Төлем қабілеттілігі қайтсе қалпына келеді?
Төлем қабілеттілігі қайтсе қалпына келеді?
© коллаж: Елдар Қаба
795
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 5 қаңтарда елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал мәселелері жөніндегі кеңесте жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеу жөнінде тапсырма берген еді. Осыған орай, Парламент мәжілісі депутаттары, қоғамдық бірлестіктер, тиісті орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс тобы құрылып, Қаржы министрлігінің бастамашылығымен аталған заң жобасы әзірленді. Кез келген мемлекетте эконо­миканы несие арқылы қолдаудың екі арнасы бар, біріншісі – бизнеске берілетін кредит кәсіпкерлікті дамы­туға бағытталады, өндіріс қуатын арттырады, сол арқылы қаражат айна­лымын жақсартады; екіншісі – халыққа берілетін кредит, бұл тауарлар мен қызметтерге деген тұты­ну­шылар сұранысын қанағаттан­дыру­ға бағытталады. Cоған байла­ныс­ты жаңа жыл қарсаңында «Қазақ­стан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңы жарияланды. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 30 желтоқсанда қол қойды. Аталмыш заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткеннен соң өз күшіне толық енеді, яғни 2023 жылдың 3 наурызы­нан бастап ел азаматтары осы заң аясында борышкерлік мәселелері бойынша тиісті қаржылық мекеме­лермен толыққанды жұмыс істей алады. Соңғы деректерге қарағанда елі­мізде 1 миллионнан астам адам не­сие­лерін төлеу мерзімін бұзып, төлем қабілетінің жоқ екендігін көрсетіп отыр. Былтырғы қаңтар айында еліміздің көп аумағында болған оқиғалардың бір түп-төркіні де осында жатқаны анық. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты өткізген кеңесте «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдау қажеттігін көтерген болатын. Нақтырақ айтсақ, жеке тұлғалар­дың банкроттығы туралы мәселе 2014 жылдан бері көтеріліп келді. 2015 жылы Парламент әзірлеген арнаулы заң біраз талқыға түскенімен, 2016 жылы Үкіметтің сүзгісінен өтпей аяқсыз қалған еді. Президенттің пәр­ме­нінен 2022 жылы жедел іске кіріс­кен Қаржы министрлігі заң жобасын әзірлеп, нормативтік-құқықтық актілер порталына орналастырып, ашық қоғамдық талқылаудан өтті. Қазіргі таңда азаматтардың біраз бөлігінің қаржылық жағдайы нашарлағаны белгілі. Оның әртүрлі себептері бар: жұмысынан айыры­лу немесе жұмысқа жарамсыздық, экономикалық құлдырау аясында әл-ауқат деңгейінің төмендеуі және коронавирус инфекциясына қатысты карантиндік іс-шаралар салдарының әсері коммуналдық төлем, салық бойынша берешегі бар азаматтардың қатарын көбейтті. Нақтырақ айтқанда, коммуналдық төлемдер бойынша тұрғындардың салық берешегі 20 млрд теңге. Сонымен қатар борыш­кер мүлкінің болмауына байланысты қайтарылған 4 млрд теңге сомасында атқарушылық құжаттар бар. Енді наурыз айынан бастап қарыз қамытын киген ел азаматтары өздері­нің төлем қабілеттігін қалпына келті­ру құқығын пайдалана алады. Атал­мыш заң несиесін төлей алмай жүрген мыңдаған борышкерлерге қаржылық төлемдерін біржола реттеп, «тазарып» шығуға да көмектеседі. Алайда әртүр­лі себептерге байланысты шын мә­нін­де барлық борышкер мұн­дай мүмкіндікке бірдей қол жеткізе алмайды. Қазіргі таңда Қаржы министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірге жеке тұлғалардың банкроттығы механизмін іске қосу үшін ұйымдас­тыру-техникалық жұмысын жүргі­зіп жатыр. Атап айтқанда, қаржылық басқарушылар тізілімі жасалуда. Оған іс жүзіндегі банкроттық басқарушы­лар, аудиторлар, заң консультанттары мен кәсіби бухгалтерлер тартылады. Ақпараттық жүйенің прототипі жасалып, оны тестілеуден өткізіп, кем-кетіктері түзетілуде. Заң жобасы Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінде жыл басы­нан бері бірнеше рет жұмыс тобының отырысында қаралып, комитеттің кеңейтілген отырысында мұқият тал­қы­ланып, ол азаматтардың төлем қабі­лет­тілігін қалпына келтіру және бан­­крот­тық төңірегінде көптеген ұсыныстар мен талаптар енгізілді. Сондай-ақ талқылау барысында заң жобасынан борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімнен өту кезінде шетелге шығуына шектеу қоюға, қажет болған жағдайда емде­луіне, жақын туысын емделуге алып жүруіне, жақын туысын жерлеуге қатысуға тыйым салуға қатысты шаралар алынып тасталды. Бүгінгі күні қабылданған құжат заң рәсімінің үш түрін көздейді: соттан тыс банкроттық, сот банкрот­тығы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Қазақстан» Ұлттық арнасына берген сұхбатында: «Президент «Қазақстан Респуб­лика­сы азаматтарының төлем қабілет­тілігін қалпына келтіру және бан­кроттығы туралы» заңға қол қойды. Бұл да көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін заң екені сөзсіз. Шамамен алты миллионға жуық халықтың несиесі бар: солар­дың арасында уақытында несиесін төлей алмай отырғандары да жоқ емес. Сондай азаматтарға көмек беру үшін осындай заң қабылданды. Несиесін төлей алмай жатқан азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін немесе банкрот етіп жариялау үшін үш нақты жол көрсетілген. Халықтың әлеуметтік мәселесін шешу үшін Мемлекет басшысының бастамасымен осындай маңызды заң қабылданып отыр» деген еді. Бүгінде нақты экономикада кре­дит беру ісін кеңейту қажет екендігі белгілі. Әйтсе де, халықтың тұтыну кредитін алуға ұмтылысы арта түсті. Бизнес қолжетімді қаржыға зәру болғандықтан, Мемлекет басшысы­ның тапсырмасымен шұғыл шешім­дер топтамасы әзірленгені көпшілікке мәлім. Қабылданған заңда, үш рәсімді тек борышкер ғана бастай алады, яғни несие беруші борышкерге қа­тыс­ты бұл рәсімдерді өздігінше қол­да­нуға құқығы жоқ. Мәселен, сот банкроттық рәсімі бойынша істі бастау үшін борышкердің төлеуге қауқарсыз екені туралы арызы болса жеткілікті. Борышкердiң төлем қабілетін қалпына келтiру мүмкiндiгi болмаған кездегі өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгi­нуi­не негiз болып табылады. Ал борыш­кер­дiң төлем қабілетін қалпына келтiру мүмкiндiгi болған кездегі төлем қабiлетсiздiгi немесе борыш­кер­ге таяу он екi айда ақшалай мiн­дет­темелердi орындау мерзiмi бастал­ған кезде оларды орындайтындай күйде болмайтын төлем қабiлетсiздiгі қаупiнiң төнуi оның оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшпен сотқа жү­гiнуiне негiз болып табылады. Яғни, егер борышкерде орындалмаған міндеттер болмаса немесе конкурстық іс жүргізуден тыс кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мүмкiн­дігі болса онда сот борышкердің банкроттығын танымауы мүмкін. Борышкердің өтініші сотқа жаз­баша нысанда беріледі. Оған борыш­кер басшысы не құрылтай құжат­тарына сәйкес оны алмастыратын тұлға қол қояды. Банкроттық туралы іс қозғалған соң борышкердің мүлкіне қатысты басқа сот актілерінің орын­далуына тыйым салынады, сонымен қатар кредиторлардың, мемлекеттік кіріс органы мен бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асы­ратын өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органның талаптары, оның iшiнде даусыз (акцептісiз) тәртiппен қана­ғат­тан­дырылуға жататын талаптары бойынша борышкердiң банктік шоттарынан ақша өндiрiп алуға, сон­дай-ақ борышкердiң мүлкiн өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейді. Банкроттық туралы істі қозғау туралы сот ұйғарым шығарған күннен бастап, органдар мен борышкердің қатысушыларына компанияның коммерциялық операцияларынан басқа мүлікті талап етуге немесе қолдануға тыйым салынады. Аталған іс-әрекеттерді борышкер уақытша басқарушымен келісіп отырып жасау керек. Сот iс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдардың хабарламаларының тізіліміне енгізіл­ген тұлғалар қатарынан уақытша басқарушыны тағайындау туралы ұйғарым шығарады. Бұл кезеңде уақытша басқарушы­ның басты міндеті – ақпарат жинау, сондай-ақ уақытша басқарушы бекі­тіл­ген сату жоспарына сәйкес мүлікті өткізуге міндетті. Борышкердің қар­жы­лық жағдайы туралы мәліметтерді оның төлем қабілетсіздігі белгілерінің бар не жоқ екендігін растау мақса­тында бухгалтерлік есеп және қаржы­лық есептілік құжаттарының негізін­де сот шешімі шығарылғанға дейін жинауды жүзеге асыруға міндеттеледі. Уақытша басқарушы сотқа дәйек­теме береді. Ол құжат арқылы борыш­кердің өтеу қабілетсіздігін дәлел­дей­тін болады. Сот отырысында борыш­кер­ден басқа уәкілетті орган, про­куратура, несие берушілер және басқа да осы іске қатысы бар адамдар қа­тысады. Олар іс бойынша азамат­тық процессуалдық кодексіне сәйкес пікір, куәлік береді. Егер борышкер жоқ болған жағ­дай­ларды қоспағанда, борышкер сот отырысына келмеген жағдайда, сот оны мәжбүрлеп келтіру туралы ұйғарым шығарады. Борышкерді банк­рот деп тану туралы өтініш бер­ген кредитор сот отырысына келмеген жағдайда, сот өтінішті қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады. Бұл кезең сот актісі бойынша борыш­кер­дің өтеу қабілетсіздігін тану немес танымау бойынша ұйғарымымен аяқталады. Жоғарыда айтылғандай, заң жобасының басты мақсаты – елі­міз­дің азаматтарының төлем қабілет­тілігін қалпына келтіру институтын құру. Мұнда аса көңіл бөлетін мәселе, бұл Заңның негізгі мақсаты – борыш­кердің қарыздарын кешіру емес, мұнда құқықтарымен бірге жауапкер­шілік пен міндеттері бар екенін ұғын­дыру. Қаржы министрлігінің дерек­теріне сүйенсек, елімізде 1 млн 170 мыңға жуық азамат банкрот деп жариялануы мүмкін. Олардың көпші­лігінің қарызы 5 млн теңгеден аспай­ды. Банкрот деп жариялануға жата­тын азаматтардың көбі – кепілсіз тұтыну­шылық несие алғандар. Соны­мен қатар банкрот борышкердің қа­тарына кіретіндердің арасында атау­лы әлеуметтік көмек алып отырғандар да бар. Банкроттықтан кейін пайда бола­тын әлеуметтік салдарды да ескеруіміз керек. Осыған дейінгі кредиттік қарыздарды «кешіре салу» үрдісі енді жүрмейді. Сондықтан азаматтардың заңды жетік білгені жақсы. Заңды білмегендік жауапкершіліктен жалта­ру­ға жол ашпайды. Заң бойынша 5 жылға дейінгі уақытта банкрот деп танылған азаматтарға несие беріл­мей­ді. Екіншіден, 7 жылға дейін азамат­тардың осы банкроттық процедура­ға араласа­тын құқығы шектеледі. Үшін­ші­ден, 3 жыл бойы банкрот бол­ған аза­матқа қаржылық мони­торинг жүр­гі­зіледі. Сондықтан әр азамат өзін бан­крот деп жариялаудың алдында туындайтын шектеулер туралы да ойланғаны абзал. Ал жал­пы, заңды жақсы түсінген азаматтар жеке тұлға­лар­дың борыш­тық жүкте­ме­сінен құ­тылуға және белсенді эко­но­мика­лық қызметін жүргізуді бас­тауға мүмкіндік беретінін де анықтау қажет. Арнайы деректерге қарасақ, банкроттық рәсіміне жататын бо­рышкерлердің негізгі үлесін банктер мен микроқаржы ұйымдарынан қа­рыз алушылар құрап отыр. Мемле­кеттік кредиттік бюроның деректеріне сәйкес, өткен жылдың 1 тамызына дейінгі мәліметтер бойынша жеке тұлғаларға банктер, микроқаржы ұйымдары берген, оның ішінде коллекторларға сатылған қарыздар­дың көлемі 16 693 млрд теңгеге жеткен. Қарыз алушылардың саны 7 миллионнан асып отыр. Бірақ мұның бәрін «проблемалық» несие­лер деп санауға болмайды. Арасында «проблемалық» несиелер кездескені­мен, көпшілігінің төлем қабілетін қалпына келтіруге болады. Осы тұрғыдан келгенде халық ортасында түсіндіру жұмыстарын жүргізгені абзал. Себебі аталмыш заң несиесін өтей алмай отырған немесе несие бойынша «проблемасы» бар азамат­тардың төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің нақты жолын көрсетіп бе­ріп отыр. Еліміздегі инфляция деңгейі ша­рық­тап тұрғанда кәсіпкерлікпен айна­лысуға мүдделі азаматтар несие алудан тартынады. Экономикалық жағдай­дың реттелгенін күтіп, жоғары базалық ставка кезеңін өткізіп жібергісі келе­тіндер де кездеседі. Елімізде халықтың төлем қабілеті төмендеп, орта және шағын кәсіпкер­лік әлі жөндеп дамы­ған жоқ. Қазіргі уақытта қаржылық сауаттылық пен есептілік керек. Қа­жет­тілікке бай­ланысты тұтынушылық кредиттерді көп көлемде алатын азаматтар саны көбейген. Күні ертең солар аяқ астынан банкроттыққа ұшырай қалса, кінәні кімге артады? Әрине, бәріне мемлекет кінәлі болып шы­ға­ды. Сондықтан «Қазақстан Респуб­лика­сы азаматтарының төлем қабі­лет­тілігін қалпына келтіру және бан­кроттығы туралы» заң қаражат секторын жедел сауықтыруға, қорда­ланған мәселелер­дің шешімін та­буына жол ашады. Бүгінде даму жағынан алға кеткен озық мемлекеттердің бәрінде бан­кроттық туралы заң бар. Ол заңдарда барлық тетіктер құқықтық негізде реттелген. Сондықтан Қазақстан да азаматтардың төлем қабілетін жүйе­леуге, банкроттық тәртібін реттеуге баса назар аударып отыр. Есепсіз ештеңе жоқ. Тірлігім түзу болсын десеңіз, қаржы-қаражатты сауатты түрде пайдалану мен басқару ісін назарда ұстаған абзал.

Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ, сенатор