«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің осы аптада өткен отырысы оқулықтардың сапасын және білім беру мазмұнын қамтамасыз ету мәселелеріне арналды. Жиынды кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселе соңғы 5-6 жылда өзекті бола түскені жасырын емес. Өйткені оқулықтарда өріп жүрген қателерді жіберетіндер боп келді. Жиында мұндай қателерге 2016 жылдан бастап жол беріле бастағаны айтылды. Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі осы олқылықтық орнын толтыру үшін жаңаша бағыттағы жаңғырту жұмыстарын қолға ала бастаған екен.
«Бүгінгі жиынға министрліктің өкілдері де, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының (РҒПБМСО), оқулық басумен айналысатын ірі-ірі баспаханалардың жауапты қызметкерлері, Мәжіліс депутаттары, білім беру саласындағы қоғам белсенділері мен кеңестің өңірлердегі мүшелері де қатысып отыр. Сондықтан да бұл мәселе кеңінен талқыланып, тиісті ұсыныстар әзірленеді. Министрлік былтырдан бастап оқулық жазу ісіндегі осыдан 6 жыл бұрын жіберілген қателіктерді түзетуге кіріскен екен. Ендеше сол қателіктерді қайталамау және білім мазмұнындағы жаңа бағдарламаны жасау үшін бүгінгі жиынның маңызы зор деп білемін. Бүгін біз техникалық пәндер бойынша әзірленген оқулықтар мәселесін сөз етеміз», – деді кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова.
Жиын басында Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева мен Оқу-ағарту министрлігінің РҒПБМСО директоры Елдос Нұрланов баяндама жасады. Мадина Ағланқызы орта білім мазмұнына өзгеріс енгізу жайын сөз етті: «Ана тілін бірінші тіл ретінде білу басқа тілдерді табысты меңгеруге негіз болады. Сол себепті де орыс тілі пәні 2-сыныптан, ағылшын тілі пәні 3-сыныптан бастап енгізіледі. 1-4-сынып оқушылары үшін «Көркем еңбек», «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» сабақтары бөлек-бөлек оқытылады. Оқу жылында бір күнге түсетін оқу жүктемесін азайту үшін және өткен материалдарды бекіту және қайталауға арналған қосымша сағаттарды ұлғайту есебінен оқу жылының ұзақтығы 34 аптадан 36 аптаға созылды. Жүзеге асырылып жатқан жаңғырту жұмыстарында халықаралық білім стандарттарына сәйкес білім алушыға түсетін оқу жүктемесін азайту қарастырылған. STEM-дік білім беру тәсілдері негізінде жаратылыстану-математикалық пәндерді оқытуға күш салынады», – деді ол. Ал Елдос Болатханұлы оқулық сапасын арттыру шараларына тоқталды. Ол оқулықққа және жасап шығарушыларға қойылатын талаптарды жетілдіре түсу, мемлекеттік сараптама жүйесін жетілдіре түсу және цифрлы контенттерді толтыру мәселесін қозғап, оқулық әзірлеудегі мәселелер мен оларды шешу жолдарын қозғады. Мәселен, бұған дейін қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу – әдістемелік кешендердің біразы әуелі орыс тілінде дайындалып, кейіннен мемлекеттік тілге аударылып сараптамаға ұсынылған екен. Оларды көп ретте ғалымдар мен практик-ғалымдар жазған. Авторлардың оқулық теориясы бойынша жүйелі түрде дайындығы болмаған. Сондай-ақ заңнамаларда баспаханалардың жауапкершілігі нақтыланбаған.
«Қайсыбір проблеманы шешу үшін оның жолдарын іздеуіміз керек. Мұнда тек отандық қана емес, халықаралық тәжірибенің де қажеті болатыны рас. Осы ретте елімізде 2020 жылдың қыркүйегінен 2021 жылдың желтоқсанына дейін Дүниежүзілік банктің жобасы жүзеге асқан болатын. Соның аясында қаржы ұйымының конкурс жариялауымен халықаралық сарапшылар тартылып, олар біздегі жүйені халықаралық тәжірибеде ілгері кеткен елдердің жүйесімен салыстыра саралап, бізге өз ұсыныстарын берді. Оны біз әртүрлі жұмыс құралдары ретінде рәсімдеп алдық. Бізге үлгі ретінде ұсынылған білім тәжірибесі озық бұл елдер – Канада, Сингапур, Гонконг, Финляндия және Ұлыбритания», – дейді РҒПБМСО директоры Елдос Нурланов.
Оның айтуынша, оқулық сапасына қатысты мәселелерді шешу үшін былтырғы 5 сәуірде сол кездегі БҒМ-ның №132 бұйрығымен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешеннің мазмұнына қойылатын талаптар бекітілген екен. Сол құжатта қазақша оқулықтар мен оқу құралдарын әу бастан қазақ тілінде дайындау талабы қойылған. Ал оқулықты дайындауда авторлық құрамға міндетті түрде 1 ғалым мен 2 практик педагог маман қосылмақ және олар пән мазмұнын толық игеруі тиіс. Осы мақсатта 1,5 мың автор арнайы оқу курстарынан өткен екен. Баспаханаларға бірінші оқу жылында анықталған полиграфиялық ақаулары бар оқулықтарды өз есебінен алмастыру міндеті жүктелді.
«Мемлекеттік сараптау жүйесі бес кезеңге бөлініп отыр. Оның ең алғашқысы бағдарламаны сараптау. Бұл мақсатта арнайы ереже қабылданды. Дүниежүзілік банктің «Орта білімді жаңғырту» жобасы аясында 40 штаттық және 2 мың штаттан тыс сарапшы оқытылды. Екінші кезеңде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешеннің сараптамасы қарастырылған. Мұнда баспаханаішілік сараптама процедурасы күшейтіліп отыр. Ұйғарым формасы өзгертіліп, тәуелсіз рецензия жасауға және қосымша редакторларды тартуға талап қойылған. Сырттан тартылатын сарапшыларға оқулықтардың сұлбасыз макеттері ұсынылмақ. Одан соң дайын болған оқулықтар бұған дейінгідей бірден оқу процесіне жіберілмей, бірқатар мектептің базасында аппробациядан өткізілмек. Сонымен қатар қоғамдық талқылауға шығарылады. Оған пәндік мұғалімдердің қауымдастықтары, ЖОО-лардың бейіндік кафедралары тартылатын болады. Осылардан соң барып қана оқулықтар пәндік комиссияның қарауына қабылданады. Ғылыми-педагогикалық сараптама мен пәндік комиссиялардың мүшелері халықаралық жоба аясында оқу курстарын бітірген мамандардан жасақталады», – дейді Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры.
Елдос Болатханұлы цифрлы контентті толтыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Мәселен, бүгінде қолданыстағы 700 оқулық ePUB және PDF форматында министрлік сайтында орналастырылған екен, оны кез келген пайдаланушы тегін жүктеп ала алады. Бұл ретте электронды оқулықтарға қатысты да нормативтік талаптар бекітілді. Сонымен қатар білім саласындағы ақпараттандыру нысандарына қойылатын ең төменгі талаптар да қабылданды. Ақпараттық платформаларда бүгінде электронды оқулықтардың үлесі артқан екен. Мәселен, бастауышта қазақ сыныптарында – 38, орыс сыныптарында – 39, ал негізгі орта мектептерде екі тілдегі сыныпта да – 65, жалпы орта мектептерде 18 пән бар болса, солардың 77 пайыздан астамы электронды форматқа көшкен.
Оқулық сапасы мен білім беру мазмұнынына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпаратқа қаныққан кеңес мүшелері осы уақытқа жейін жіберілген қателіктердің себебін екшей отыра, оған жол бермеу бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, әуелден-ақ оқулықты дайындау баспаханалардың өздеріне жүктелген екен. Олар конкурсты ұтып алғаннан кейін авторларды өз бетінше тауып, оқулықты дайындауға міндетті болған. Міне, қате ең бірінші кезекте осы жерден кеткен. Өйткені авторлардың біліктілік талаптары нақтыланбаған. Әйтсе де, баспагерлер өздеріне келіп түскен бағдарлама негізінде жұмыс істейтінін алға тартып, көп ретте сондағы шикіліктерден осындай қателер кететінін айтады. Ал бағдарламаның дайындалуына жауапты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық ғылыми орталық пен Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы мұндағы ұйымдастыру жұмыстарының жетілдірілу үстінде екенімен, көп ретте мәселе авторларға төленетін қаражаттың шектеулі болатынымен байланыстырады. Түптеп келгенде оқулық дайындау ісінде нақты бір жауапты органның болмауы осындай жағдайға әкеліп отыр. Саладағы мұндай ахуалды Qazbilim республикалық орталығының директоры Аятжан Ахметжан сынға алып, бағдарлама дайындау ісінде де олқылық көп екенін айтты.
«Мен қазір бағдарлама дайындаушы топтамын. Бірақ шынымды айтсам, негізгі жұмысым бар, сондықтан оған тек кешке немесе демалыс күндері отыра аламын. Одан қандай нәтиже болуы мүмкін. Сондықтан да егер авторларды нақты жұмысқа тартар болса, онда оларды барлық жүктемесімен босатып, кем дегенде бір ай уақыт беріп, бағдарлама жасаумен шұғылдануы керек. Сондай-ақ оқулық сапасына нақты жауапты бір ведомство болғаны жөн. Дәл қазіргі жауапкершіліктен қашу келешек ұрпақ үшін қауіпті», – деді ол.
Ал ZERDELI зияткерлік дамыту мектебінің директоры Ырысбек Мәуіт қай шетелдің тәжірибесін алсақ та, оны сол күйінде көшіріп алуға болмайтынын жеткізді. Өз кезегінде ардагер ұстаз, Білім беру ісінің үздігі Құрбанәлі Кенжебаев тақырыптық цикл жасаймыз деп бірінші сыныптағы жаратылыстану мен дүниетану пәндерінде 8-сынып физикасындағы табиғат физикасын қайталаудың дұрыс емесін алға тартты. Ал Білім беру ісінің үздігі, кешенді бағдарламалар авторы Күшай Тердікбай мемлекеттік комиссияларға білім беру саласындағы қоғам белсенділерін де енгізу қажеттігін ұсынды. Жалпы, мамандардың айтуынша, оқулықтарда кеткен қателерді бірінші ата-аналар байқалады. Олардың 82 пайызы әлеуметтік желілер арқылы жария болады екен. Ал қалғаны ішкі қызметтік тексеру барысында анықталған.
Осы секілді өзекті мәселелердің себебімен салдары және шешу жолдары сөз болған жиында оқу-ағарту саласының мамандары тоқайлы шешім мен тұжырымды ұйғарымға келіп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.