Бүгін Мәжіліс депутаты,«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай мектептегі соңғы қоңырау салтанатын 30 мамырға, не болмаса 1 маусымға ауыстыру керек деп, Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдады.Құрметті Алтай Сейдірұлы!
Тарихымызға қарасақ, тұтастай қазақ баласының тағдырына қатер төндірген зобалаңдар мен зұлматтардың аз болмағанын көреміз.
Қара ормандай қазақ елін түп-тамырымен жоюды мақсатты түрде көздеген сондай зұлмат әрекеттердің бірі – кеңес билігі тұсында қасақана ұйымдастырылған ашаршылық пен туған халқының жоғын түгендеп, барын ұқсатуды ойлаған қазақ қайраткерлерінің жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырауы.
Дәл осы зұлматты жылдар қасіретін жадымызда сақтап, сабақ алу үшін 31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев: «Біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз» деп атап өткендей, сол бір жылдары қыршынынан қиылған өрімдей ұрпақ пен асыл армандары межесіне жете алмай, қарау пиғыл, қанды қолдардың кесірінен ерте үзілген абзал азаматтардың ардақты есімдері осы күні жадымызда жаңғырып, санамызға рух сәулесін сіңіруге тиіс еді.
Өкініштісі сол, тоталитарлық жүйенің қанды қасабына іліккен миллиондаған жандардың қасіретті тағдырына ойлана қарап, аяулы есімдерін ардақтай еске алып, шын көңілімізбен лайықты құрмет көрсете алмай келеміз.
Шындықты мойындау керек, осы күні Алаш арыстарының рухына жасап жүрген құрметіміз олардың ескерткіштері мен мемориалдық орындарға гүл шоғын қою, сол жерлерде бірер парақ сөз оқудан аспай тұр. Елдің ел болуы үшін ғазиз бастарын бәйгеге тіккен арыстар мен қолдан жасалған зұлматтың аранына жұтылған жазықсыз бауырларымыздың әруақтары алдында осындай шаралармен шектелуіміз ұят деудің өзі аз, бұл – елдігімізге сын болып тұрған жағдай.
Бұл да аз болғандай, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12 тамыздағы №363 бұйрығына сәйкес, орта білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау 36-оқу аптасының соңы 31 мамыр болып бекітіліп отыр. Бұл шешімнің бейіт басында той жасағандай әсер етіп тұрғанын айтпасақ болмайды. Аталған министрлікте осыны уақытында аңғарып, дер кезінде бұл бұйрықта оңтайлы шешім ұсынуға түсінігі жететін бір адамның табылмағаны ма шынымен?!
Қайран боздақтардың рухына бір күнді де қимай, апыл-ғұпыл аза тұтқансып, іле-шала той тойлап, думандатып кете беретін болсақ, елдігіміз қайсы?! Адамшылығымыз қайсы?!
Сондықтан мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға, не болмаса 1 маусымға ауыстыру керек. Бұл – ешқандай талқылауды қажет етпейтін әділетті талап.
Ең болмаса, 31 мамыр күні әлеуметтік желілердегі елдің бірлігін бүлдіретін, қоғамның діңгегін шірітетін адамдардың бір-бірін қаралау, ғайбаттау, жала жабу, өсектеу, қарғау секілді теріс әдеттерден тиылуға шақырамын.
31 мамыр – ғайбаттаудың арты – күнә, жаланың арты – жамандық, өсектің арты – өкініш, қарғыстың арты – қасірет, бөлінудің арты – бүліну екендігін сезінетін күн.
31 мамыр – азаттық үшін арпалысып өткен, мемлекет құру жолында мерт болған, ұлт үшін атылған, ұрпақ бақыты үшін азап шеккен асыл бабалар алдындағы парызымызды сезінетін, алаш аманатына адал болуға құлшынатын күн.
Сонымен бірге, ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгіленген 31 мамырға байланысты Үкімет осы күннің мән-маңызына, салмағына лайықты шараларды іске асыруға тиіс деп есептеймін.
Құрметті Алтай Сейдірұлы!
Атап айтқанда,
«Жалпы халықтық үнсіз еске алу минуты» шарасы дәстүрлі өтуі керек. Сол сәтте ел бойынша бүкіл қозғалыс тоқтап, бір минуттық үнсіздік арқылы саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық құрбандарын еске алу қажет.
Телеарналарда әзіл-қалжың, шоу бағдарламалар, эстрадалық концерттер тоқтатылып, оның орнына ел тарихындағы қасіретті күндерді жас ұрпақтың жетік түсінуіне жол ашатын мазмұнды бағдарламалар көрсетілуге тиіс.
Ақпараттық құралдарда атаулы күннің тарихи салмағын, тағылымдық мағынасын жан-жақты жеткізетін мақалалар орын алу керек.
31 мамыр күні әр ата-ана отбасындағы тәлімді әңгімесін, ұстаз сабағын, дін өкілдері уағызын, министрлер мен әкімдіктер, мемлекттік мекемелер мен жеке секторлар сол күнгі жиналысын, жұмыс күнінің басын ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске еске алумен бастауы тиіс.
Мектептердегі соңғы қоңырау күнін 31 мамырдан басқа күнге ауыстыру керек.
Балабақшалар мен мектептерде, жоғарғы оқу орындарында балалар мен жастарға арнаулы дәрістер, пікірлесу сағаттары, зиялы қауым және тарихшылармен кездесу кештері өткізуді жолға қою қажет.