Абзал Әжғалиев: Шорт-тректі сүйсең, менше сүй!
Абзал Әжғалиев: Шорт-тректі сүйсең, менше сүй!
1,840
оқылды
Абзал Әжғалиев шорт-трекке жан-тәнімен берілген. Сала төңірегін­де ай­тары көп. Мұны әңгімесінен анық байқауға болады. Күйінетіні бі­лініп-ақ тұр. Қысқы спорт түрінің ең­се­­сін көтеріп, спортшының күйін күйт­тегісі келеді-ақ. Оған қоса, елдегі Олим­пиада кезінде ғана көрсететін қолдау мен жалған жан­күйерлікке жа­ны ауырады. Барынша күресіп жүр. Әлеуметтік желідегі ашық жаз­ба­лары да соның дәлелі. – Әңгіменің әлқиссасын Бейжің олим­пиа­дасынан кейін жариялаған жазбаңыздан бастасақ. Әлеуметтік желіде де, БАҚ бетінде де реакция көп болды. Ал құзырлы орган­дар­дан қолдау болды ма? – Иә, біршама өзгеріс болды. Бей­жіңнен Астанаға келгесін бар ойым­ды жинап, жазба жарияладым. Жаз­ғанымның бәрі – шындық. Не­гізінен, спортшылар сала төңі­ре­гіндегі мәселені айтуға қорқа­ды. Оған себеп те жоқ емес. «Сая­­сатты не істейсің, одан да спорт­пен айналысып жүре бер» дей­тіндер көп. Жасырмаймын, ма­ған да хабарласқандар болды. «Жазбаңды өшір, мансабыңа нұқ­сан келуі мүмкін» дегендер де та­былды. Бірақ бар өмірімді шорт-трек­ке арнағасын бұл саланы бір кісідей білемін. Барынша дамығанын, би­ліктің көңіл бөлгенін қалаймын. Әлеу­меттік желідегі дүмпуден кейін «Алау» мұ­зайдынында еркін дайындалып жүрміз. Бұрынғыдай бос орын іздеп жүрмейміз. Ба­рынша жағдай жасап жатыр. Арада бір жыл уақыт өтті. Өзім сұратқан инвентарь құ­рал­дарды маған ғана емес, команда мү­ше­леріне де берді. Қолдау арықарай да жал­ғасады деп ойлаймын. Келесі олим­пиа­даға дейін төрт жыл бар. Осы уақыт ара­лығында жігіттер ештеңеден тарықпай, алаңсыз дайындалса екен. Одан бөлек, өңір­лерде талантты шорт-трекші жетерлік. Оларға да елордадағыдай жағдай жасалса деймін. – Шынымен аймақтағы шорт-трекші­лердің жағдайы мүшкіл ме? – Бұқаралық спортты дамытып жа­тыр­мыз деп дабыл қаққанымызбен, өңірлерде шорт-трек аса танымал емес. Тіпті, бұл спорт туралы білмейтіндер бар. Сол сияқты аймақтарда, қала берді мегаполистерде лайықты жағдай жасалмай отыр. Мысалы, «Халық Арена», «Алматы арена», «Балуан шо­лақ» спорт сарайында жаттығуға бо­лады. Әсіресе, алғашқы екеуінде. Бірақ бас­шылар шорт-трекшілерге мойын бұр­майды. Олар мұзайдыны бос кезде, таңғы саға­т 06:00-07:00 аралығында жаттығуға мәжбүр. Миллионнан астам халқы бар Алматыда ертемен жаттығуға үлгеру үшін кейбірі таңғы төрттен қимылдайды. Мұның балалар мен жасөспірімдерге де қатысы бар. Жеткіншектерді ата-аналары апарып, алып келеді. Қарап тұрсаңыз, салмақтың бәрі спортшы мен ата-анаға түседі. Содан ба, бюджет есебінен тұрғызылған ғи­мараттарды халық еркін пай­да­ланса дейсің. Абзал Әжғалиев – «Шорт-трекке бар өмірімді арнадым» деп қалдыңыз. 20 жыл кө­лемінде тоқтамай жүруіңіздің құпиясы неде? – 2001 жылы Орал қаласында шорт-трек­ті бастағанымда бұл көпшілікке бей­мәлім спо­рт түрі еді. Қазір деңгейі біршама кө­терілді. Бейжің олимпиадасынан кейін ба­ласын шорт-трекке бергісі келетін ата-ана көбейді. Мен үшін мотивация – осы. Өзім барынша сүйетін спорт түрімен күллі Қазақстанның айналысқанын қалаймын. Осы жылдар ішінде кезіккен қиындықты жеңуіме де спортқа деген махаббатым күш бер­ді. Сондықтан кейінгі жастардың мұ­қал­май, қиналмай, еркін жаттығуы үшін барым­ды салып жүрмін. Осындайда «сенен шорт-трекке қандай демеу болуы мүмкін?» деуі мүмкін. Еліміздің аталған спорттағы бет-бейнесі болғасын барынша сақ қи­мыл­дап, барымды салуға тырысамын. Кез­де­суге, жиынға бара қалсам, мін­бер­де­гі­лерге мұңымды жеткізіп, идея бөліскім ке­леді де тұрады. Меніңше, әр спортшы таң­­дауы үшін күрессе, нәтиже көп күт­тір­мейді. – Елімізде жазғы және қысқы Олим­пиадаға әртүрлі деңгейде көңіл бөледі. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? – Иә, қолдау жағына келгенде жазғы Олимпиада ойындарының бір бәс жоғары тұратыны рас. Оның үстіне, жазғы спорт түрінен Олим­пиададан алған медаль саны көп. Жан­күйерлер арасында танымал. Біздің «менталитетте» белгілі бір спорт түрін жүлде алып келгесін қол­дай­тыны тағы бар. Сол себепті ақ Олимпиадаға жете көңіл бөлінбейді. Мысалы, Аф­рика елдеріне қара­ғанда бізде қыс бар, қар бар. Таулы ай­мақ­тарда, қа­лада мұзай­ды­ны бар. Сондықтан қысқы спорт­пен айна­лысуға мүм­кіндік жетеді. Одан бөлек, әлеуметтік желіде, теледидарда аталған спорт түрлері туралы кеңінен хабар таратса. Бір бағдарлама арнап, бастан аяқ түсіндірсе, жас жеткін­шектер қызығар еді. Ал біз тек ақ Олим­пиада бас­талғанда ғана спортшыларды іздеп, хабар таратамыз. Қалған уақытта оларды іздеп жатқан бірі жоқ. Одан кейін қысқы жарыс өткізуге салған нысандар да жетерінше халық игілігіне берілмейді. Содан да болар балалар қысқы спорт десе тек сырғанақты еске түсіреді. Шынтуай­ты­нына келгенде, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы, фристайл могул, биатлон, трамплиннен секіру және тағы басқа түрі көп. – Сонда мұзайдындарының жағдайы та­лапқа сай емес пе?! – Шорт-трек, хоккей, мәнерлеп сыр­ғанау спортының жаттығу орны бір жерде ор­наласқан. Мысалы, хоккей мен мәнерлеп сырғанау спорты бір жерде жаттыға берсе бо­лады. Ал шорт-трекшіге мұзайдынына ар­найы қорғаныс төсеніші (мата-авт.) керек. Кәсіби спорт тілімен айтқанда, мұз- айдынында борт болмауы тиіс. Ал ай­мақ­тарда борттар бар, ол спортшы үшін қауіпті. Жал­пы, шорт-трек талабына сай мұзай­ды­ны «Алау» мен «Сарыарқада» бар. Алма­ты­дағы мұзайдыны да стандартқа сай болға­нымен, қажетті жағдай жасалмаған. Атал­ған қорғаныс төсеніштері арзан тұрмайды. Оны қажетіне сай ауыстырып тұруы керек, ол да қаржыны қажет етеді. Мәселен, кей аймақтағы мұзайдындарында тозығы жеткен төсеніш әлі бар. Орал қала­сында 2001 жылы ашылған сарайдың қорғаныс төсеніші сол күйі жаңар­тылмаған. Қызығы, бейнема­териал­дарды қарап отырғанымда аталған сарайдың ашылу рәсімі таспаланған екен. Оралдағы мұз сарайының тұ­сауын Прези­дентіміз кескен. Қарап тұрсаңыз, арада 22 жыл уақыт өтті. Жағ­дайы сол қалпы. Ал батыста қаншама талантты шорт-трекші бар. Әсіресе, жа­сөс­пірімдердің сырғанау мәнеріне таңданамын. Шетелге көп шыққан тәжірибемде мұндай жастағы баланың тамаша сырғанауы – үлкен жетістік. Сон­дық­тан спортқа, соның ішінде жа­с­өспірім­дердің спортпен шұғылдануына көңіл бөлген жөн. Айта кетерлігі, қазір үстел теннисіне қолдау жетерлік. Не себепті? Өйткені Президент үстел теннисімен айналысады, бұқараға көрсетеді. Содан жан-жақтан келетін демеу көп. Жағдайды пайдаланып мен де Президентімізді ашық жаттығу жиынына шақырғым келеді. Реті келсе, келіп көрсе. Басшы келді деген сөз, басқалары мен БАҚ өкілдерінің қоса келетінін білдіреді. Солай болған жағдайда кешке эфирден беріліп, әлеуметтік желіде де жарияланады. Осылайша, шорт-тректі, спортшыны демейтін, қолдайтын орта пайда боларынан үміттімін. Абзал – Шорт-трекпен айналысқысы келетін жас өренге берер кеңесіңіз? – Ең алдымен, елімізде баласын күрес түрлері мен боксқа беретін ата-ана көп екенін айта кетейін. Танымал спорт түрлері екені рас. Со­ған қоса, бәсеке­лестік дең­гейі жоғары. Топ іші­нен суырылып, халық­аралық жарысқа бара­мын де­ген­ше бір­аз уақыт өтеді. Ал әзірге шорт-трекпен айналысатындар көп емес. Сол сияқ­ты егер талант пен шеберлік ұштасса, әлемдік сайысқа қатысу мүмкіндігі жоғары. Иә, қызығушылық та рөл ойнайтынын ес­керу керек. Кез келген ата-ана өз амби­ция­сына жеңілмей, баласын қалаған спорт түрі­не жетектеп апарғаны дұрыс. Бала өзі сүйген іспен айналысқанда ғана нәтиже шы­ғарады. Мысалы, өзіме конькимен сыр­ғанаған қатты ұнайтын. Ал коньки тебе ал­саң, шорт-трекпен қатар хоккей, мәнер­леп сырғанаудың бірін таңдауға болады. Осылайша, менің көңілім, аңсарым шорт-трек­ке ауды. Бірнеше спорт түрін байқап көр­ген бала ішінен өзіне керегін оп-оңай таң­дап алады. Егер шорт-тректі таңда­саңыз, талмаңыз. Табандылық – жеңістің жол­дасы. Жаттықтырушы берген режимді ұстанып, талмай жаттығу жасасаңыз, жетіс­тікке жетеріңіз хақ. Тәртіп бар жерде нә­тиже болатынын ұмытпаңыз. Әр жарыс сайын он екі айналымды оңай еңсеру үшін еп­пен қатар жақсы көру керек. Мәселен, Оңтүстік Кореяда балаларды бес жастан бастап қабылдайды. Бізде де бес жастан бастап бейімдеуге болады, әйткенмен көп жерде сегіз-тоғыз жастан қабылдайды. Өйткені шорт-трекке келген спортшы үзбе й жаттығу жасауы қажет. Мысалы, Нидерландыда үш жыл дайындалдым. Сонда байқағаным, бала сегіз жыл қатарынан талмай қысқы спорт түрімен айналысса, әлемдік жарыстарда топ жара алады. Циклды спорт түрінде жүрекке жүктеме түсірмей, дайындалу керек. Егер спортта ұзақ уақыт жүргісі келсе, жүктемені де аз-аздан үстемелеп отырғаны жөн. – Осы орайда ең алғаш әлемдік сынға қатысқан кезеңге оралсақ? – Ең алғаш рет 2009 жылы әлем кубо­гын­да бақ сынадым. Ересектер арасындағы бірінші бәсекем болғаннан қатты қобал­жы­дым. Жауапкершілікті айтарлықтай се­зіндім. Ел атынан қатысқан соң жақсы нә­тиже көрсеткім келетіні тағы бар. Жа­рыс­т­ың өзіме қиын болғаны әлі күнге дейін есімде. Өйткені спортшылардың дені жо­ғары деңгейде өнер көрсетті. Сонда ғана барынша еңбектену қажеті, дайындықты күшейтіп, әлемдік деңгейге сай болу кере­гін түсіндім. Айта кету керек, команда ре­тін­де қатысатын сайыстың жүгі ауыр. Ал же­келей сында міндет өзіңе жүктеледі, барын­ша еркін көсілесің. Мысалы, он екі айналым ішінде белгілі бір кезеңге дейін жаймен қимылдап, тактика бойынша сытылып шығатын тұс бар. Әрине, тактика бірде жұмыс істейді, бірде істемейді. Бірақ деңгейі қатар спортшылар алаңға шық­қанда, шеберлік пен бақ қатар шапса игі. – Тоғыз ай бойы жарақатпен күрес­ке­ніңізді білеміз. Сонда «жарақаты бар спорт­шы ешкімге керегі жоқ» деп күйінгеніңіз бар. – Әрбір спортшы жарақат алады. Бірақ ем­делуге келгенде өз қалтасынан ақша шы­ғаруға мәжбүр. Жеткілікті қаражаты бол­май, мансабын аяқтап жатқаны қан­шама?! Мысалы, өз басым Түркия еліне ба­рып, ем-шара қабылдадым. Тоғыз ай бойы карьерам үшін күрестім. Әрине, әр­кімге мансап өзі үшін керек. Десе де, бел­гілі бір деңгейде мемлекет не федерация тарапынан көмек болғаны жөн. Осы тұста спортшылар кімнен көмек сұрарын білмей, дел-сал күйге түседі. Өйткені спортшының керегі заңмен бекітілмеген. Сондықтан біз жоқ нәрсені даулай алмаймыз. Меніңше, спортшы жағдайын күйттейтін заң керек. Оның жарақат алған тұста, жәрдемақы не еңбек демалысына шыққандағы жағдайы заң жүзінде қаралса екен. Дәлірек айтқанда, «Мұғалім мәртебесі» сияқты спортшы құ­қы­ғын қорғайтын заң керек-ақ. Осы тұста Мәдениет және спорт министрлігінің бірі­гіп жұмыс істейтіні тағы бар. Спортшылар ашылып айтпаса да, көпшілігі спорттың еншісін алып, бөлек шыққанын қалайды. Сонда бұқаралық спорттың бойына қан жү­гіріп, біршама өзгеріс болар еді. Қарап тұрсаңыз, жүйесі бір министрліктерді де екіге бөліп жатыр. Оның жанында мәде­ниет­ке бөлек, спортты жеке дара қарайтын күн жеткен сияқты. Биліктегілер осыны ескерсе екен. Оған қоса демеушілер жайы айтылып жатады. Маған осы күнге дейін букмекерлік кеңселерден ғана демеуші ретінде ұсыныс түсті. Кейде спортты қол­дай­тын осылар ма деген ойға қаласың. Бірақ бір рет те ұсынысын қабылдағаным жоқ. Халықтың сан соғып қаларын біле­мін. – Алға қойған мақсатыңыз? – Олимпиадада орын алу – басты мақ­сатым. Одан бөлек, спорт ме­недж­ментін қолға алғым келеді. Қаншама жыл шетелде жүріп тәжірибе жина­дым. Мәселен, Қытай, Канада, Корея және Нидерландыда шорт-трек қатты дамыған. Барынша жақсы жағдай жа­­салған. Аталған елдердің менедж­ментін, жаттығу жүйесін меңгердім. Сол тәжірибені елге әкеліп, қысқы спорт­ты барынша дамытқым ке­леді. Мәселен, осы елдерде қыс­қы спорт базасы бар. Яғни, жас спортшы уа­қы­тын шы­ғындамай-ақ сон­да жат­тығады. Бізде AIBA бокс база­сы ғана бар. Ал басқа да спорт ба­засын тұр­ғызуға жағ­дай жетеді. Жоғарыда айтқа­ным­дай, спорт жеке дара министрлік болса, жазғы және қысқы спорт түріне арналған жеке орган құрылып, нағыз өз ісінің ма­ман­дары жиналар еді. Мысалы, спорттағы тендер тақырыбын қозғап көрелікші. Бізге қаңтар айында инвентарь құрал-жабдық керек делік. Алайда тендер нәтижесін екі ай кү­тіп, керек затымыз сәуір айында бірақ қо­лымызға тиеді. Мүге­дек­тердің де күйі осы. Бір жиында депутаттың айтқаны есіме түсіп отыр. Сонда «мүге­дектер мен спорт­шыларға тендерді ара­ластырмай-ақ керек-жара­ғын үлестірсек» деген еді. Осы айт­қанын толығымен құптаймын. Жан-жақты жағ­дай жасамай, сала ішіне тереңдемей, спорт дамымайды.  

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ