Балабақшада былық бар
Балабақшада былық бар
© коллаж: Елдар Қаба
1,159
оқылды
Солтүстік Қазақстан об­лысында жан басына шақ­қандағы қаржы­ландыру жүйесі бойынша жұмыс іс­тейтін білім мекеме­ле­рінде бірқатар қаржылық былық-шылықтың беті ашыл­ды. Бұл жайт Сол­түс­тік Қазақстан облысы бо­йынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті жүр­гізген тексеріс нәтижесінде белгілі болды. Тексерілген балабақшалардың дені мемлекеттік-жекелік әріп­тестік аясында бюджет қаража­тынан субсидия алып келген. Бі­рақ бөлінген қаржы мақсатты жұм­салмағаны анықталды. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті қызметкерлері осыдан күдік алып, бірден тексеріс бастаған. Олар облыстың сегіз аудандық білім бө­лімінде, әрі облыстық басқарма­сында, соның ішінде 14 балабақ­шада бюджет қаржысының пай­даланылуына тексеріс жүргізген. Мемлекеттік бюджеттің қаржысы білім мекемелерінің әлеуметтік ин­фрақұрылымын қамтамасыз етуге және жан басына шаққандағы қаржыландыруға бөлінген. Бірақ қыруар қаржы мақсатты пайдала­нылмаған болып шықты. БАЛА ҚАҒАЗДА БАР, БАЛАБАҚШАДА ЖОҚ Атап айтқанда, шын мәнісінде ауырып қалып, не басқа себеппен балабақшаға бармаған балалар үшін ақша төленген. Бірақ олар­дың медициналық анықтамалары, ата-анасының өтініштері немесе басқа құжаттары жоқ болып шық­қан. Табель бойынша бар, шын мәні­сінде балабақшаға бармаған бала­лар үшін 7 950,6 мың теңге шы­ғын­далыпты. Тіпті, басқа бала­бақшаға не мектепке ауысқан ба­лалар үшін де ақша алып келген мекемелер бар. Яғни, тәрбиелену­шілер қағаз жүзінде ғана бар болып шыққан. Ал мектепке дейінгі ме­ке­ме оларға бі­лім мен тәрбие бермесе де, мемле­кеттен тиісті қар­жысын алып кел­ген. Кейбір ба­лалар бір мезгілде бір­неше бала­бақшаға «барып жүр­ген». Мұндай тәртіп бұзушылық үшін 332,8 мың теңге бюджет қара­жаты бекер шы­ғындалған. Бүлдір­шіндер балабақ­шадан мектепке не басқа мекемеге ауысып кеткеннен соң да олар табельге енгізілген. Сол үшін 401,5 мың теңгенің заңбұзу­шылығы орын алған. Кезекке тұр­мастан және жолдамасыз 500-ден астам бала балабақшаға барып жүргені белгілі болды. Олар үшін 127 642,0 мың теңге жұмсалыпты. Бөбекжайлар мен шағын орта­лықтарда бірыңғай дерекқор ар­қылы білім беру ұйымдарына ба­лалардың келуін есепке алу ұйым­дастырылмаған болып шықты. Яғни бұл «Индиго» және «Бала­бақаша» ақпараттық жүйелерін тиімсіз пайдалану болып саналады. Ал осы бағдарламаларды жасауға кезінде 12 645,0 мың теңге жұмсал­ған екен.
«Балабақшаға қажетті негізгі құрал-жабдықты мемлекеттік тап­сырыс есебінен сатып алып, айла­сын асырмақшы болғандар да бар. Шын мәнісінде мемлекеттік тап­сырыс мектепке дейінгі ұйым­ның ағымдағы шығындарын өтеу үшін бөлінеді. Он балабақша 16 550,6 мың теңгені құрал-жабдыққа жұм­саған», – дейді Солтүстік Қазақ­стан облысы бойынша ішкі мем­лекеттік аудит департаменті бас­шысының орынбасары Қанат Досжанов.
Қызметкерлеріне еңбекақы және іссапар шығындарын төлеген кезде заңды белден басқандар да кезігеді. Мұндай заңбұзушылық­тардың салдарынан бюджетке 29 754,7 мың теңге шығын келтірілген. Бұл орайда, қызметкерлердің ең­бек өтілі дұрыс анықталмаған не­месе ерекше еңбек жағдайлары үшін үстемеақы және лауазымдық жалақыға түзету коэффициенті дұрыс қолданылмаған. Тіпті, кей­бір қызметкерлерге нақты жұмыс істемеген уақыт үшін де жалақы төленгені анықталды. Жалақыны 10 077,0 мың теңгеге артық жос­пар­лағандар бар. Іссапар шығындарын төлеу барысында 85,9 мың теңгенің заң бұзушылығына жол берілген. «Бухгалтерлік есеп және қар­жылық есептілік туралы» заңды бұзу салдарынан бюджетке 2 254,2 мың теңге шығын келтірілген. Бұған қоса 3 468 054,5 мың тең­генің рәсімдік сипаттағы тәртіп бұзушылығы тағы бар. Әзірге нақты қандай балабақ­шалар заңды белден басқаны жа­рия етілмей отыр. МЕМЛЕКЕТ СЕНІМІН ТЕРІС ПАЙДАЛАНҒАН
Департамент басшысының орынбасары Қанат Досжановтың пікірінше, мұндай келеңсіздіктің болуына кәсіпкерлерге шамадан тыс еркіндік берілгені себеп болуы ғажап емес. «Мемлекеттік-жекелік серіктестік жүйесі бойынша жұмыс істейтін балабақшалардың иеле­ріне өз қызметін өздері реттеуге рұқ­сат берілген. Бұл ретте мемле­кет кә­сіп­керлерді шамадан тыс есептер мен тексерістерден боса­тып, олардың әдептілігі мен па­расатталығына сенім артқан бо­латын. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие берумен айналысушы­лар­дан өз мойнына алған міндетте­ме­лерді адал атқару ғана талап етілген еді. Сол үшін оларға бірқатар же­ңілдіктер жа­салды, қосымша құн салығынан босатылды, салық тө­леуге үш жыл­ға мораторий енгі­зіл­ді. Бала­бақ­шаларды бір жылда бір реттен ар­тық тексеруге тыйым са­­лынды», – дейді Қанат Досжа­нов. Тіпті бала­бақшалар үшін са­нитарлық-эпи­демиологиялық нор­малар мен талаптар да жұм­сартылды.
Өкінішке қарай, бағдарламға қатысушылар мемлекеттік сенімін теріс пайдаланған болып шықты.
Бұл жайт ата-аналардың жаға­сын ұстатты. Өз балаларының арқасында бәзбіреулер қалтасын қампайтып келгені олардың кө­ңілінен шыға қоймағаны анық. «Мемлекеттік-жекешелік әріптес­тік аясындағы бизнеске келушілер оңай олжаны көздейді деп ойла­маушы едім. Балалармен жұмыс барысында олай болуы мүмкін емес. Әрине, бизнесте бірінші орында табыс табу тұратыны анық. Бірақ мектепке дейінгі тәрбие мен білім саласында олай болмауы тиіс. Ең алдымен, бүлдіршіндерге деген махаббаты бірінші орынға қою керек. Балабақшаны ашқан кезден бастап алғашқы табысқа жеткенше бірнеше жыл өтуі мүм­кін. Сондықтан мұндай бизнеске бел буған адам бір сәтте байып кетуді көздемей, осыған дайын болуы тиіс», – дейді петропавлдық Диляра Жұмабаева.
Тексеруші орган қабылдаған шаралардың нәтижесінде бүгінде мақсатсыз жұмсалған қаржының 7 104,5 мың теңгесі өтеліп, 2 236,7 мың теңгесі қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта аудит объекті­лері тиісті бюджет кірісіне қара­жатты толық өтеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Аудиторлық іс-шара нәтижесі бойынша білім беру нысандарына анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген адамдар­дың жауапкершілігін қарастыру туралы нұсқамалар жіберілді. Жүр­гізілген аудит қорытындысы бо­йынша облыстық білім басқар­масына да ұсынымдар берілді.

Солтүстік Қазақстан облысы