Бурабайдағы «Балдәурен» сауықтыру орталығында көз жұмған жасөспірімнің ешқандай онкологиялық ауруы болмаған. Бұл туралы Aikyn.kzКТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Лагерьге кетерден бес күн бұрын ғана толық медициналық тексеруден өткен Нұрдәулет Манаптың денсаулығынан еш кінәрат таппадық дейді дәрігерлер.
Хромтау ауданы ауруханасының бас дәрігері Мақсат Серғазин: «Біз сараптама тұжырымымен мүлдем келіспейміз. Оның ағзасында қаны аз, бойында қатерлі ісік бар деуі тіпті дұрыс емес. Лагерьге барар алдында ғана толық тексерістен өтті. Сол кезде қатерлі ісіктің бір белгісі болмас па еді?! Тап-таза, еш сырқат табылмаған. Біз бұны бұлай қалдырмаймыз», – дейді.
Нұрдәулет Манап лагерьге аттанар алдында тексерістен өтіпті. Анализінің бәрі дұрыс болған дейді дәрігерлер. Оның үстіне жасөспірім ешқандай есепте тұрмаған. Тіпті онкология ауруы да болмапты.
Бірақ баланың денесіне сараптама жасаған Көкшетаудағы мамандар марқұм қатерлі ісіктен көз жұмды деп отыр. Тіпті ұлының денесін алып кетуге келген туыстарына нақты өлім себебі жазылған бір жапырақ қағаз ұстатыпты. Бурабайдағы «Балдәурен» сауықтыру орталығына демалуға келген 14 жастағы бала көз жұмды. Нұрдәулеттің түнімен іші ауырып, таң ата жедел жәрдем келгенше қайтыс болды дейді лагерь басшылары. Аталмыш оқиғаға қатысты қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр.
«11 қаңтар күні жасалған сараптамада баланың өліміне ағзаның қан аздығы және жамбаста қатерлі ісіктің пайда болуы себеп болған. Тергеу жалғасып жатыр», – деді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.
Бұған дейін жасөспірімнің туыстары баланың арқасы көгерген деп, сараптама нәтижесін күтетінін айтқан еді.