Бүгін Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезовтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Өткірдің жүзі» атты кездесу өтті.
Шараға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, зиялы қауым өкілдері Олжас Сүлейменов, Смағұл Елубай, Төрегелді Шарманов, Бақытжан Қанапиянов және ақын-жазушылар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Министр Мұрат Әуезовті мерейтойымен құттықтай отырып, ұлт абыздарының ғұмыр жолы жас ұрпақ үшін қашан да үлгі-өнеге екенін атап өтті.
– «Өзіңіз сияқты замана тудырған заңғарларымыз көп емес. Сіздердің өнегелі өмір жолдарыңыз өскелең жас буынға қашанда темірқазық болуы қажет.Егемен елдің еңсесін тіктеп, тәуелсіздікке тұғыр болдыңыз. Біз өз кезегімізде, сіздер салған сол тағылымды таным жолымен жарқын болашаққа айқын бағыт ұстануымыз керек.Әлі де шығармашылығыңыздан қол үзбей, сүбелі де сүйекті еңбектеріңізбен халық қазынасын молайта беріңіз», – деді Асхат Оралов өзінің құттықтау сөзінде.
Сонымен қатар, зиялы қауым өкілдері Асхат Ораловты Мәдениет және спорт министрі қызметіне тағайындалуымен құттықтады.
«Бүгін осындай кездесуде жаңа мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловты қарсы аламыз. Мен бірінші Мәдениет министрі Ілияс Омаровтың көзін көрген адаммын. Ол біздің мәдениетіміз бен саясатымызда үлкен із қалдырған ұмытылмас тұлға. Асхатжан да осы тұлғаның жолымен жүріп, халқымыздың жадында қалуына тілектеспін», – деді Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов.
Кездесуге келген қонақтар мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын табыстады. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан Мұрат Әуезовтің қызметі мен шығармашылығына арналған «Өткірдің жүзі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.