Атырауда шала туғандар көбейді
Атырауда шала туғандар көбейді
1,251
оқылды
Атырауда жүкті аналар арасында ерте босану жағдайлары көбейді. Бір ғана Атырау қаласындағы перзентханада жылына 270 сәби жансақтау бөлімінен ем алып шығады.
«Егер бұған дейін жансақтау бөліміне жылына шамамен 180-200 бала түсіп келген болса, соңғы жылдары картина өзгерді. Яғни, жарық дүние есігін ашпай жатып, реанимацияға түсетін сәбилер саны 70-80-ге дейін артып отыр», – дейді Атырау қалалық перзентханасының директоры Гүлзейнеп Дүсіпова.
Жансақтау бөліміне түсетін сәбилердің көбеюінің бір себебін мамандар мерзімінен бұрын босану дерегінің артуымен байланыстырып отыр. «Пандемия аналардың денсаулығына кері әсер етті. Аналардың кезінде коронавируспен ауыруы, медицина тілімен айтқанда, постковидтік жағдай ерте босану жағдайларын көбейтіп отыр.
Егер, пандемияға дейін ерте босану дерегі жылына орта есеппен 120 рет тіркелген болса, бүгінде ерте босанушылар саны 154-ке дейін жетіп отыр. Ерте өмірге келетін сәбилердің қатарында егіздер көп. Мұндай балалар көп жағдайда аз салмақпен туылады. Осындай кезеңде сәбиге алғашқы реанимациялық көмек көрсету өте маңызды, – дейді Гүлзейнеп Дүсіпова.
Өткен жылы Атырау облысында 8 685 нәресте дүние есігін ашты. Оның ішіндегі 435 сәби – мерзімінен бұрын өмірге келгендер.
Баян Қабақбаева – мерзімінен бұрын босанған аналардың бірі. «Жүктіліктің 34-ші аптасы еді. Шілденің кезі. 24-нен 25-не қараған түн болатын. Өзімді жайсыз сезініп, түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Шамамен сағат түнгі бір шамасында белімнен бір нәрсе үзіліп түскендей болды. Бойымды ауырлық басты. Қойнымда бір жасар сәбиім болғандықтан, таңды күтейін деп бекіндім. Онымен ұйықтай алмадым. Таңғы бес шамасында бойымнан қан кетті. Сөйтіп жедел жәрдем шақырып, Атырау қалалық перзентханасынан бір-ақ шықтым. Мені қабылдаған дәрігерлер жағдайымның ауыр екенін айтып, дереу ота жасауға алып кетті. Сөйтіп, шамамен таңғы сағат сегізде ота арқылы сәбиім өмірге келді. Мен операция үстелінен шамамен кешкі сағат бесте ояндым. Дәрігерлердің айтуынша, 3 литр қан жоғалтыппын. Соның салдарынан, іште жатқан сәбиім көп мөлшерде қан жұтып қойған. Плацента үзілу нәтижесінде сәбиім 34 аптасында өмірге келді. Жағдайымның ауырлығына қарамай, қабырғаларға сүйене жүріп, реанимацияға бардым. Аппараттарға байланып жатқан сәбиімнің шарасыз күйін көрген кездегі ішкі жан дүниемдегі арпалысты сөзбен жеткізе алмаймын. «Мұндай жағдайлардың 90 пайызы нәресте өлімімен аяқталады. Сізге ашығын айтып отырмыз. Біз қолдан келген көмекті көрсетеміз. Бірақ, нәрестенің оңалып кетуі бір Алланың қолында. Дұғада болыңыз», – дейді дәрігерлер. «Осылайша, бастапқы бір апта бойына қан құсып жатқан сәбиім 20 күнге жуық уақыт реанимацияда ем қабылдады. Сол кезде емдеуші дәрігерлердің уақытпен санаспай атқарған адал еңбектеріне өзім куә болдым. Реанимацияда жатқан әр сәбиді еркелетіп, есім қойып, қай-қайсысына да ерекше қамқорлықпен ем жасап жүретін. Перзентханадағы жиырма күнім сол кезде жиырма жылдай көрініп еді», – дейді Баян.
Зерттей берсек, шала туған шақалақтың әрқайсы­сының өзіндік оқиғасы, өмірге келу тарихы бар. Солар­дың бірі – Перизат Қайырбекова. Ол – осыдан бір жыл бұрын 700 грамдық шақалақты өмірге әкелген ана. Жүктілігіне 6 ай толған уақытта күтпеген жерден босанып қалған Перизат балапанының өмірі үшін күрес­кен дәрігерлерге алғысы шексіз екенін айтты.
«Сәбиім 30 сантиметр, 725 грамм салмақпен өмірге келді. 26 аптада өмірге келгендіктен, іш құрылысы толық дамымаған еді. Өздігінен демала алмады. Баланы бірден жансақтау бөліміне алып кетті. Дәрігерлер баланың ағзасында инфекцияның көп екендігін айтып, «үміт аз, кез келген жағдайға дайын болыңыз» деп ескертті. Атырау қалалық перзентханасынан қызым екеуміз тура үш ай өткенде ғана шықтық. Осындай қиын кезде баламды аман алып қалу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, сәбиімнің өміріне араша болған дәрігерлер Гүлзейнеп Дүсіповаға, Әсел Каукеноваға, Гүлжан Шай­мердиноваға, Кәмшат Сағындықоваға, Айзада Орын­басароваға, Индира Сабырқызына және медбикелерге аналық алғысымды білдіремін», – дейді Перизат Қайыр­бекова.
Бұл бақытты жағдаймен аяқталған оқиғалар. Шала туу салдарынан жарық дүниені сезіне алмай кеткен сәбилер қаншама?! Сондықтан дәрігерлер жүкті аналар­ды денсаулықты күту мәселесіне ерекше назар аударуға шақырып отыр.

Атырау облысы