Жаза қатаң ортада ғылым да өркен жаяды
Жаза қатаң ортада ғылым да өркен жаяды
1,099
оқылды
Әлемде жоғары оқу орын­дарының беделі мен сапа­сын бағалауға кө­мектесетін рейтинг көп. Солардың ішін­де, әсіресе Times Higher Education World University Rankings пен QS World University Rankings нәтиже­леріне ерекше мән бе­ріледі. Бұл ті­зімде алғашқы орында тұр­ған уни­верситеттердің бәрінің ал­дын­да бәсі биік. Жа­қын­да отан­дық ғалым, халықара­лық «Бола­шақ» бағдарлама­сының түлегі Арай Ілиясова-Шенфельд осы екі рейтингті әзірлеуге сарап­шы ретінде шақырту алды. – Жуырда сіз әлемдегі ЖОО-лардың ең беделді рейтингтері са­налатын Times Higher Education World University Rankings және QS World University Rankings зерттеу­леріне ғалым және сарапшы ретінде қатысуға шақырту ал­дыңыз. Бұл зерт­­теулер университеттердің акаде­миялық беделін қандай критерийлер бойынша анықтайды? Олардың өзара айырмашылықтары неде? – 2004 және 2009 жылдар ара­лығында бұл екеуі бір рейтинг бо­латын. 2010 жылдан бастап олар әр­түрлі әдісті пайдаланып, бөлек рей­тингтер құрастырып келеді. Times Higher Education журналы төрт түрлі рейтингті әзірлейді: уни­­верситеттердің жалпы әлемдік рей­тингі, пәндік рейтинг, академиялық бедел рейтингі, сондай-ақ Азия, Латын Америкасы және БРИКС елдеріне арналған өңірлік рейтинг. Мен осылардың ішінде жалпыәлем­дік рей­тингті анықтауға қаты­самын. Енді бұлардың негізге алатын көрсеткіште­ріне келсек, Times Higher Education 5 түрлі санатқа топтал­ған 13 критерийге мән береді: оқыту (жалпы бағалаудың 30%-ына тең), зерт­теу (30%), сілтеме жасау (32,5%), халықаралық әріптестік (5%), кіріс (2,5%). THE рейтингінің басқа рей­тингтерден ең басты ерекшелігі – оның университеттердегі сабақ оқу ортасына көңіл бөлетінінде. Басқа рейтингтер көбіне-көп ЖОО қабыр­ғасындағы зерттеулерге ғана назар аударады. Бұл басылымдар уақыт өткен сайын зерттеу әдіснамасын өзгертіп, толықтырып отырады. Мысалы, былтырға дейін THE журналы зерттеу жарияланымдары туралы деректерді Elsevier баспасынан алып отыратын. Енді оның орнына бұл іске сарапшы-ғалымдарды тартатын болды, мені де олар осы мақсатта шақырды. Бізден, яғни сарапшылардан өз пәндеріміз бен бізге жақсы таныс ЖОО-лардағы ғылыми-зерттеу және оқытудағы жетістіктер туралы пікір сұралады. Тағы бір айта кетерлігі, THE рейтингіне сарапшы ретінде қатысатын ғалымдарды университтер өз тарапынан ұсына алмайды, олардың бәрін журналдың өзі тәуелсіз түрде таңдайды. Бұл да рейтингтің мейлінше объективті, қандай да сыртқы ықпалдардан ада болуына көмектеседі. QS (Quacquarelli Symonds) рейтингі жайлы айтсақ, бұл тізімде ЖОО-лар 6 көрсеткіш бойын­ша өзара сайысады: академиялық бедел (жалпы бағалаудың 40%-ына тең), жұмыс беру­шілердің арасындағы беделі (10%), оқыту­шылық құрам­ның студенттер санына қатынасы (20%), сілтеме жасау (20%), шетелдік студент­тердің үлесі (5%), сондай-ақ шетелдік оқыту­шы­лардың үлесі (5%). Бұл рейтингке қатысты айты­латын сын оның субъективтілігі ха­қында, яғни рейтингке дерек­тердің басым көпшілігі адамдар пікірі арқылы жиналатыны біраз сынға ұшырады. – Әлемде университеттердің академиялық беделін анықтайтын рейтингтер бірқатар (мыса­лы, ең танымалдары Times Higher Education World University Rankings, QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities болса, олардан бөлек The Guardian University Guide, The Times Good University Guide, The Complete University Guide, тағы бас­қалары бар). Олардың ең сенімдірегі мыналар деп бөліп қарауға бола ма? – Университеттер рейтингін алғаш болып 1983 жылы U.S. News & World Report апталық журналы жариялаған болатын. Рейтингті құ­рас­тыруда студенттер мен «әріптес» журналдар арасындағы беделі, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші, студенттерге арналған материалдық көмектің мөлшері, топтардың орташа көлемі секілді бірнеше критерий есепке алынды. U.S. News & World Report сондай-ақ рейтингтегі университеттерді мем­ле­кеттік ЖОО-лар, гуманитарлық ғы­лымдарға немесе жаратылыстану ғылымдарына бейімделген ЖОО-лар, үздік бизнес бағдарламалары бар ЖОО-лар деген секілді санат­тарға бөледі. Уа­қыт өте келе басқа да басылымдар бұл дәстүрді іліп әкетіп, өз рейтингтерін жариялай бастады. жаза қатаң ортада Университеттер рейтингтері әр­түрлі көр­сеткіш негізінде құрас­тырылады. Әрбір көр­сеткіш ЖОО-ны бағалауға белгілі бір үлесін қо­сады. Сондықтан рейтингтерді өзара са­лыстыру қисынсыз, сізге дәл қай көрсеткіш маңызды – соған мән беру керек. Мәселен, Шанхай рей­тингі аталып кеткен Academic Ranking of World Universities академиялық рейтинг ретінде танымал, өйткені ондағы критерийлердің көпшілігі оқытушылар мен түлектердің ғы­лыми беделіне қатысты. Times Higher Education көп саланы қам­тыса да, оның ішінде зерттеулердің саны мен сапасына, сонымен қатар оларға сілтеме жасалауына көбірек мән береді. QS World University Rankings құрастырушылары ма­ман­дар даярлау сапасы жайлы жұмыс берушілердің пікірін де есепке ала­ды. Одан бөлек, пәндік рейтингтер де бар. Мысалы, сіз таңдаған уни­верситет жал­пы рейтингте төмендеу орында тұрғанымен, нақты сіз оқи­тын пән бойынша жоғары орында болуы мүмкін. Сондықтан бір ғана рейтингке қарап «тон піше салу» асығыстық дер едім. – Қандай жағдайда рейтингті нашар, яки әділетсіз, біржақты деп айтуға болады? – ЖОО-лар рейтингінің субъек­тивтілігі туралы зерттеушілер ара­сында біраз талқы бар. Кейбірінің пікірінше, рейтингті құрастыруда мүдделер қақтығысы болуы мүмкін. Олай дейтініміз – рейтингті жасай­тын ком­па­ниялардың басқа да ақы­лы қызметін тұрақты түрде пайда­ла­натын ЖОО-лардың көрсет­кіштері шын мәніндегіден жоғары болуы ықтимал. Тағы бір жайт, кейде уни­верситеттер зерттеуге қатысатын ға­лымдарды рейтинг жасаушыларға өздері ұсы­нады, ондайда да ғалым­дардан алынған деректердің бір­жақты болу қаупі бар. – Күзде Қазақстанның жоғары білім беру саласындағы рефор­ма­ларына Болон үдерісінің ықпалы жайында зерттеуіңізді жарияладыңыз. Онда қандай тұжырымдар жаса­дыңыз? Аталмыш процесс мақсатына жету үшін отандық білім жүйесіне қандай өзгерістер қажет? – Біздің ел Болон жүйесіне 2010 жылы кірді, бірақ 2007 жылдан бас­тап өтінім берген болатын. Пос­ткеңестік ел ретінде Қазақ­станның бұл жүйеге кіруге қызығушылық та­­нытқанына еуропалықтар таңда­ныс білдіргені рас. Біріншіден, біз ТМД елі­міз, Азияда орналасқанбыз, екіншіден, Еуропа мәдени конвен­циясына мүше емеспіз. Ал Болон үде­рісіне қосылу үшін аталмыш кон­­цепцияны қабылдау мін­детті бо­латын. Ақыры 2010 жылы ОБСЕ төрағасы бо­луымыз маңызды рөл ат­қарып, наурыз айында Болон үдерісіне қосылдық. Бұл процестің принциптерін заң жүзінде орындау қиын болмады: кредиттік жүйеге өттік, бакалавриат, магистратура, докторантурадан тұратын үш циклді оқытуға көштік. Бірақ олар­дан бөлек, еуропалық құндылықтарды сіңіру деген де бар, ол тез жүзеге аса қоя­тын дүние емес. Бізде еуропалық­тармен ортақ мәдениет жоқ, сол себепті Болон про­цесінің құнды­лықтарын да оп-оңай ала алдық деп айта қою қиын. Мәселен, ол бойын­ша, студент – негізгі тұлға. Ол өз пәнін өзі таңдайды, дербес акаде­миялық жоспары болады, сабақ бе­ретін мұғалімдерді де таңдау құқы­на ие. Ал бізде әлі кеңестік кездің сар­қыншағы бар. Кеңестік стильде басты рөл мұғалімде болатын. Док­то­рантурада да солай. Біз әлі ке­ңес­тік оқыту стилімен келеміз: док­тор­лық кеңесті қолдана­мыз. Еуро­пада олай емес, оларда басқа уни­верси­теттен сол тақырыпты зерт­теп жүр­ген экс­тернал эдвайзер таң­дайды, сондық­тан олар эксперт­тік пікір ай­та алады. Тағы бір айыр­ма­шы­лығы, Батыс елдерінде гуманитарлық салада док­тор­лық дәрежені қорғау үшін жур­налға жария­ланым міндетті шарт емес. Өйт­кені докторанту­раның өзін­де дис­сертация жазасың, соның өзі – үлкен жарияланым. Оған фид­бэкті су­пер­вайзер беруі керек. Бізде фа­куль­тет мү­шелерінде жауап­кершілік жоқ, ТОП жур­налдарға мақаласы шықса ғана докторантты қорғауға жібереді. Оған қоса, кейбір жетекшілер докторанттан өздерін авторлыққа қосуды талап етеді. Жетекші өз профайлын дамытуы үшін емес, докторанттың жетекшісі болған соң көмектесуге міндетті. – Бұрынырақта айтқан бір пікі­ріңізде елі­міздегі ғылыми гранттарды қаржыландыруда мүдделер қақты­ғысы бар екенін атап өткен едіңіз. Дамыған елдер тәжірибесінде бұл проблема қалай шешілген? – 2018 жылы отандық ғалымдар арасында осы мәселе жөнінде көп шу болды, сол кезде сапалық зерттеу жүргізген едім. Бізде, бірінші­ден, ғы­лыми гранттарға бөлінетін қара­жат аз. Елімізде жалпы ішкі өнімнен ҒЗТКЖ-ға (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-кон­трук­торлық жұмыс­тарға) арналған ішкі шы­ғындардың үлесі 2020 және 2021 жылдары 0,13%-ды құраған. 2003 жылы бұл көреткіш 0,25% еді. Дамыған ел­дерде прогресс бар болса, бізде, керісінше, регресс. Екіншіден, сол қара­жаттың өзі әділетті бөлінбейді. Ұлттық ғылыми кеңестер бар, ол біз­ге керек пе? Бізде ғалым аз, сон­дық­тан мүдделер қақтығысы жиі көрініс табады. Қандай жағдайда мүдделер қақтығысы болуы мүмкін? Ұлттық ғылыми кеңес мүшелері зерттеудің әзірленуіне, жүр­гізілуіне қатысуы мүмкін, зерттеуге немесе оның нәтижесіне қа­тысты қаржы­лық мүддесі болуы мүмкін, зерт­теуге қатысты ұйымның басшысы болуы не­месе онымен консультативтік қа­рым-қатынаста болуы мүмкін. Ереже бойынша, ҰҒК мүшелері мүдделер қақтығысы болуы ықтимал зерттеуді қарастырудан өзді­гінен бас тартуы керек. Сондай-ақ ҰҒК мү­шесінің статусы конкурс барысында өзгерсе де, ол бұл жайында хабар­лауы қажет. Ереже бұ­зылған жағдайда ға­лымды жазалау шаралары да бекі­тілуі тиіс. Батыста қалай? Ғылыми қауым­дастықта мүд­делер қақтығы­сы, плагиат, дерек­терді бұрма­лаушы­лық, лицензия деген нәр­селер мұ­қият қаралады. Ереже бұзған ғалым­дар «қара тізімге» ілігеді, сосын оларды әріптестері де, жұмыс беру­шілер де шеттетеді, яғни жаза ауыр, сон­дықтан олар репутацияны қатты бағалайды. Есесіне ғылым да осын­дай ортада өркен жаяды. – Сізді Young Researchers Alliance (YRA) қауымдастығының негізін салу­шылардың бірі ретінде де та­нимыз. Төрт жыл ішінде оның аясында қан­дай жобаларды жүзеге асыр­дыңыз­дар? – Өзім сияқты Батыста оқыған әріптестерім Қазақстанға қайтқанда, ғалымдар болып жиналатын, та­нысатын, пікір алмасатын, идея­ларымызды бөлісетін алаң таппадық. Соны ескеріп, бір топ ғалым осы қауымдастықты құр­ған едік. Қауым­дастық аясында тұрақты түрде форумдар, жобалар ұйымдастыры­лып тұрады. ЖОО-лармен тиімді әріп­тестік орнатып, өңірлерде ғы­лымды насихаттауға арналған се­минарлар өткізу мақсатында YRA Meetup жо­басын, жас ғалымдардың ғылыми жетістіктерін академия қа­бырғасынан тыс, бейресми алаң­дарда бөлісу мақсатында Gylymtanu жобасын іске қостық. Сондай-ақ бар­лық саладағы зерт­теуші-студент­тердің ғылыми әлеуетін дамытуға арналған FRIP бағдарла­масын әзір­ледік. Оның аясында біздер, тәжіри­белі ғалымдар, студент­тердің қар­жылай қолдау алу мүмкіндігіне ие жобаларын қарап, фидбек беріп, өз кеңесімізді беріп тұрдық. Осылайша, жастарға ғылыммен айналысу ра­сында қызық екенін, жалықтыр­май­­тынын түсіндіруге ты­рыстық. Қазір қауым­дастықтың жұмысын ізбасар-әріптестерім жалғастырып жатыр. – Әңгімеңізге рақмет!