Отырыс жаңа форматта өтті
Отырыс жаңа форматта өтті
416
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының тиісті ұсынуымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын қызметінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ сенаторлар Парламент Палаталарының бірлескен отырысында конституциялық заң жобасын қарау үшін Палаталардың бірлескен комиссиясының мүшелерін сайлады, бірқатар заңды мақұлдады және депутаттық сауалдарын жолдады. Депутаттар қабылдаған шешімге сәйкес Вячеслав Салий, Асан Ес­кендіров және Айгүл Қыдырбаева Жоғарғы Сот судьясы қызметінен бо­са­тылды. Ұсынылған канди­датура­лар алдын-ала Конституциялық заң­нама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды. Отырыс барысында Сенат Тө­рағасы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Палата жұ­мысына қатысты өзгерістерге тоқ­талды.
«Конституциялық реформаға сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап заң шығару процедурасы өзгертілді. Енді Сенат Мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдау немесе мақұлдамау туралы шешім қабыл­дайды. Қажет жағдайда Сенат белгілі бір баптарды өзгерту жөнінде ұсыныс енгізе алады. Тағы бір ерекшелік, Палата отырысында заң бойынша баяндаманы бас комитет уәкілеттік берген Сенат депутаты жасайды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенаторлар отырыс кезінде «Қа­зақ­стан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерация­сының Федералдық Кеңесі арасын­дағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Бұл келісімнің мақса-­ты – екі мемлекет арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардың айналымын оңтайландыру. Заң екі мемлекеттің экономикалық өзара іс-қимылын дамытуды және отандық зергерлік өнеркәсіпті қолдауды көздейді. Сонымен қатар депутаттар «Қа­зақ­стан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуекемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынты­мақтастық туралы келісімді рати­фика­­циялау туралы» заңды мақұл­дады. Заң екі елдің азаматтық авиация саласындағы ынтымақтас­тығын одан әрі нығайтуға арналған. Осы құжат арқылы азаматтық әуе­кемелерін авиа­циялық іздеу және құ­тқару мәсе­лелері реттеледі. Келі­сім­ді рати­фикациялау екі елдің азаматтық ұшақтарды іздеу және құтқару ке­зіндегі бірлескен іс-қимылдарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік бе­реді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес, Конституциялық заң жоба­лары Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында қарала­тыны белгілі. Алдағы бірлескен оты­рыста «Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы ту­ра­лы» Қазақстан Респуб­ликасы Кон­сти­туциялық заңының күші жойылды деп тану туралы» Конституциялық заңның жобасы қаралады. Соған байланысты Сенат депутаттары бір­лескен комиссияның мүшелерін сай­лады. Нәтижесінде, сенаторлар Владимир Волков, Сұл­тан­бек Мәке­жанов және Дүйсенғазы Мусин атал­ған комиссияның құра­мына енді. Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Бақытжан Байахметов алдағы уақытта дизель отынының тапшы­лығы болуы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Соған бай­ланысты депутат елімізде мұнай өнім­дері өндірісінің өсуін ынталан­дыру жөнінде кешенді шаралар қабылдау қажеттігін тілге тиек етті. Мұрат Бақтиярұлы Үкіметті оно­мастика саласындағы мемлекеттік саясатты қайта қарауға шақырды. Әли Бектаев Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы шаруалардың мәселесін көтеріп, жылыжай бизнесі­мен айналысатын азаматтарға мемле­кет тарапынан қолдау көрсетуді арт­тыруды ұсынды.