«Үйдің берекесі жылулықтан басталады» – газдың рақатын көмір жаққан астаналықтар айтсын
«Үйдің берекесі жылулықтан басталады» – газдың рақатын көмір жаққан астаналықтар айтсын
2,035
оқылды
Әппақ қарымен, сықырлаған саршұнақ аязымен қыстың бір жарым айы өте шықты. Басқа-басқа Астананың қақаған қысы өзгеше. Жергілікті тұрғындар қыс түспестен от жаға бастайды. Сол кезде ел-жұрттың әлегі – көмір алу, отын жинау, от жағу, үйін жылыту.  Тіпті, соңғы жылдары көпшілігі көмір тасып, пеш жаққаннан гөрі, үйді газбен жылытқанды жөн санайды. Дегенмен бірі мұны тиімді деп тапса, енді бірі қымбатсынып жатыр. Сондықтан газ тарту қаншалықты тиімді, артық-кемшілігі неде екенін анықтауға тырыстық. «Жылу болса, үйдің берекесі кіреді» дейді қаладағы газдандыру жұмысын жүргізіп жүрген «Жаса Инжиниринг групп» ЖШС-нің жетекшісі Қайрат Ерманов. Газдандыру жұмысын біліп қайтуға барғанымызда компанияның жұмыс тобы Қордай көшесінде орналасқан коттеджге құрылыс-жөндеу жұмысын жүргізіп жатты. Осындай үш адамнан тұратын жұмыс тобы мекемеде 15-ке жуық екен. «Әр маман өз жұмысын жақсы біледі. Бірі – құбырларды тарту жұмысын жүргізсе, екіншісі бекітіп, дәнекерлеп шығады. Үшінші жұмысшы құрылғыны орнатып, іске қосылуын қадағалайды. Екі-үш күнде бітетін жұмыс», – дейді Қайрат Ерманов. [caption id="attachment_235817" align="alignnone" width="1200"] width= ©Диана Тысымбаева[/caption] Айтуынша, бұл кәсіпті қостанайлық үш ағайынды бастаған екен. 2018 жылдан бері Алакөл мен Аманқарағай ауылы, Алакөл ауданы, Қостанай мен Рудный қаласы және Қостанай облысын толығымен газдандыру жұмысын жүргізіп, қаншама үйге қазандық орнатып берген.

Тұрғындарын ұмытпаған әкімдік

– Сөйтіп, 2020 жылдың күзінде жұмыстың ауқымын ұлғайтып, Астана қаласын да газбен қамтуға кірістік. Нәтижесінде, «Көктал-2» шағынауданында газды іске қостық. Оған сол кездегі қала әкімі Алтай Көлгінов қатысып, артынан әлеуметтік бағдарлама бойынша әкімдікпен бірлесе жұмыс істейтін болдық. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік осал тобы, яғни көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасына газдандыру құрылғысын орнату жұмысының бағасын мейлінше төмендеттік. Әрі кеткенде өз жұмысымызға әр үйден 5-10 мың теңге ғана алдық. Ондағы мақсатымыз – жергілікті тұрғындарды газдандыруға шақыру еді. Көмір тасып, пеш жаққаннан гөрі, газды пайдалану тиімді екенін көрсеткіміз келді, – дейді «Жаса Инжиниринг групп» ЖШС-нің жетекшісі Қайрат Ерманов. [caption id="attachment_235818" align="alignnone" width="1200"] width= ©Диана Тысымбаева[/caption] Оның сөзінше, қазір олар әкімдікпен тығыз байланыста. Тіпті, әкімдік пен компания арасында бірқатар меморандум қабылданған. Оның үстіне, әкімдік газдандыру жұмысының сұранысы аз мекендерді анықтап, жан-жақты насихатын жүргізіп отыр. Қазіргі әкім Жеңіс Қасымбек те бұл жұмысты бақылауында ұстап, қадағалап отыр. – Қазандықпен және оның құрылысымен айналысатын компания жұмысын әкімдік бақылауында ұстап отыр. Қолында бірқатар тізім де жасалған. Сол бойынша қазандық орнатпақ болғандарға ұсынылады. Оның ішінде, арнайы бізді айшықтап көрсетіп, жарнама берілмейді. Өйткені таңдау үй иесіне берілген. Арзанына жүгіне ме, сапалысы қажет пе өзі шешеді. Егер бізді таңдаса, әкімдікпен келісілген бағаны ұсынамыз. Осы жағынан алғанда, әкімдік тұрғындарды қараусыз қалдырмады. Бастапқыда айтқанымдай, әлеуметтің осал тобына жататын отбасы үйіне қазандық орнатса, жарты ақысын, яғни 413 мың теңгесін әкімдік қайтарады. Не болмаса қазандыққа қойылатын есептегіш құрылғыны әкімдік тегін береді. Оның бағасы – 130 мың мен 190 мың теңгенің арасы. Басты тілегіміз – әр үйге жылу сыйлау. Жылу болса, үйдің де берекесі кіреді, – дейді кәсіпкер. [caption id="attachment_235819" align="alignnone" width="1200"] width= ©Диана Тысымбаева[/caption]

Газдың ай сайынғы төлемі – 15-20 мың теңге

Көшеге тартылған газды үйге тартып, құрылғысын орнату 700-800 мың теңгеден басталып, миллионға дейін барады. Бірақ құрылғыны бір орнатып алған соң, жанның рақаты дейді ол. Айтуынша, ай сайынғы төлем 15-20 мың теңге болады. Бар жұмысы – тетікшені бұрап, қажетті жылу мөлшеріне қою. [caption id="attachment_235820" align="alignnone" width="1200"] width= ©Диана Тысымбаева[/caption] – Орташа есеппен алғанда ай сайынғы 15-20 мыңның төлемі 150 шаршы метр және күнделікті тамақ істейтін отбасының баспанасын алдым. Мысалы,  ауладағы екі үйге де қазандық орнатып жатырмыз. Үлкен үйде әке-шешесі тұрады. Оған конденсаттық қазандық орнатсақ, кіші үй – ұлдыкі, оған жай газ қазандығы орнатылады. Әрине, үлкен үйдің қазандығы қымбатқа шықты. Бірақ ертең екеуінің төлемі екі түрлі болады. Себебі, конденсаттық пеш қалған қалдықты тастамай, қайта қолдану арқылы жылуды ұзақ сақтайды. Сөйтіп, газдың аз ғана мөлшері пайдаланылады. Сәйкесінше, үлкен үйдің төлемі аз шығады. Керісінше, ұлдың үйі кішкентай болса да, төлемі қымбатқа түседі. Біріншіден – қалдық қайта өңдемейді, соның салдарынан газ көп пайдаланады. Соған орай ай сайынғы төлемі де көп болады, – дейді Қайрат Ерманов. Сондықтан кәсіпкер қазандықтың жақсысын қоюға кеңес береді. «Көбісі қыстан шығу үшін 100 мың теңгеге көмір алып отыра бергенім жақсы» деп ойлайды. Тіпті, соны үнем әрі тиімді көреді. Бірақ көмірдің жеткізілуі, оны тасып, қораға кіргізуі бар. Оған қоса, отын алып, күнделікті отты жағу оңай емес. Көктемде қыс бойы үйдің артында жиналған күлді шығару тағы бар. Бұған да біреуді жалдайсыз, ақысын төлейсіз. Осының бәрі адамды әуреге салатын жұмыс. Алайда оны ешкім есепке алмайды. Ал қазандықтың шығынын жыл бойына шаққан сол ақша шығады», – деді ол. [caption id="attachment_235821" align="alignnone" width="1200"] width= ©Диана Тысымбаева[/caption]

Миллион теңгеге бұрын үй тұрғызса, қазір қазандық қана орнатуы мүмкін

Қала ішінде газ қазандығын орнатқан тұрғындардың пікірін білмек болып, сол үйлерді аралап шығуды ұйғардық. Жанкент көшесі бойында тұратын Нұрмағамбет қарияның айтуынша, көшеге газ жүргізілгенімен үйіне қазандықты бірден орнатпаған. Кемпірі екеуі әліптің артын баққан екен. – Үйіне газ тартқан алғаш көршіміз еді. Бір күні ол көршілердің ортақ WhatsApp-тағы чатына «біз газ қостық» деп жазды. Міне, содан бастап біздің де қосып алғымыз келді. Сөйтіп, 2021 жылдың наурыз айында қостық. Шыны керек, тек бір-екі күн пайдаландық. Рахатын да сезіне алмадық. Көктем еді, күн жылынып кетті. Бірақ бұрын ас үйге газ баллон алатынбыз. Айына 3-4 газ баллон кетеді, оның біреуі – 1500 теңге. Айналып келгенде, айына 4500-5000 теңге төлейтінбіз. Осы жаз бойы бес-ақ мың теңгеге газ жағыппыз, – дейді зейнеткер. [caption id="attachment_235822" align="alignnone" width="1200"] width= ©Диана Тысымбаева[/caption] Үлкен үйде ата мен әже ғана тұрады екен. Жылудың қосқанына  екі ай болыпты. «Бағасы да қымбат емес. Бір кубі – 38 теңге. Айына 25-30 мың теңге төлейді. Бұған дейін бұрын Шұбаркөлдің көмірін алатын едік. Бір қысқа 130 мыңға 10 тонна көмір аласың. Қыс созылып, қатты суық болса, тағы көмір алуға тура келетін. Есептесек, сол 130 мың теңге бес айлық төлемді жабады. Қосымша көмірді жеткізу, кіргізу, отын алу, күл шығару, көктемде көлік жалдап оны қоқысқа шығару – бәрі жұмыс, ақысы да аз емес. Осының бәрінен құтылдық, шүкір. Өткенін еске алған Нұрмағамбет зейнеткер ақшаның құнсызданып кеткенін сөз етті. Осыдан он жыл бұрын басындағы коттеджін миллион теңгеге тұрғызса, қазір сол қаржы бір ғана қазандық орнатуға ғана жетеді екен. Бастөбе көшесіндегі жер үйдің бірінде жақында ғана зейнетке шыққан экономист тұрады. Есімі – Қажымұрат. Қазандықты несие алып, жақында орнатыпты. «Алғашқы күндері үйренбегенім соншалық, ұйқыдан тұра салып, от жағуым керек деген оймен пешке жүгіре бердім. Жанымыз тыныш. Қайта-қайта пешке қарап, отын салып отырудан құтылдық» дейді ол. [caption id="attachment_235823" align="alignnone" width="1200"] width= ©Диана Тысымбаева[/caption] Айтуынша, банктен газдандыруға арналған арнайы несие алған. – Онда да несиені балаларым әперді. Зейнеткер болғандықтан маған несие бермеді. Келіншегім болса үйде, жұмыссыз. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Жасыңыз келді деп еш жерде жұмысқа алмайды. Қартайған шағында, балалардың қолына қарап қалу да қиын. Өзіміз алып, өзіміз төлесек деп едік. Оған болмады. Сол ғана бізді қынжылтады. Әкімдік осы мәселені қарастырса деген тілегім бар, – деді зейнеткер. Бүгінгі күнде елорданың 6500 абоненті көмірден газға көшті. Ендігі кезек Тельман, Family Village, Пригородный, Илинка және т.б. Жалпы, 2024 жылға дейін 300 мыңға жуық баспана газға қосылмақ.