көптігінен кезек, тамақтану, сырғанау жағы қиындаған. «Демалыс орны осылай боларын алдын ала болжап, шара қолдану керек еді. Менің көзімше бір баланың аяғын эскалатор қысып қалды. Демалыс орындары қауіпсіздік қызметі мен сервисті жақсартуды қолға алу керек», – дейді ол.Айта келе, «сонда қауіпсіздікке кім жауапты, қандай уәкілетті орган жауап береді?» деп сауал қоярыңыз анық. Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі курорт бизнес екенін алға тартты. Яғни, олар өз ішінде қауіпсіздік мамандарын жалдап, белгіленген аумаққа жауап береді. Дегендей, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті де бизнес органға бағынбайтынын мәлімдеді. Департамент өкілдері тау-шаңғы курорты қар көшкіні қаупін сейілту шарасын өткізгенде аумаққа кіретінін алға тартты. Қалған қауіпсіздік шарасына түгелдей курорт жауапты. Өзі тауға шығып, жоғалып кеткен яки 112-ге хабарласқан адамдарға ТЖ көмек көрсетеді. Ал Kazakh tourism-нің мәліметінше, туризм саласына қатысты жалпы 100-ден астам ұлттық стандарт бар. Бірақ олар ерікті негізде қолданыста жүр. Ал тау туризмі бойынша арнайы стандарттар әлі жоқ. Олар жаңа стандарт бекітуді жоспарлап отыр. Осындайда хирург-травматолог Ерсін Жүнісов демалыс орындарында медицина пункті бола бермейтінін, тіпті жақын маңнан клиника табу мұң екенін атап өтті. Сол үшін демалыс орындары арнайы клиникалармен келісімге келгені жөн деп отыр. Жалпы, Төтенше жағдайлар департаменті қала ішіндегі сырғанақтардың қауіпсіздік жағдайына да жауап бермейді. Себебі бизнес иелері әкімшілікпен келісімге келіп, қауіпсіздікті мойнына алады екен. Сондықтан сырғанақтан құлап, жарақат алып жатсаңыз, сұрауын кәсіпкер мен әкімдіктен сұрайсыз. Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, аппараттың кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің мамандары аптасына бір рет сырғанақтар мен мұз айдындарының жағдайын тексеріп тұрады. Әр сырғанақта адам ағынын бақылайтын нұсқаушылар бар. Олар сырғанақтың басы мен аяғында кезекті реттеп, тұрғындардың қауіпсіздігін бақылайды. Қауіпсіздікке мұздың жағдайы да әсер етеді. Сондықтан ауа райына қарай кәсіпкерлер қардан тазартып, мұз бетін жаңартады. Егер жазатайым оқиға бола қалса, 103 немесе 112 нөміріне хабарласып, жедел-жәрдем көмегін шақырасыз. Егер жоғарыдағы талаптар сақталмаса, сұрауын кәсіпкер мен әкімдіктен сұрайсыз.
А.АЙДАРҚЫЗЫ