Риддердегі ЖЭО басшылығына қатысты тергеу жүргізілуде
Риддердегі ЖЭО басшылығына қатысты тергеу жүргізілуде
Риддер қаласындағы жылу электр орталығында жабдықтардың 74,5 пайызы тозған, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, Риддердегі жылу электр орталығының басшылығына қатысты тұрғындар тарапынан арыз-шағым көп түсуде. Соған орай аймақ басшысы Даниал Ахметов ЖЭО-ны коммуналдық меншікке беру туралы бастаманы бірнеше рет көтерді. - Өткен жылдың қараша айынан бері орталықта апатты жағдайлар бірінен соң бірі болып жатыр. Багер сорғысын екі рет су басты, электрмен жабдықтауда ақаулар шықты. ЖЭО-да бірінші апатқа дейін мемлекет талап ететін 75 жұмысшының орнына 29 адам ғана жұмыс істеген. Қазір онда 150-ге жуық адам тәулік бойы еңбек етуде, – деді облыс әкімі. Ресми дерекке сүйенсек, жылу электр орталығындағы жабдықтардың 74,5 пайызы тозған. Екі қазандықты жөндеу алдағы уақытта жоспарланып отыр, апатты жағдайда деп танылған олар резервте болады. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары ЖЭО басшылығына қатысты тергеу жүргізуде. Орталықтың болашағы соның нәтижесінен кейін белгілі болмақ.