Бөрі қаптаған боз дала

Бөрі қаптаған боз дала

«Елімізде қасқыр саны көбейіп кетті ме?» деген сауал туындады. Өйткені қасқыр саны рет­телуге жататын аңнан аңшылық түрлеріне жататын са­натқа ауыстырылды. Бірнеше жыл бұрын қасқыр са­ны күрт азайып кеткендіктен, оны аулауға мора­то­рий жарияланған болатын. Арада аз уақыт өтпей жа­тып жыртқышты аулауға неліктен рұқсат берілмекші? Осы сұрақтар төңірегінде мәселеге тереңірек мән бе­ріп көрген едік. Елімізде қасқыр саны қанша? Жыл соңында Экология, гео­логия және табиғи ресурстар ми­нистрі­нің бұйрығымен «Аң аулау және балық аулау объектілеріне жататын жануарлардың құнды түр­лерінің тізбесі» өзгертілді. Оған бес аң қосылды. Оның екеуі – қас­қыр мен шиебөрі. Құстан – қарға мен үлкен суқұзғын (баклан) және жылан­бас балығы. Айта кетерлігі, қасқыр – таби­ғат­тың тепе-теңдігін сақтауда өз орны бар жыртқыш. Ол барлық тұяқты аңды, кемірушілерді жейді, ашық­қан жағдайда төрт түлік пен үй құстары да оның рационына еніп кетеді. Алайда түз тағысының негізгі қорегі дала аңы, оның ішінде ауру немесе әлсізі. Өйткені олар үйірінен қалып қояды әрі қашып құтыла ал­май­ды. Сөйтіп, жыртқыш аң жұқпа­лы ауруы бар аңды жойып, оның ауруы басқаларына таралмауына септігі тиеді әрі үйірдің сапасын арттырады. Қасқырды еліміздің барлық өңірі­нен кездестіресіз. Ең көп попу­ляция­сы Атырау, Алматы, Ақтөбе, Жетісу, Түркістан, Қарағанды, Ба­тыс Қазақстан облыстарында тір­шілік етеді. Қасқыр санын аңшылық шаруа­шылығы субъектілері мен облыстық орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі аумақтық инспекция­лары есептейді. Орман және жа­нуар­лар дүниесі комитетінің мәлі­метін­ше, былтыр елімізде 13,8 мың­нан астам қасқыр бары анық­тал­ған. 2021 жылғы есепте шамамен 15 мың қасқыр, 2019 жылы – 12 812, 2018 жылы 14,5 мыңдай қасқыр болған. Бірақ Ақмола, Павлодар, Қос­танай облыстары аумағында, орман­ды немесе дала аймақтарында қасқыр азайып кеткен, соңғы жыл­дары, тіпті жойылу қаупі төнген. Мәліметтерге сенсек, осы өңірлерде 2018-2020 жылдары қасқыр аулауға мораторий жарияланып, малға не адамға шапқанын ғана аулауға лимит бекітілсе де, дала қасқыры­ның саны айтарлықтай өспеді. Сон­дай-ақ Солтүстік Қазақстан облы­сында бірде-бір қасқыр қал­маған. 10 жыл бұрын толық жойылып кеткен. Былтыр табиғатты қорғау инспекторлары мен аңшылық ша­руа­шылығы мамандары өңірге көр­ші облыстар аумағынан 9 қасқыр кел­генін анықтаса да, олардың біреуі де тұрақтамаған. Дала қасқырының күрт азайып кетуіне қорек базасының азаюы және қарда жүретін көлікті пайда­ланып аулау себеп болды деп айты­лады. Қазіргі өзгеріске сәйкес, әуес­қой спорттық аңшылық кезінде қарда жүретін көлікті пайдалануға тыйым салынады. Қасқыр аулауға жолдама биыл берілмейді Qansonar респубикалық аңшы­лар қауымдастығының бас аңшы­тану­шысы Бақытбек Дүйсекеевтің айтуынша, қасқыр аңшылық сана­тына жатқызылғанымен, оны аулай бастау үшін уақыт керек.

«Өйткені Салық кодексінің арнайы 582-бабында ауланатын аң түрінің өзіндік бағасы көрсетіледі. Кез келген жануар дүниесін пайда­лан­ғаны үшін төлем ставкасы бекі­тіледі. Яғни, қасқыр атып алатын адам алдымен бюджетке ақша тө­лей­ді. Сондықтан Салық кодексі өзгертіліп, төлем жарнасы есеп­теліп, ол тізбеге қосылуы тиіс. Со­ны­мен қатар түз тағысына келтіріл­ген залал үшін қандай да бір айып­пұл немесе басқа санкция қолда­нылады. Бұл – келтірілген зиянның орнын толтыру мөлшерін бекіту ережесі. Яғни, браконьер заңсыз қасқыр ауласа, келтірілген шығын­ды өтеуге міндетті. Осы қаулы әзірге дайын емес. Жануарлар әлемі – мемлекеттің ресурсы. Аңшылық түрінің бағасы белгіленгендіктен, осы шығын да мемлекетке өтелуі тиіс», – дейді Бақытбек Задаұлы.
Маманның пікірінше, комитет жыл бойы аталмыш құжаттарды әзірлеп, оны заңнамалық актілерге енгізіп, бекіткен соң ғана қасқырды аулау басталады. Сонымен қатар барлық облыста міндетті түрде лимит белгіленеді. Қасқырдың санына қарай оны аулау нормасы анықталып, соның негізін­де қанша жыртқыш ауланатыны белгіленеді. Бұл шаруа бір жыл ішінде бітпейді деп санайды аңшы­лар қауымдастығының бас маманы. Түз тағысы қазір екі тізбеде қатар тұр Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары Сергей Скляренконың айтуынша, қазір қасқыр екі тізбеде қатар тұр. Біреуі – ауланатын аң санаты болса, екін­шісі – соңғы жылдарда қолданыс­тағы саны реттеуге жататын жануар­лар түрінің тізімі. Ол қас­қырды жануарлардың құнды түрлерінің тізбесіне енгізудің пай­далы тұстары бар екенін алға тар­тады.
«Қасқырдың санын реттеуде негізгі жұмыс облыстарда істеледі. Ал қасқыр аңшылық шаруашылық­тары назарынан тыс қалып қояды. Өйткені кез келген адам қасқыр санын реттеуге қатысты рұқсатты ала алады. Олар, тіпті аңшы бол­мауы да мүмкін. Рұқсаты қалтасында болған адамның аңшылық жүргі­зіле­тін аумақта қарумен жүруіне шектеу жоқ. Соның сылтауымен кейбіреулер ұдайы қару алып жүретін болған. Оның қандай аң атып жүргеніне бақылау жүргізіле бермейді. Қызылорда, Түркістан облыстарында осындай мәселе бар. Квота белгіленіп, таратылса да, осы өңірлерде қасқыр санын азайтуды ешкім жүргізбеген», – дейді Сергей Скляренко.
ҚБСҚ атқарушы директорының орынбасарының айтуынша, қасқыр өте құнды ресурс, оны аулауға қызығушылық өте жоғары. Яғни, аңшылық шаруашылықтары одан көп табыс түсіргісі келеді.
«Бұл шешім – қасқыр ату мә­селесін белгілі бір деңгейде тәртіпке келтіреді. Өйткені аңшылық шаруа­шылығында нақты заңды әсер ететін тетік пайда болды. Қасқыр ауланатын аң санатына өткен сәттен бастап жыртқыш ол аумағында тіршілік ететін аңшылық шаруа­шылығының басқаруына өтеді. Сырт­тан бөгде біреулер келіп бақылаусыз атып ала алмайды. Аң­шы­лық ша­руа­шылығы өз аума­ғындағы қасқыр санын анықтауда және есепке алуда белсенді болады. Соның есебі негізінде облыстарда қасқыр аулауға лимит белгіленіп, аңшылық ша­руашылықтар ара­сында квота бөлі­ніп беріледі. Бұрын ондай болмаған. Біз қасқыр санына қатысты барын­ша нақты мәліметтер алынады деген үміттеміз», – дейді Сергей Скляр­енко.
Ол көтерген түйткілді мәселе­нің бірі – қасқырдың ауыл шаруа­шылығына келтіретін залалын нақ­ты есептеу жоқ. Өйткені қасқыр санын шектеу де осы тұстан бас­талады. Алайда жыртқыштың малға шапқаны жөнінде толық статистика жоқ. Қоғамда тек жекелеген оқи­ғалар көп айтылады. Алайда табиғат қорғаушылары малға шапқандар тағыланып кеткен ит екенін дәлел­деген. Нақтырақ мәлімет аңның осы түрін дәлдікпен басқаруға мүмкіндік бе­реді. Өйткені қасқырдың таби­ғатта шектен тыс көбейіп кетуі қа­уіпті. Азық таба алмаған жыртқыш алдымен жеңіл қорек – үй жануар­ларына ауыз салады, тіпті адамға ша­буы мүмкін. Сондықтан мемле­кет оның санын реттеп отыруға мүдделі. Азайып кетуінің де, көбейіп кетуінің де салдары бар. Орта тұсты дәл ұстау үшін қасқыр популяциясы барынша нақты есептелуі тиіс. Сөз соңында, түз тағысын са­нын көбейтіп, мақсатсыз атуды шектеу үшін қолға алынған шара тиімсіз болып шыққанын білдік. Са­нын шектеу үшін атуға берілген рұқсатты таза ниетті емес «аң­шылар» басқа мақсатта пайдаланып кеткен. Яғни, ауланатын санатқа өткізу – жыртқыш санын көбейтуге қатысы жоқ. Керісінше, қасқыр тіршілік ететін аңшылық шаруа­шылық субъектілері оның нақты санын есептеуге қызықтыру, санын реттеуге атсалыстыру үшін қолға алынған.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ