ҚР АШМ ВБҚК Қаратал ауданы аумақтық инспекциясының басшысы Саламат Нұрланұлы: «Бізге шаруалар хабарласып, өлген қоянды беріп жіберді. Инспекция негізінен біз үй жануарларына қатысты жұмыс жүргізеді. Даланың жабайы аңдарына басқа мекеме жауапты. Бірақ, бір аудан болғандықтан шаруалардың өтінішіне құлақ асып, кесел шыққан болса, ертең үй жануарларына кесірі тимесі үшін алдын алу жұмыстарын жүргізудеміз. Әкелген қоянды облыстағы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясына тексеруге жөнелттік», – деп өздерінің бұл жағдайдан хабардар екекндігін білдірді.
Сарышұнақ аяз жоқ, айдың-күннің аманында дала қояндарының қырылуы бекер емес. Жалпы Жетісу облысында қояндардың қыста қатып қалуы туралы оқиғалар бұрын тіркелмеген. Сондықтан биылғы жағдайды мұқият зерттеу қажет. Аязды күндері қоян жабағының бір жылдық жүрісін бір түнде жортып тастайды дейді аң-құстың жайын жақсы білетіндер. Қатты суықта қатып қалмау үшін, түнімен тоқтамай жортатын көрінеді . Енді осыны ескерсек, айтарлықтай суық жоқ кезде қояндардың қатып қалуы түсіндіру қиын.
«Төменгі Қаратал аумағында қояндардың өздігінен өліп жатқаны жайлы аудандық ветинспекция хабарлады және өлген қоянды сақтық шарасын орындай отырып, бізге жіберді. Біз оны арнайы тексеру зертханада тексереміз. Сол жерде себебі анықталады. Әзірге ештеңе айта алмаймыз, сараптама шешімі шықсын», – дейді Жетісу облысы орман шаруашылығы жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының басшысы Нұрқуат Қонысбаев.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы