Ел-жұрт екеумізді жиі шатастыратын. Нұртілеу мен Нұртөре. Атымыздың бастапқы буыны бірдей. Ұялы телефондарына есімдерімізді сақтап қойған азаматтар соңғы жағына қарамай қоңырау шалып жататын. Сондай кезде Нұрекең «Әй, бауырым, саған ызбандайтын кісілер маған соғып жатыр, мақұл дей бердім» деп қалжыңдап та қоятын. «Маған да бір қыздар тыным бермейді, бәрі тележұлдыз болғысы келеді, сіздің мектебіңізден өтсек деп қиылып тұрады» деп мен де есе жібермеуге тырысамын. Ағамыз күлгенде шалқайыңқырап барып, жүзіндегі нұрды сақтап тұрып қалатын. Әсіресе, тауып айтқан сөзім болса, шек сілесі қатып, балаша мәз боп қалатын еді.
Жиі қоңырау шалмайды. Шала қалса, айтатыны кілең елдік мәселе. «Ілияс Жансүгіровтің мерейтойы елдің есінен шығып барады, Ақсу ауданының әлеуметтік мәселесі бар», «талантты жастарға көңіл бөлінсе» деген тұрғыда. Осы мәселелерді тек айтып қана қоймайды. Қоғамдық пікірге қозғау салады. Тиісті органдардың басшыларына ойтүртпек тастайды. Сондай ықтияттылығының арқасында Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығын өткізуге бар күшін салды. Ақын тойының тек бір аудан көлемінде қалып қоймай, республикалық масштабта өтуі үшін өзінің бар атын, абыройын салды десек артық болмас. Ілияс Жансүгіров есімін ұлықтау мақсатында ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды, ақындар мүшәйрасын өткізді.
Бірде телефон тұтқасын көтерсем, жақсы көңіл күйде екен. «Менің бір таныс досым немересіне сіздің атыңызды қойсам дейді, соған рұқсат керек екен, қалай қарайсыз?» деп ақжарма қалпында аңқылдай сөйледі. «Нұреке-ау, дұрыс қараймыз ғой, онсыз да Нұрекеңдер көп емеспіз» деймін. Балаша мәз болды...
Қазақ тележурналистикасының жарық жұлдызы Нұртілеу Иманғалиұлының есімі елге жақсы таныс. Бұл кісінің «Бай-қуатты болайық» деген бірауыз сөзі қазақтың қанатты сөздерінің санатына кіріп кетті. «Жадыңда ма, жолдас?!», «Жас жігер», «Көзқарас», «Алтыбақан», «Айна», «Заң мен заман», «Ақиқат пен аңыз», «Дидар», «Жастар дауысы», «Арай», «Көкпар», «Ой-көкпар», «Бетпе-бет», «Дін мен діл», «Арнайы репортаж», «Діңгек», «Қолтаңба», Nur Tileý тәрізді қаншама хабар түсірді.
Қазақта «Отымен кіріп, күлімен шыққан» деген теңеу сөз бар. Нұрекеңнің өмір жолы осыған анық дәлел. Қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма Төрағасы қызметін атқарды. Телевизияның бүткіл болмысын, жаратылысын ішінде жүріп, ізденіс пен іргелі зерттеу арқылы терең таныған тұлға. Қазаққа да солай танылды.
«Хабар» арнасының ардагері, танымал тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасаров «Нұртілеумен қанша жыл бірге істедік, бірге жүрдік... Студенттік жылдан бері жақсы таныспын, түрлі спорттық секцияларға да бірге қатыстық. Бір телевидениеде жұмыс істедім. Жас күнінен өте белсенді болды. Қолына гитарасын алып, ән салатын еді. Кеше ғана өткендей бәрі менің көз алдымда... Көптеген хабарлар, авторлық бағдарламаларды тізгіндеу бұйырды. Оның мамандығын жақсы көретіні соншалық, әр бағдарламасынан көрініп тұратын. Теледидарға әртүрлі жаңалықтар алып келгісі келетін. Қазақ теледидарында Нұртілеудей із қалдырған адамдар санаулы. Нұртілеу телевизияға жан-тәнімен берілген адам. Ол бүкіл саналы ғұмырын бір ғана салаға арнаған. Нұртілеуді халық жақсы көреді. Неге десеңіз, ол мамандығын жақсы көреді. Келешекте Нұртілеу сияқты сөз саптайтын, Нұртілеу сияқты әдемі, сымбатты болып жүретін ұрпақ келетініне сенемін. Журналист деген қандай болу керек десе, Нұртілеуді көрсетуге болады. Дене бітімін қараңыз, жүрісін, киім киісін қараңыз, сөйлеуін, өзін ортада ұстауын қараңыз. Халық жадында журналист деп тамсанатындай болып қалды. Егер жақсы журналистер шығып жатса, «Ойпырмай, мынау Нұртілеуден айнымай қалыпты» дейтін болады. Көп жастар оған еліктейтін болады», – деп жазыпты. Әділ баға!
Әлихан Бөкейханұлының «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден деген» сөзін бәріміз жақсы білеміз. Нұртілеу Иманғалиұлын ерекшелейтін нәрсе – тап осы мінез! «Тәуелсіздік» деп бөрікті аспанға ату бір бөлек. Өкініштісі, тәуелсіздіктің бізге емес, керісінше біздің сол егемендікке, достыққа, қазақтың қазаққа тәуелді болу керектігіне санамыз жетпей жатыр. Бұл өкініш бүкіл жұмысымыздың болмыс-бітімінен көрініп қалып отыр. Әрине, қазақ журналистикасының тәуелсіздігімізді мойындағаннан бергі тындырған ісі ұшан-теңіз. Оны мойындау керек. Қазақ журналистикасы кей жағдайда ақын-жазушылардың шамасы жетпей жатқан дүниелерді белгілі бір деңгейде атқара алды. Нәтижесінде, қазақ мемлекеттілігінің шежіресі жасалды. Тек бұл мәселе ғылыми айналымға түспей отыр. Объективті дегеннен шығады, қылышынан қан тамған сонау Кеңес үкіметі кезінде айтылуға, жазылуға тыйым салынған тақырыптар көп болды. Бірақ, айтылмауы тиістіні айтып, жазылмауы тиістіні жазғандар, сол үшін атылып кеткен қаламгерлер де аз болған жоқ. Ал, біз қоғамға, ұлтқа қажетті мәселеге келгенде, көңілжықпастыққа салынып кетіп отырмыз. Белсенділіктің өзі есеппен болатын жағдайға жеттік. Айтқысы келетіндердің эфирден алыс жүруі айта алмайтындардың телеарнаға келуіне ықпал етеді. Кезіндегі Оралхан Бөкей, Асқар Сүлейменов, Шерхан Мұртаза сияқты алыптардың бүгінде болмауы от ауызды, орақ тілді журналистиканың толыққанды қалыптаса алмауына жол ашып отыр», – деген пікірі сол мінезді адамның ғана аузынан шығатын сөз.
Жалпы, киім адамның өзі үшін ғана қажет нәрсе емес, бұл жеке тұлғаның сыртқы ортаға, қоғамға деген құрметі. Нұрекең заман ыңғайына қарай сән-салтанатпен де, сауық-салтанатпен де жақсы киіне білген кісі. Жай демалыс сәтінде киетін спорттық киімдерінің өзі, тұтынған, ұстаған заттары – түрлі қанжар, қамшы тағы басқа ұлттық нақыштағы бұйымдардың өзі Нұрекеңнің қазақы қалпын айғақтайтын мұра болып қалды.
«Жас Алаш» газетінде бас редактор болып жүргенімде «Бетпе-бет» хабарына шақырды. Бұрын сырттай немесе теледидардан ғана көретін ағамызды осы жолы бетпе-бет көрдім. «Не туралы сөз етеміз?» деп сұрап едім, хабардың аты – «Бетпе-бет», «қазір бастаймыз» деді де тікелей эфирді бастап кетті. Сұрақтары сұрапыл. Боксерлердің оңнан, солдан, бүйректен соққы бергені тәрізді бірінен кейін бірін төпеледі. «Ұрыста тұрыс жоқ» деген қағиданы басшылыққа алып, мен деп шамам келгенше жауап беріп жатырмын. Ұмытпасам, соңғы жағында қазақ тіліне қатысты бір сұрақ қойды, соған жастықтың әсері ме, ойланбастан тіл төңірегіндегі нақты жағдайды бүркеп жасқамай, ашығын айтып жіберіппін.
Кейін бір кездескенде «Жақсы жауап бердің, ең бастысы өтірік айтқан жоқсың, жалтарып кетпедің, бәрі дұрыс. Тек сенің тілге қатысты пікірің ең жоғары тұрған адамға ұнамапты...Мен де ескерту алдым...Бірақ сенікі дұрыс деп есептеймін» деп қолымды қысқаны бар.
2017 жылдың күз айының тамаша бір күні Нұртілеу аға қоңырау шалды. «Менің туған ауданым бар – Ақсу деген. Соған республикалық басылымдардың назарын аудартайын деп едім, мүмкіндік болса өзің де жүрсең, бірге барып қайтайық» деді. Алматыдан Құлтөлеу Мұқаш, Қарагөз Смаділ, Гүлзина Бектасова және бірнеше телеарна журналистерін топтап, Нұртілеу Иманғалиұлы жол бастап, Ақсу ауданына бет алдық.
Негізі жолсапар – журналистің «азығы» ғана емес, адам танудың әдемі мектебі. Жол бойы Нұрекең өз өмірінен, телевидение мен қазақ журналистикасы тақырыбында қаншама әңгіме айтты. Көліктің алдыңғы орындығында ағамыз, біз – артта. Кей әңгімесіне Құлтөлеу екеуміздің ынтамыздың артқаны сондай, тура желкесіне дейін ұмтылып, құлақ қоя тыңдаймыз. Күлкілі жерінде көзден жас аққанша күлеміз.
«Өздерің білесіңдер, телевизия – менің бүкіл ғұмырым. Осы уақытқа дейінгі жүріс-тұрысымның діңгегі. Негізгі қайнар бұлағы. Күйініш-сүйінішімнің тұмары. Арман әрі жалған өмірдің шырағы. Бірде шайқалған, енді бірде шалқайған көңілімнің сыңары. Үнемі қырағы, ара-тұра қажет кезде телеөнімнің сыңары (сыншысы) болар көрермен, менің тыныс-тіршілігімнің бөлінбес бөлшегі, көрінбес өлшемі» деп кішкене ғана дүние жазған едім. Телевизияны көрмейтін адам жоқ. Қанша көрмеймін дегенмен, үйінде 1 адам болса да, міндетті түрде көреді. Газеттердің тиражы ең көп дегенде 10-15 мың. Ал енді эфирден өтетін бір хабарды ең аз дегенде бірнеше миллион адам көретініне еш күмән келтірмеймін. Біз біліп-білмей, жөнді-жөнсіз салыстырғанға шеберміз. Шыны керек, Ресей телевизиясының хабарлары біздің телеөнімге қарағанда, сәл болса да жоғары тұратыны ешкімге де жасырын емес. Себебі, онда бүкіл шығармашылық бағыт-бағдарын айқындайтын ұжым, яки тұтас бір институт арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Режиссура, образ деген ұғымдар және бар. Жаңағы ұжым кеңестік кезеңде мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру институты деп аталған-ды. Сол институт сақталды. Қазір ол басқаша аталады. Ресейдің 147 арнасының тактикасы мен стратегиясын анықтайтын ірі орталық, ғылыми ұжым. Сондай орталық Казмедианың жанынан ашылды. Қазір ол «телевизия мектебі» деп аталады. Бірақ ол әлі әлсіз. Телемамандар, журналистер жұмыс істеп отыр. Алайда олар ештеңе өндірмейді. Оның аржағында ғалымдар тұруы керек. Ол жерге тарихшылар, социологтар, филологтар, тәжірибесі мол, өмірден сабақ алған кәсіби мамандар жиналуы керек. Жаңағы Мәскеудің орталығы әр арнаның қайсысы жаңалықты қай тұрғыда эфирге беру қажеттігі жөнінде де бағыт-бағдар береді. Бізде бағыт-бағдарды билік береді. Біздің ұлттық телевизияның мектебі толық қалыптасты деп айтуға ауыз бармайды. Менің алдымдағы ағалардың, әріптестерімнің, замандастарымның, осы сала мамандарының өзіндік мектебі бар екені сөзсіз. Өкініштісі сол, ол мектеп ғылыми айналымға, белгілі бір жүйеге түскен жоқ. Сұлтан Оразалиннің мектебі, Құсман Игісіновтың мектебі, Роза Темірғалиқызының және тағы да басқа телетұлғалардың мектебі керек-ау деп ойлаймын. Мектеп оларға керегі жоқ. Менің мектебім де маған керегі жоқ. Ол бізден кейінгілерге керек. Телевизияның өсуіне, өркендеуіне жұмыс істейтін механизм бұл. Ал ХХІ ғасыр – білім, ілім, ғылым ғасыры. Баяғы Байтұрсынұлы айтқандай, «Кім білімді, ғылымды болса, сол озуға тиісті», – деп ұзақтан толғай сөйледі.
– «Айқынның» таралымы қырық мыңға жуық, он-он бес мыңнан аспайды деп сүмірейтіп жіберген жоқсыз ба? – деп Қарагөз Смаділ әңгімеге араласты.
– Ойпырай, байқамай қалыппын ғой. Камал ағаның айтатын сөзі бар: Жолсапарға шыққан газеттің журналистері жолсапардан түсіріп келген деректерді, цифрларды блокнотынан қағаз бетіне түсірген кезде, оның жұмысы бітеді. Ал телевизияның журналистері, оны қағаз бетіне түсірген кезде, жұмысы басталады дейтін.
– Тележурналистер «Нұрекеңмен жұмыс істеген рахат қой» дейді. Режиссер де, монтажер де бола бересіз...
– Ай, Қарагөз қалқам-ай! Соның бәрін жетіскеннен істеді дейсің бе? Технологияны бірқыдыру меңгердім. Кез келген телестудияға кірсем, ондағы жарықтың параметрін бір қарап-ақ айта беремін. Журналистің мәртебесін көтеретін эфирде қалай болса солай сөйлеп отыру емес, керісінше есті сөз, ескі сөз, керек болса, сесті сөз айта алатын қабілет. Телевизия – ұжымдық жұмыс. Режиссерлер, бейнеинженерлер, ассистенттер, суретшілер, жарық берушілер, дыбыс режиссерлері, сондай-ақ менің аузыма түспеген қаншама маманның қатысуымен дайындалады әр хабар. Біз сол мамандардың жасаған еңбегін ғылыми жүйеге түсіріп, соны мектеп жасайтындай дәрежеге жеткізер болсақ, бүгінгі телевизияға қатысты айтылып жүрген көп проблема күн тәртібінен автоматты түрде өзі-ақ түсіп қалар еді.
– Бір хабарыңызда «Сұмдық! Бірақ шындық! Ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлмесек, бәріміз тындық!» деп ақындарша ұйқастырғаныңыз есімізде. Ақындығыңыз қалай? Өлең жазасыз ба? – деп Қарагөз де қаузай бастады.
– Анам он төрт құрсақ көтерген жан еді. Үйдің сүт кенжесі болғасын, атам мені бауырына басты. Қысқасы «Шалдың баласы» болдым. Әкем есепші болып қызмет істеді. Бірде ақын Мұқағали Мақатаев келді ауылға. Мәдениет үйінде «Көк орамал» деген өлең оқыды. Соғысқа аттанған жігітке қалыңдығы көк орамал сыйлайды. Жігіт әлгі орамалды тастамайды. Жарақат алып, жарасын таңады. Мұқағали өлең оқығанда дауыс ырғағы өзгеріп, әр сөзді шегелеп, нәшіне келтіріп ерекше екпінмен оқыды. Осы маған қатты әсер етті. Өзімше еліктеп «Боз орамал» деген өлең жаздым. «Көк орамалды» ақын кітаптарынан таба алмадым. Сол кезден бастап өлең жазуды әдетке айналдырдым. Тағы бір әуестігім бар, кілең қалың дәптер жинаймын. Жай дәптерге емес, сондай қалың дәптерге жазғанды жақсы көрем. Талай жылдан бері жиналған бір чемодан дәптерім бар, – деді Нұрекең.
– Қазіргі журналистикаға көңіліңіз тола ма? – деді Қарагөз.
– Бұл – елдің бүгіні мен ертеңі үшін жан алып, жан берісетін мамандық. Бұрын журналистерден ел аяғын тартатын. Газетке бір сын шықса, талайдың аяғы аспаннан келетін. Қазір журналист «қоғамдық пікірді қалыптастырушы» деген рөлде. Журналистиканың алдына қойған мақсаты – ұлттық санаға әсер ету. Журналистика – ұлттық сананы не аспандатады, не құлдыратады. Осыны жан-тәнімен түсінбей журналистикаға келу – қателік. Билік журналистикамен есептесуі, айтылған, жазылған, көтерілген мәселеге құлақ асуы керек. Журналистер – билік пен халықтың ортасындағы алтын көпір екенін түсінуі тиіс. Билік ақпарат құралдарын, телевизияны өзінің мүддесін іске асыру механизмі ретінде пайдаланған жерде, ол өнер ретінде өледі, дамымайды. Журналистика, менің түсінігімде, қоғамды өзгертпейді. Бірақ қоғамды өзгертетін – проблемаларды, мәселелерді көтере алады. Қандай сұмдық болса да, шындықты айтудың негізгі құралына айналуымыз керек. Соның ішінде телевизия. Бұл үшін теле тұлға керек, телемамандар, әуелі жүргізушілер әнші-биші емес, журналистер осы биіктікке көтерілгенде, шәлдім-бәлдімдердің бәрі эфирден өздері-ақ кетеді. Бұрын журналистерді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аталатын үлкен қарашаңырақ дайындап шығаратын. Бүгінде еліміздің жиырмадан астам жоғарғы оқу орнында журналист мамандығы бар. Сан қуып жүргенімізде сападан айырылып қалдық. Бұл – бір. Екіншіден, ХХІ ғасыр – білімнің, ғылымның ғасыры. Сондықтан біздің жөндейтін де, ретке келтіретін де дүниелеріміз көп. Журналистикаға мінез жетіспей жатқандығы да жасырын емес.
– Ауылға шыққанда өз кәсібімізден басқа нәрсені айтайықшы, осы сізді моншаға түсудің маманы дейді, сол жағын айтыңызшы, – деді Құлтөлеу.
– Әй, сен де қайдағы-жайдағыны қозғайсың. Рас, моншаға мен құсап түсетін қазақ шамалы. Қырық жылдан асты. Монша – адам ағзасын таза ұстаудың, өзіңді жеңіл сезінудің, сергек жүрудің кепілі. Сондықтан орыс, түрік, фин ғалымдары, дәрігерлері жазған моншаға түсудің ондаған тәсілдері туралы еңбектерді түгел оқып шықтым. Тіпті, моншаның маманы болдым. Пікір бөлісетін орта таптым. Олармен бай тәжірибемді бөлісуді құпия санамаймын. Кейбір кісілер парда отырғанда, терлегенді ұнатады. Бұл қате. Парда ұзақ отырып терлеу жүректің дертке ұшырауын күшейтеді. Пардан шыққаннан кейін терлеген пайдалы. Сұйықты көп ішпеген дұрыс. Денеден алдымен су, тұз, сонан соң басқа да артық заттар шығады. Адамның шөлі қанбайтын кез – калий мен кальцийді қажетті деңгейге жеткізе алмау. Осы екеуін ағзада қалыпты ұстау үшін алма, алмұрт секілді, құрамында минералы мол көкөніс жеймін.
– Бәсе, ағамыздың сымдай тартылып, жарау аттай жортып жүруінің себебі осында жатыр екен ғой, – деп таңырқасып жатырмыз.
– Бұл кісіден бильярд ойнаудың қыр-сырын үйрену керек, – дедім әңгіме арасында.
– Сені де жақсы ойнайды деп естідім, – деді ағамыз.
– Біздікі жай ермек.
– Ойнай алмаймын деген адамдардан қорқу керек. Қалаға келгесін шар соғыстырып көрсек қайтеді?
– Бұйыртса, оны да көрейік, – дедім. Кейін бірталай жерде, журналистер арасындағы турнирлерде ойнадық. Нұрекең бильярдты өте жақсы ойнайды екен. Аспайды, саспайды. Ойыннан ләззат алады.
Ақсу ауданын екі күн араладық. «Айқынға» екі бет аудан туралы материал шықты. Нұртілеу аға айрықша ықыласын білдіріп алғыс айтты. Ол кісінің туған жерінде гранит тастың мол қоры бар екен. Сырттан инвестор келіп, соны игере бастапты.
– Нұраға, өзіңіз алтын сандықтың үстінде отырсыз. Туған жеріңіздің тасына дейін қып-қызыл ақша. Қолыңызда мүмкіндік барда басқа емес, осы жердің азаматтары бас болып, ие болмайсыздар ма? – дейміз Құлтөлеу екеуміз екі жақтап.
– Адал тұрып, адал жүріп, тыныш ұйықтағаннан артық байлық бар ма? Менің байлығым – елім!
– Ағаларың шіліңгір шілдеде етті мұздатқышқа салмай сақтаудың сырын біледі, – дедім әріптестеріме.
– Сендер мені қаузай бермей, өздерің туралы да айтсаңдаршы, – деді Нұрекең. – Ал ет сақтайтын орынды үйге шақырамын, сонда көрерсіңдер.
Расында, көп ұзамай үйіне шақырды. Ет сақтайтын шоланды көрсетті. Керемет! Қарлығаш жеңгеміз екеуі құрақ ұшып дастарқан жайып, арқа-жарқа отырғанымыз есте. Әңгіме айтқанда жан-тәнімен беріліп айтады. Қоспасы жоқ. Шынайы.
Нұртілеу Иманғалиұлы ұлттық арна эфиріне Nur Tileý бағдарламасымен жарқ ете қалды. «Барлық салмақты сөзге салдық. Сұхбатқа кез келген қазақ шақырылмайды. Есімі елеулі, ел-жұрттың алдында абыройлы, айтар ойы анық, бүкпесіз, нақ сөйлейтін тұлғалармен жүздессек деп ойлаймыз. Саясаттан ада, ұлттық құндылықтарды әспеттейтін жоба бұл. Науқаншыл емеспіз, бірақ жайдақ, жалтақ та бола қоймаспыз. Nur Tileý – салмақты сөз, сан алуан тақырып, айтары бар адамдардың әңгімесі. Руханият, ұлттық құндылықтар сынды қазаққа қатысты дүниелер осының ішіне кіреді. Өзіңді соған арнайы шақырып отырмын», – деді бірде.
Бардым. Жақсы хабар болды. Нұртілеу аға әдеттегі ақжарқын күлкісіне салып, «біз ескі, есті, керек болса, сесті сөзді де айтамыз. Өрекпіген өлерменнің сөзі емес, үмітін үкілеген көрерменнің сөзін сөйлейміз. Бәріміз бай-қуатты болайық!» деді. Өткір және тосын сұрақтар қойды. Шама келгенше жауап бердік. Риза болғанда алшы асықты иіріп тастайтыны бар. Бірнеше алшы алдық.
Соңғы рет көргенім сол хабарда.
Ақпанның 17-сі күні ел арыстай азаматынан айрылды. Қалың қазақ қайғырды.
Өзі өмірден өтсе де, жарқын бейнесі жұрт жадында қалды. Журналистика факультетінің студенттеріне «Нұртілеу Иманғалиұлы» атындағы арнайы стипендия тағайындалды. Парламент Сенаты ұйымдастырған «Аманат» конкурсы аясында «Нұртілеу Иманғалиұлы» атында журналистерге арналған арнайы сыйлық бекітілді. Телевизия ардагерінің атында волейболдан турнир өткізілді. Ақсу ауданының құрметті азаматы, телевизия тарланы, үш мәрте Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңген қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлының есімі елмен бірге жасай береді.
Нұртөре ЖҮСІП,
Қазақстан Парламенті Сенатының
депутаты