Полиция қоғамдық орында балағат сөз айтқан адамды қалай жазалайды?
Полиция қоғамдық орында балағат сөз айтқан адамды қалай жазалайды?
Фото: janalyq.kz
Қазақстан Республикасы ІІМ ӘПК басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев балағат сөздерді айтқандарға қарастырылатын жаза түрлері жайында сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. Кейінгі кездері әлеуметтік желіде балағат сөздер үшін жауапкершілік күшейді деген сұрақтар көбейді. Қандай жағдайда балағат сөздер үшін айыппұл салынады? – Қазақстан заңнамасында балағат сөздер үшін жауапкершілік бұрыннан көзделген. Мысалы, қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде қорлау – бұл қылмыстық теріс қылық. Оны жасағаны үшін жауапкершілік 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде немесе 120 сағатқа дейін түзеу, я болмаса қоғамдық жұмыстар түрінде көзделген. Бұдан әрі құқық бұзушымен отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұрған адамдарға айқын құрметсіздік білдіретін және қылмыс құрамын қамтымайтын балағат сөздер мен басқа да әрекеттер әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Жаза сот арқылы ескерту немесе 5 тәулікке дейін қамаққа алу түрінде болуы мүмкін. Ұсақ бұзақылыққа келетін болсақ, бұл қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиісу, ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру және айналасындағыларды сыйламаушылықты білдіретін, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер түрінде көрінеді. Басқаша айтқанда, ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілік қоғамдық орындарда, айналасындағыларды сыйламау, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, балағат сөздер айтылған жағдайда ғана туындайды. Балағат сөздер үшін жауапкершілік қаншалықты күшейді? – Иә, осы жылдан бастап ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жаза күшейтіледі. Бұл, ең алдымен, қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу мақсатында жасалды. Қазір автобуста біреу балалардың немесе аға буын адамдардың көзінше, яғни қоғамдық орында, айналасындағыларды сыйламау, қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан жағдайда, бұл үшін айыппұл 17 250 теңгені құрайды немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады. 6 наурыздан бастап мұндай әрекеттер үшін 20 АЕК (69 мың теңге түріндегі жаза) айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Егер біреу мені жай ғана балағаттады деп айтса, айыппұл салына ма? – Әрбір өтініш бойынша полиция қызметкерлері дәлелдемелер жинайды. Бұл азаматтардың өтініші, куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ құқық бұзушылықтың аудио, бейнетүсірілімі, қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысы болып табылады. Құқықтық бағаны сот береді. Жеке меншік аумақта балағаттағаны (үй, көлік) үшін жазалай ма? – Атап өткенімдей, бәрі мән-жайларға байланысты. Ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тарту үшін қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, айналасындағыларды сыйламау, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу міндетті шарт болып табылады. Әлеуметтік желідегі балағат сөздер үшін қалай айыппұл салады? – Әлеуметтік желілерде балағат сөздер айтқаны үшін, егер бұндай әрекеттер қоғамдық орындарда немесе айналасындағыларды сыйламай, азаматтардың тыныштығын бұзса, бұл ұсақ бұзақылық бабымен қарастырылады. – Қай тілдегі балағат сөздерге айыппұл салынады? – Жалпы, жоғарыда аталған жағдайлар болған кезде қай тілде болса да балағат сөздер айтқаны үшін жауапкершілік бар.   https://youtu.be/mvF4Lxrn8ts