Шығыс Қазақстанда бақылауға алынғандардан коронавирус табылған жоқ
Шығыс Қазақстанда бақылауға алынғандардан коронавирус табылған жоқ
Фото: Интернеттен алынды
258
оқылды
Бұл жөнінде БАҚ өкілдеріне облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан мәлімдеді. Естеріңізде болса, өткен апта бедерінде әлеуметтік желілерде «Шығыс Қазақстан аумағында, облыс орталығы Өскеменде коронавирус ауруын жұқтырған адамдарды ауруханаға жатқызыпты» деген қауесет тарап кеткен болатын. Өңірдің бас дәрігері жұртты дүрліктірген бұл ақпараттың жалған екендігін айтып, облыс аумағында қауіпті дертке шалдыққан бірде-бір адам жоқ екенін ресми түрде айтты. Оның айтуынша, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 20 ақпандағы қаулысы бойынша Қазақстан Республикасының аумағында, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында Қытай Халық Республикасынан келген барлық Қазақстан азаматтары 14 күн мерзімге оқшауланады. Коронавирусқа қарсы іс-әрекет ету мақсатында Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін арнайы оқшауланған медициналық стационарлар қарастырылған. – ҚХР-дан облыс аумағына қайтып келетін әрбір Қазақстан азаматын шекарада медицина қызметкерлері тексереді. Егер жөтел, тұмау, дене қызуы және коронавирустың өзге белгілері болмаса, Қазақстан азаматы арнайы медициналық стационарға 14 күн мерзімге бақылауға орналастырылады. Осы кезең өткеннен кейін аурудың қандай да бір белгілері болмаған жағдайда, ол азамат стационардан шығарылады. Коронавирустық инфекция симптомдары анықталса, науқас бірден инфекциялық ауруханаға жатқызылады. Облыстың медициналық ұйымдары қажетті дәрі-дәрмектермен, маскалармен, қолғаптармен, сондай-ақ қорғау костюмдерімен жеткілікті қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда арнайы медициналық стационарда 15 адам бақылауда жатыр (11 Қазақстан азаматы және 4 ҚХР азаматы). Бүгінде бақылауға алынған азаматтардың бірде-біреуінде коронавирус белгілері анықталған жоқ, – деді Шығыс Қазақстанның бас дәрігері Ілияс Мұхамеджан. Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан