Келісімшартсыз кесел көп
Келісімшартсыз кесел көп
741
оқылды
Пәтерді жалдау да, жалға беру де – шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі. Себебі нарықты реттейтін арнайы ұйым жоқ. Салдарынан пәтер иелері мен жалға алушылар көбіне ауызша келісімге келеді. Жазбаша келісімшарттан қашатындар – пәтерін заңсыз жалға беріп отырғандар. Былтыр пәтерін жалға беретін 1700-ден астам азаматтың салық органдарына тіркелмегендігі анықталыпты. Қаржы министрлігі Мемле­кеттік кірістер комитетінің төра­ғасы Данияр Жанәліновтың ай­туынша, салық органдары жалға пәтер беретіндердің барлығын тексере алмайды. Себебі шағын және орта бизнесті тексеруге уа­қытша мораторий бар. Алайда ко­митет ІІМ-мен бірлесіп жұмыс атқарған. Нәтижесінде, Қазақ­станда тұрғын үйді жалға беретін 5 109 жылжымайтын мүлік иесі анықталыпты.
– Оның 1 410-ы салық төлейді, 1 331-і – үй иелерінің туыстары мен достары, қалған 1 716 азамат салық органдарында тіркелмеген. Бүгінде жалға берушілер қазынаға тіркелген жеке кәсіпкерлік бойын­ша 1,3 млн теңгеден астам салық төледі, – дейді Данияр Жанәлінов.
Пәтер иесінің пәрмені күшті Бұл анықталғандары ғана. Ал әлі анықталмағандары қаншама? Айталық, «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес ак­цио­нерлік қоғамының деректері бойынша 2021 жылдың аяғында 84 394 адамның атында 3 жылжы­май­тын мүлік тіркелген. 16 509 адам­ның атында 4 жылжымайтын мүлік нысаны тіркелген. Бір басында 5 нысаны барлардың саны әлдеқайда аз – 4 823. 1 935 адамда 6 пәтерден бар. 742 адамда 7 пәтерден бар. Осы­лайша, пәтер саны көбейген сайын адам саны азая түседі. Бірақ шамамен 147 адамның атына 20-дан астам баспана тіркелген. Де­генмен, бұлардың көпшілігі пә­те­рін жалға берсе де, салық орган­дарына тіркелмей келеді. Заң ал­дындағы жауапкершіліктен қа­шатын пәтер иелері жалдаушылар алдында да ойына келгенін істеп жүр. Оны мобилизация кезінде пә­тер бағасының себепсіз ша­рықтап кетуінен, студенттердің тұрып жатқан баспаналарынан бір күнде айырылуынан көруге бо­лады. Ал жақында пәтер иесі қай­тыс болған жалдаушы азаматтың жақындарына бірден мәйітті алың­дар да кетіңдер депті. Мұндай жағдайларда тұтынушылардың қолында келісімшарт болма­ған­дықтан, олардың құқығын қор­ғайтын ешбір ұйым да табылмайды.
– Қазақстанда пәтерін жалға беретіндердің ортақ ұйымы жоқ. Сондықтан әрқайсы пәтер ақысын қалағанындай қоя береді. Үй баға­сының күрт өсуіне нарықта сұ­раныстың артқаны, қалаға ағылған адамдардың көптігі әсер етеді. На­рықтағы әдепкі құбылыс: үйге сұраныс артқан сайын баға да еселенеді. Риэлторлар тек іздеу­шіге сұрағанын тауып береді. Ары қарай үй иесі мен жалдаушының келісімшартқа келу, келмеуіне араласпаймыз, – дейді астаналық риэлтор Рүстем Бекметов.
Маманның айтуынша, жалға алу келісімшарты жазбаша түрде толтырылады. Нотариустың куә­лан­дыруы қажет емес және куә­лан­дыру бойынша шешімді тарап­тардың ниеті бойынша қабыл­дайды. Құжатта барлық жағдайы қамтылған, қос тараптың қолы қо­йылған болуы керек. Келісім­шарт уақыты бір жылға дейін болса, оны Әділет департаментінде тіркеудің қажеті жоқ. Ал егер одан ұзақмерзімге жасалса, онда оны тіркеу қажет болады. Әрбір тарап келісімшарт жасасу кезінде тір­кеуге кімнің жауапкершілік ала­тынын келісіп алуы тиіс. Ал қазіргі заңға сәйкес, әрбір баспана иесі жалға алушыларды өз үйіне уақытша тіркеуі қажет. Сонымен, келісімшартта не болуы тиіс? Құжат толтырғанда жеке куәлік­тердің уақыты өтіп кетпеген болуы тиіс. Келісімшартта екі тараптың да міндеттері нақты көрсетілуі қажет. Жалға берушінің баспанаға құқық иеленуші екенін растайтын құжаты болуы керек. Ал баспа­на­ның иесі заң жүзінде өзі болмаса, иесінің атынан жалға беруге но­тариус арқылы кепілдендірілген сенімхаты болуы керек.
– Елімізде кез келген жалға беруші не жеке кәсіпкерлігін ашуы тиіс, не патент алуы керек. Соған сәйкес салығын төлеп, емін-еркін өз пәтерін жалға беруіне болады. Осы жолмен жүрсе ғана жалға беруші түрлі қулық-сұмдықтан сақтана алады. Сәйкесінше, азын-аулық салығын төлеген пәтер иесі өз іс-әрекетінің заңдылығына се­німді бола алады, мемлекет ал­дында да таза болады. Дегенмен, біз пәтер иесінің салық органына тіркелгенін қызмет барысында қадағаламаймыз, – дейді Рүстем Бекметов.
Айыппұл әсер етпейді Заңгер Меруерт Қойайдаро­ва­ның айтуынша, пәтер иесі салық органына тіркелмей айыппұл тө­легенше, ай сайынғы салығын тө­леп жүргені тиімді. Қазiргi уа­қыт­та салық органдары жылжы­майтын мүлiктi жалға беруден түскен кiрiстердi анықтауға қызу кірісіп кеткен. Төленбеген са­лық­тар мен өсiмпұлдарды есептеп, уақытылы төлемегенi үшiн кiрiстi жасырған жалға берушiге айып­пұл түрiнде әкiмшiлiк жаза қол­данылады.
– Жылжымайтын мүлiктi жал­ға беру кәсiпкерлiк қызмет болып саналады. Одан түскен табысты жасырғаны үшiн әкiмшiлiк жа­уапкершiлiкке тартылып, салық салынатын болады. Заңды жалға беру ісін ұйымдастырудың төрт жолы бар: екі салық режимі жеке кәсіпкер (жеке кәсіпкер) ретінде тіркелуді көздейді, ал екеуі одан босатылады. Олардың әрқайсы­сының өз шарттары мен шектеулері бар. Егер жалға алу шарты 12 ай мерзiмге жасалса және тiркелмесе, онда шарт бойынша құқықтар мен мiндеттер жарамсыз деп есепте­ледi, себебi Заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес жылжы­май­тын мүлiкке құқықтар ауыртпа­лы­ғы (яғни жалға алу) оларды мем­лекеттiк тiркеген сәттен бастап күшіне ие, – дейді заңгер.
Кірістер комитетінің хабар­лауынша, бюджетке салық төлемей баспанасын жалға беретін жеке тұлғаларды анықтау үшін ведом­ствоаралық жоспар құрылды. Енді учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үйді заңсыз жалға беру­шілердің тізімін жасамақ. Бақылау аяқталған соң азаматтарға ескерту беріледі. Талапты орындамаған жағдайда басқа жауапкершілікке тартылады. [caption id="attachment_236380" align="aligncenter" width="1429"]пәтер жалдау © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Бұған дейін елде пәтерді заңсыз жалға берушілерге 7 миллион тең­геден аса айыппұл салынған. Заң­сыз кәсіпке салынатын айыппұл 45 мың теңгеден басталады. Қайта бұзғаны үшін 76 мың теңгеден аса ақша төлейді. Дегенмен, айына бір бөлмелі пәтерден 200-300 мың теңге табыс тауып отырып, 45 мың теңге айыппұл төлеу пәтер иелерін тәубесіне түсірмесі анық. Тіркелу тәртібі қандай? Үй иелері пәтерді заң бойынша жалға берудің машақаты көп деп ойлайды. Оған қоса, салық төлеуі керек. Алайда қазіргі кезде құжат рәсімдеу қиын емес, ыңғайлы са­лық мөлшерін де таңдауға мүм­кіндік бар. Сондықтан жыл сайын айыппұл төлегенше салық аударып отырған тиімді. Ол үшін пәтер иесі жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі ке­рек. Сонда өз пәтерін еш кедергісіз жалға бере алады. Ал салықтың мөлшері табысына қарай төленеді. Бүгінде үйді жалға беретін адамдар көп жағдайда екі салық салу режимінің біреуін таңдап жатады. Олар: патент (911.00 формасы) және жеңілдетілген декларация (910.00 формасы).
– Патентпен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер ең аз салық тө­лейді. Бюджетке табыстың 1 про­центі ғана аударылады. Патентпен салық есебін тапсырудың қажеті жоқ. Оны бір айға да алуға болады. Бірақ бірқатар шектеулері бар. Біріншіден, патентпен жұмыс істеу үшін жылдық табыстың кө­лемі 3 528 айлық есептік көрсет­кіштен, яғни, 10 806 264 теңгеден аспауы тиіс. Екіншіден, жалдамалы жұмысшыларды ұстауға болмайды. Ал жеңілдетілген декларация­мен үйді жинайтын және тағы басқа жұмыс істейтін жұмысшы­ларды жалдап қоюға мүмкіндік бар. Бірақ табыстың 3 процентін салық органдарына аударуға тура келеді. Сосын жарты жыл сайын салық есебін тапсырып отыру қа­жет, – дейді Меруерт Қойайдарова.
Айта кету керек, үш жылдық мораторий аясында патент пен жеңілдетілген декларациямен жұ­мыс істейтін жеке кәсіпкерлер осы жылдың соңына дейін табыс са­лығынан босатылды. Ал зейнет­ақы, әлеуметтік салық пен медици­налық сақтандыру жарналарын төлей береді. Заң бойынша жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, пәтерді жал­ға беруге болады. Оның да екі жо­лы бар. Біреуі – жеке табыс салы­ғының декларациясы (240.00 фор­масы), екіншісі – бірыңғай жиын­тық төлемі. Жеке табыс салығының декла­рациясы жылына бір рет 31 нау­рызға дейін тапсырылады. Са­лық­тың мөлшері – 10 процент. Оны 10 сәуірге дейін төлеп отыру қажет. Ал бірыңғай жиынтық тө­лемі бойын­ша есеп берудің қажеті жоқ. Бірақ осы төлем ай сайын жа­салады. Әрбір адам тұрған же­ріне қарай төлейді. Астана, респуб­ликалық және облыстық маңызы бар қала­лардың тұрғындары үшін – 1 АЕК (3 063 теңге), басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – 0,5 АЕК (1 532 теңге). Жеке табыс салығының дек­ларациясы мен бірыңғай жиын­тық төлемін пай­далану үшін жылдық табыстың көлемі 1 175 айлық есептік көрсет­кіштен, яғни, 3 599 025 теңгеден аспауы тиіс.
– Баспананы заңды түрде жалға берудің бірнеше артық тұсы бар. Біріншіден, адамның зейнет­ақы жарналары аударылып тұрады. Екіншіден, әлеуметтік және ме­дициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік бар. Ал әлеу­меттік сақтандыру жүйесі бойынша бірнеше төлем берілсе, медици­налық сақтандыру аясында қажетті ем-домды тегін алуға болады, – дейді заңгер.
Сондықтан да ертең себепсіз пәтерден шығып қалмауы үшін кез келген азамат пәтерді жалға алу­дың заңды жүйесі мен тәртібін білуі керек. Пәтер иесінің салық органына тіркелгенін анықтап барып, келісімшартқа қол қойғаны абзал. Әйтпесе, ауызбен шешілген келісімнің соңы түсініспеушілікке ұласады.