«Біз көзіміз түсіп жүрген, үміт артып отырған жігіттерді жинап алдық. Жарақат алғандары бар, Гусейнов бармай қалды. Бірінші командадан көпшілігін алғымыз келген. Алайда қазір олардың кестесі тығыз, сәті түспеді. Олар негізгі құрамда ойнайды. «Номад» жігіттерімен барамыз, қазіргі таңда құрама жаман емес. Барлығы «сен тұр, мен атайын». «Номад» – жас команда, жас санаты бойынша да студенттік құрамаға сай келіп тұр. Барлығы – өзіміздің, қазақстандық жігіттер. Көпшілігі жастар арасындағы әлем чемпионаттарында, оның ішінде топ-дивизионда өнер көрсеткен. Олар –1999-2001 жылы туған жігіттер. Мұнда Франциядағы жастар әлем чемпионатының элиталы дивизионына жолдама алғандар да бар», – деді Ғалым Мәмбеталиев.Универсиадада Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея, Венгрия, Ұлыбритания, Словакия және АҚШ құрамасымен В тобында өнер көрсетіп жатыр. Топтан бірінші және екінші орын алған командалар плей-офф кезеңіне шығады. Яғни, жартылай финалға жолдама алады. Финалдық ойыннан бөлек, үшінші орын үшін де кездесу өтетіні тағы бар. Кеше хоккейшілеріміз Лейк-Плэсидтегі топтық кезеңдегі соңғы ойынын АҚШ-қа қарсы өткізді. Төрт матчтан кейін Қазақстан құрамасының еншісінде 12 ұпай бар. Олар негізгі уақытта төрт рет жеңіске жетіп, жоғары нәтиже көрсетті. Студенттер құрамасы Оңтүстік Корея (5:1), Венгрия (9:1), Ұлыбритания (15:1) және Словакия (4:0) құрамасын тізе бүктірді. Осылайша, қазір Қазақстанның гол бойынша статистикасы жаман емес. Қарсыластар қақпасына 33 гол салып, 3 гол жіберіп алды. Командалардың топтағы жағдайына келсек, 12 ұпаймен Қазақстан құрамасы көш бастап тұр. Словакияда – 9 ұпай (4 матч), АҚШ-та – 6 ұпай (3 матч), Венгрияда – 6 ұпай (4 матч), Оңтүстік Кореяда – 0 ұпай (3 матч), Ұлыбританияда 0 ұпай (4 матч) (18 қаңтардағы мәлімет бойынша). Әлем чемпионатын өткізуге әліміз жете ме? Қазақстан шайбалы хоккейден 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге өтініш берді. Алғашында Норвегия, Қазақстан және Германия таласқа түскен-ді. Кейіннен Норвегия қаржы тапшылығына байланысты бас тартып, бәстен шықты. Кімнің қабылдайтыны биыл мамыр айында дауыс беру нәтижесі бойынша анықталады. Ұсыныстың тамыры Президенттің былтыр Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы президенті Люк Тардифке еліміздің ӘЧ өткізуге қауқары барын айтқанында жатса керек. Жалпы, шайбалы хоккейден әлем чемпионаты 1920 жылдан бері ұйымдастырылады. Осыған дейін 85 рет өткен. Биыл 12-28 мамыр аралығында Финляндия мен Латвияда өтеді. Байқасаңыз, әлем кубогын ұйымдастырудың көшін Еуропа елдері бастап тұр. АҚШ-та үш рет, Канадада бір рет өткені тағы бар. Яғни, Қазақстан осы мүмкіндікке ие болса, бар көңіл Азияға ауады. Өйткені мұндай чемпионат аталған құрлықта әлі күнге дейін өткізілмеген. Біздікілердің тұңғыш атануға ниеттеніп отырғаны содан болар. Бірақ еліміздің футбол, хоккей сияқты спорт түрінен ӘЧ өткізбегенін еске түсірейік. Өйткені мұндай турнирдің жөні бөлек. Жанкүйерлер ағыны мен жоғары ұйымдастыру деңгейі айтпаса да керек. Қаржы жағы да бөлек әңгіме. Мәселен, беларустар 2014 жылы шайбалы хоккейден ӘЧ өткізуге 12 миллион еуро жұмсаған. Бұдан бөлек қаражаттың 20 пайызын демеуші қаржысы жапқаны тағы бар. Ал Дания болса 18 миллион еуро жұмсаған деседі. Кей деректерге сүйенсек, аталған қаржының 30 пайызын ғана мемлекет мойнына алған. Қазақстанның жоғарыдағыдай қаржы бөліп, демеуші тарта алатын қауқары бар ма? Ал өткізу жайына келгенде, Астанадағы «Барыс арена» мен Алматыдағы «Алматы арена» жарап тұрғаны белгілі. Мұны спорт журналисі Евгений Акманов та атап өтті.
«Еліміз әлем чемпионатын өткізуге дайын ба? Астанадағы аренада 2019 жылы бірінші дивизиондағы әлем чемпионаты өткен болатын. Кейінгі қадам – келесі деңгейге өту. Яғни, элиталы біріншілікті ұйымдастыратынымыз белгілі еді. Бізде екінші арена ретінде Алматыда «Алматы Арена» бар. Онда футзалдан УЕФА кубогы өтеді, «Барыс» та сонда ойнады, арена дайын. Екі қала да туристерді қабылдап, жатын орын мен тамақтану қажетін өтей алады. Меніңше, бұл жанкүйерлерге, кішкентай жеткіншектерге таптырмас мүмкіндік. Хоккей жұлдыздарына қарап, кеудесінде «мен де осы жолды жүріп өтсем» деген жалын пайда болады», – дейді ол.Оның айтуынша, шайбалы хоккей жүйелі түрде дамып келеді. Қазақстанда ішкі чемпионат бар. Онда Ташкенттің «Хумо» клубын қосқанда 12 команда ойнайды. 21 жасқа толмаған жігіттер «Ақ Барыс» командасында бірігіп, тәжірибе жинап жүр. Жастар лигасында хоккей мектептерінің түлектері өнер көрсетеді. Яғни, жоғары деңгейге қарай ұмтылыс бар. Осы тұста көпшілік әлем чемпионатын өткізудің орнына ақшаны бұқаралық спортқа жұмсауды сұраған-ды. Әлеуметтік желіде жоғарыдай мәтінде пікір жетерлік. Мәселен, елімізде барлығы 39 мұзайдыны мен модулі бар. Оған 127 аула және мектеп мұзайдынын қосыңыз. Тағы екі арена салынып жатқанға ұқсайды. Сондықтан Евгений Акманов «Әлем чемпионатын өткізбей, әр үлкен қалаға 50, ауылдарға 5 мұзайдынын салсақ. Бұл ұсынысты көпшілігі қолдайтынына сенімдімін» дейді.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ