Банкрот болдың, мінеки!..
Банкрот болдың, мінеки!..
© коллаж: Әсел Балтақызы
954
оқылды
Ащы өмірдің тауқыметін тартқан, арқасына қарыз жүгі батқан, бірақ көмек сұрап барар жері, басар тауы қалмаған, тығырыққа тіреліп, тұйықтан шығар жол тап­­паған адам не істеуі мүмкін? Бірден жауап беру қиын сауал бұл. Ал мемлекет азаматтардың тығырық­қа тірелмегенін қалайды. Осы себепті мемлекет жеке тұлғалардың банкроттығы тетігін іске қосуға әзір­ленуде. Әйтпесе, «бұл қадам адамдардың барлық борышты кешіреді деп жаппай дәмеленуіне соқ­ты­рады» деп сарапшылар да қарсы шыққан. Шынында, банкроттық пен қарызды кешіру – мәні бөлек, бағыты басқа дүниелер. Қарызға батқандардың қарасы қалың
Бүгінде қазақстандықтарға елең еткізерлік SMS-хабарлама келе бас­­тады. Онда: «2022 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан азаматтарының төлем қабі­леттілігін қалпына келтіру және бан­крот­тығы туралы» заңға қол қойылды. Бан­кроттыққа арыздар 2023 жылдың наурыз айынан бастап қабылданады. Жеке тұлғаны банкрот деп тану тәртібі туралы толығырақ ақпарат Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің сайттарында жарияланған. Қосымша ақпарат алу үшін 1414 (қосымша нөмір 3) немесе https://t.me/SalyqBot Telegram чатына жүгіне аласыз» деп жазылған.
Бірден басын ашып алайық, осы тетік халыққа да, мемлекеттік бюджетке де салығын салып, салмағын артпайды. Қарыз берген банктер мен микроқаржы ұйымдарына ғана қатысты. Ал банкирлер ұзақ жыл бойы жеке аза­маттардың банкроттығы тетігінің енгі­зілуіне тосқауыл қойып келді. Ал банк­тер, микроқаржы ұйымдары қазақ­стан­дықтарға кепілсіз кредит таратып, мил­лион­даған адамды борышкер етуін жал­ғастырды. Бірінші кредиттік бюро­ның сараптамалық есебінде айтылғандай, 2022 жылғы қазандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың қарызының жалпы сомасы 14 триллион теңгеге (13 трлн 918,4 млрд) жетіп қалды. Масқарасы сол, азаматтардың қаржылық ұйымдар ал­дындағы борышы былтырғы жыл ба­сынан бері бірден 2,4 трлн теңгеге өсіп шыға келді. «Қазақстанда халықтың жартысы банктерге қарыз» деген пікір айтылады. Бұл шындыққа жанасатындай. Елдегі 7,65 млн адам банкке берешек. Бұл ретте елде ересектердің саны 14 миллионнан асады. 2022 жылдың басынан бері несие алуға мәжбүр болғандар саны 520 мың адамға артты. Бір басында бірнеше несиесі барлар да жетерлік. Салдарынан бүгінде қазақ­стан­дықтар атына рәсімделген және әзір­ге толық өтелмеген 17 млн 683 мың кре­­­­дит­тік келісім бар. 2022 жылдың 1 қаң­та­ры­нан бері кредиттер саны тағы 2,4 млн бір­лікке ұлғайды. Әрбір борышкердің мо­й­нын­дағы өтелмеген қарызы бір жыл ішінде орта есеппен 1,6 миллионнан 1,82 млн теңгеге дейін көбейген. Осыдан-ақ жаңа тетікке зәру болуы ықтимал адамдар қарасы қалың екенін аңғаруға болады. Үш рәсімнің ұтымды тұстары Дегенмен біраз адам «Қазақстан Рес­публикасы азаматтарының төлем қабі­лет­тілігін қалпына келтіру және бан­кроттығы туралы» заңын және ондағы жаңа тетіктің мәнін жете түсіне қоймаған сияқты. «Банк қарызды кешіре салады екен» деп түсінетіндер көп. Sauap.org ағартушы порталына сұхбатында жеке азаматтардың банкроттығы тетігінің мән-жайын, егжей-тегжейін Маңғыстау облысының Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ербол Утеев түсіндіріп берді. Оның айтуынша, заң өткен жылдың соңында қабылданғанымен, ресми жарияланған күннен 30 күн өткенде ғана қолданысқа енгізіледі. Осы өтпелі кезең оны іске қосуға қажетті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу, жауапты органдардың, қаржылық ұйымдардың мамандарын сақадай сай ету үшін қажет. Мәселен, осыған арналған ақпарат­тық жүйе Бірінші кредиттік бюроның, 29 мемлекеттік органның ақпараттық жүйе­сімен интеграцияланады. Бұл бан­крот­тыққа өтінішті автоматты түрде қа­былдау үшін қажет. Тетік азаматтардың қарызын толық кешіруге емес, борыш жүктемесін азай­туға, оларды өнімді экономикалық қыз­метке қайтаруға және елдегі әлеуметтік кернеуді жұмсартуға ықпал етеді. Оны тек жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғалар пайдалана алады. Себебі кредиторлар алдында қарызын өтей алмаған бизнесмендерге қатысты басқа тетік – оңалту және банкроттық заңна­масы қолданылады.
– Заң 3 рәсім түрін қарастырады, бұ­лар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Осы үш рәсім түріне қарыз алған адамның өзі ғана бастамашы бола алады, яғни оны банкрот етуге өтініш беруге кредитордың құқығы жоқ. Біріншісіне тоқталсақ, соттан тыс бан­кроттықты тек банктер, микроқаржы ұйым­дары және коллекторлық агент­тіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады, – деді Е.Утеев.
Соттан тыс банкроттықтың бірнеше шарты бар: біріншіден, оның игілігін банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борышы 1 600 АЕК-тен (2023 жылы бұл 5 млн 520 мың теңгеге тең) аспайтын адамдар көре алады. банкрот Екіншіден, осы ұйымдарға өтініш беру күніне дейінгі 12 ай ішінде қарыз бойынша төлем жасалмауы тиіс. Яғни, берешегін азын-аулақ сомада болса да өтеп жүргендер бұл жеңілдік түрін пай­далана алмайды. Үшіншіден, қарыз адам­ның өз басында, отбасында жеке­мен­­шігінде тіркелген мүлік болмауы шарт. Соттан тыс банкроттық әбден та­қыр кедейге айналған, басында баспа­насы қалмаған адамдарды құтқаруға ар­налған. Төртіншіден, азамат өз банкімен бірге мерзімі өткен қарызынан төлеуі қажет. Соттан тыс банкроттық «Элек­трон­дық Үкімет» порталы арқылы жүргізіледі. Азамат банкроттық туралы өтінішті «Элек­трондық Үкімет» порталы, «E-salyg Azamat» мобильді қосымшасы және ха­лыққа қызмет көрсету орталықтары ар­қылы бере алады. Содан соң ақпараттық жүйеде борышкердің критерийлерге сәй­кестігін анықтау үшін мүдделі мем­лекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі. Екінші рәсім – сот арқылы банкрот­тық, ол борышының сомасы 5,5 миллион теңгеден асатын азаматтарға және қа­рыздың басқа түрлеріне арналған. Бұл рә­сім банкроттың мүлкі арқылы креди­торлардың талабын барынша қанағат­тандыруға бағытталған. Сот арқылы бан­кроттық барысында борышкердің мүлкі, үйі сауда-саттықта өткізілуге жа­тады. Түскен қаражат белгіленген кезек­тілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борыштарды төлеуге жіберіледі. Егер жалғыз тұрғын үйі кепілде тұрмаса, онда кредиторлар оны талап ете алмайды. Ал егер жалғыз баспанасы кепілде тұрса, онда алып қойылады және қарызды өтеу үшін сатылады. Осы мәселе қоғамда қызу талқы­ланды. Жұртшылыққа «егер қарыз адам­ның үйі банкте кепілде тұрса, ол үйі қа­рызды жабу үшін сатылады» деген жол­дар ұнамады. Қиындық ауыртпалығы еңсесін езген адамның ең соңғы тұрағы тартып алынса, ол бейбақ адамға айна­лып кетеді. Осы баптың ар жағында банктердің бір лоббиі бар тәрізді. Үкімет оның сақталуына табандады.
– Жалғыз ба, қандай үй болса да, банкпен жасалған шартта кепілде тұрса, ол сатылатын мүлік массасына кіреді. Егер жалғыз үй банкке кепілге берілмесе, біз оны сатуға қоюға қарсымыз. Ол осы заңда нақты көрсетілген. Жалпы, жеке үйін кепілге қоя ма, қоймай ма, ол әр адамның құқығы. Егер ол кепілге қой­маса, оны алып қоюға ешкімнің құқығы жоқ. Ол бойынша Прокуратураның да, Жоғарғы соттың да ұстанымдарын біл­дік, олар да үзілді-кесілді қарсы. Яғни, азаматтың жеке үйін, әсіресе ол жалғыз баспана болса, оны заң аясында толық қорғау қарастырылған, – деді вице-премьер Е.Жамаубаев.
Сонда бұл рәсімнің не пайдасы бар? Барлық құнды мүлкі сатылып, креди­торларға таратылған соң өтелмей қалған барлық қарыз есептен шығарылады. Сот арқылы банкроттықты қаржылық бас­қарушылар жүзеге асырады. Бұл қызметті заңды тұлғаларды, жеке кәсіпкерлерді банкроттау рәсімін жүргізетін әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консуль­тант­та­ры, аудиторлар атқара алады. Бірақ бан­крот­тыққа жеткеннің бәрі олардың қыз­мет ақысын төлей алмауы мүмкін: заңда мүлкі жоқ әлеуметтік аз қамтылған, осал топтар үшін мемлекеттің қаржылық басқарушыларды өз есебінен жалдауы бекітілді. Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Соның арқасында тұрақты табысы бар қарызшыл адамдар өз борышын 5 жылға дейін кейінге қал­дыруға, бөліп төлеуге мүмкіндік алады. Қалпына келтіру жоспарын қаржылық басқарушы борышты азаматпен бірге әзірлейді, оған кредитордың келісімін алады және ақыр соңында жоспарды сот бекітеді. Бұл рәсімнің алдыңғыларынан артықшылығы бар: оны қолданғандарға банкроттарға қарастырылған салдарлар таралмайды және одан өткен адам «банкрот» мәртебесін алмайды. Өйткені осындай мәртебесі барларға банктер, басқалар кейін несие беруден қашқақтауы мүмкін. Банкроттықтың қандай салдары бар? Қоғамда, әлеуметтік желіде осы заң айналасында өрбіген қызылкеңірдек айтыс-тартыс негізінен банкроттықтың қандай салдарға соқтыратынына қатысты болды. Борышы бар азаматтар: «еш салдары болмауы шарт» деп табандаса, былайғы жұрт: «қазақстандықтар қап­татып қарыз алып, банкрот бола салумен әуестенбеуі үшін салмақты тыйымдар мен шектеулер бекітілгені жөн» десті. Бұл пікірталастар Мәжілісте де жалғасты. Нәтижесінде, Мәжіліс депутаттары Үкімет ұсынған талаптардың екеуін алып тастады. Нәтижесінде, банкроттық рә­сімін бастан өткерген азаматтар қаржы­лық сауаттылығын арттыру курстарынан өтуге мәжбүрленбейтін болды. Бұған қоса, уәкілетті орган соттан тыс банкрот­тық рәсімінен өтіп жатқан кезеңде борышкердің шетелге шығуына тыйым сала алмайды. Сонымен, мамандардың түсінді­руін­ше, жаңа заңға сәйкес, азамат өзін бан­крот деп жариялаған соң оған келесідей шектеулер жүктеледі: біріншіден, 5 жыл бойы заем мен кредит (соның ішінде ипотека, микрокредит, онлайн кредит және басқасын) алуына тыйым салы­нады. Екіншіден, 7 жыл өтпей, қайтадан банкроттыққа өтініш бере алмайды. Үшіншіден, банкрот болған соң 3 жыл бойы оның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі. Егер осы кезеңде банкрот кенеттен байып шыға келіп, қымбат сауда жасай бастаса, онда кре­ди­торлар одан қайтадан қарызын қай­та­руды талап ете алуы ықтимал. Мысалы, ол жылжымайтын мүлік, көлік сатып алса, онысы мемлекеттік органдарда тір­келеді. Ал басқа мүлкі мен табыстары ал­дағы жылдары енгізілетін жаппай декла­рациялау аясында әшкере болуы мүмкін. Бұл ретте алименттер бойынша бере­шектер, басқа адамның өмірі мен ден­саулығына келтірілген залалды өтеу, қыл­мыстар бойынша келтірілген шы­ғын­ның орнын толтыру есептен шыға­руға жатпайды. Банкрот оны бәрібір төлеуге міндетті. Қазақстандықтар көп жылдан бері зарыға күткен осы заңды Үкімет басшы­сы түсіндірді. Премьер өтініштер нау­рыз айынан бастап қана қабылданаты­нын растады.
«Бұл тетік кредитін төлей алмай, қиындыққа тап болған жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Әрі азаматтардың да жауапкершілігі артады: жылдам қарыз алу мүмкіндігінен айы­рылмау үшін кредит тарихының дұрыс болуына азаматтардың өзі мүдделі болуы тиіс. Банкрот деп танылу қа­рыздарды төлемей құтылуға көмектесетін тетік емес, тек шарасыз жағдайда қалған­дарға көмек болатынын әр­кім білуі керек», – деді Әлихан Смайылов.
Ол осы тетікті іске қосу үшін Қаржы министрлігіне заңға тәуелді актілерді же­дел қабылдауды, ал Цифрлық даму министрлігіне азамат­тарға өтінішін электронды беруге және өті­нішінің мәр­тебесін онлайн ре­жимде қадағалап оты­руға мүм­кіндік ұсы­нуды, сондай-ақ бар­лық өтінішті өң­деу про­цесін авто­маттандыруды тапсырды. банкрот Аталған рәсімді пай­да­ла­нып қалуға ұм­ты­ла­тын­дар саны бірнеше миллионға жетуі мүмкін. Мысалы, Ал­маты қаласының Мем­ле­кеттік кірістер департа­ментінің ба­ғалауынша, бір ғана Ал­матыда 214 мың­нан ас­там тұрғынның жағ­дайы бан­крот­тыққа сәйкес келеді. Мұның сыр­тын­да Премьер-Ми­­нистр Қаржы на­­­­рығын реттеу және дамыту агенттігіне банк­­термен бірлесіп, тұ­ты­нушылық кредит алу­дағы тәуекелдерді азайтуды, халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету шараларын қабылдауды тапсырды. Яғни, банктер, МҚҰ шектен тыс қарызға батқан адамдарға несие бермеуі мүмкін. Олқы тұстар толтырылғаны жөн Сарапшылар заңның әлі де болса, жетілдіре түсетін тұстарына назар аударт­ты. Заңгер Салтанат Байділдә жеке тұл­ға­лардың банкроттығы институты да­мы­ған елдердің бәрінде барын еске салды.
«Бұл – мемлекеттің халыққа қамқор­лығы және бизнестің, соның ішінде банк­тердің әлеуметтік жауапкершілігі. Бірақ Мә­жіліс аз ғана уақыт жұмыс іс­теген­дік­тен, бұл заң асығыс қабыл­дан­ғанға ұқ­сайды: былтырғы 14 желтоқсанда бірінші, ал 21 желтоқсанда екінші оқы­лымда қабылдады. Сенаттың талқылауы­на одан да қысқа, бір аптаға жетпейтін мерзім қалды. Содан оның бір қайнауы ішінде кетті ме деген күмән туады. Мы­салы, бан­кроттарға 5 жыл қарыз бен кредит алуға шектеу енгізілді, бұл дұрыс. Алайда ол шектеу тек банктер мен мик­роқаржы ұйым­дарына таралады, лом­бардтар кірмей­ді. Банкроттықтан кейін ол адамда ломбардқа салуға жарамды актив, зат қалмайды деп есептелсе керек. Ал лом­бард­тар да микрокредит тарата­тыны мә­лім. Әрі олар гаранттардың мүлкін де қа­былдай береді. Бұл қарызшыл адамдардың жақын-жуығының мүлкін ломбардқа са­луына немесе құнды мүлік табу үшін қылмысқа баруына итерме­лемес пе?», – деп алаңдады С.Байділдә.
Сондай-ақ оның пікірінше, банкрот адамның жағдайы ары қарай нашарлай беруі ықтимал. Себебі заңда қарсы тарап ретінде «кредитор» ұғымы қолданылады, ал оған банк, МҚҰ және солардан борышты алатын коллекторлар жатады. Борышкердің алымдар, салықтар, бюд­жеттік төлемдер, коммуналдық қызмет, жұмыс берушісінен немесе басқа жеке тұлғалардан алған қарыздары заңмен реттелмейді. Тиісінше, олар банкроттан өз берешектерін өтеуді одан ары тіпті сот арқылы талап ете алады. Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев коммуналдық қызмет, салық органдары және басқалар алдындағы қарыздар бойынша соттан тыс банкроттық көздел­мегенін растады.
«Коммуналдық төлемдер және салық бойынша берешектер көп емес. Олар банк карталарын, шоттарды бұғаттау арқылы өндіріледі. Елде бірнеше рет са­лықтық амнистия жүргізілді, ол да бұл қарыздарды азайтуға үлес қосты. Осын­дай қарыздар үшін азаматтар сот арқылы банкроттығын жариялауға бара қоймас. Оны төлеуге міндетті. Салық және ком­му­налдық төлемдердің қарызын өндіріп алудың тиімді тетіктері бар, солар қол­данылады. Сондықтан біз саналы түрде мұндай қарыздар бойынша банкрот­тық­ты қарастырмадық», – деді Е.Жамаубаев.
Үкімет өкілдерінің айтуынша, бан­кроттық рәсімі проблеманы реттеудің басқа тәсілдері мен амалдары қалмаған, нәтиже бермеген жағдайда ғана қолда­нылатын төтенше шара ретінде қарас­тырылуы тиіс. Адамдар банкрот болған­нан кейін ұзақ уақыт еш жерден несие ала алмай қалатынын, кредит тарихы бүлінетінін түсінгені абзал. Өз кезегінде банктер де клиенттің өзін банкрот деп жариялауына мүдделі бол­май­ды: онда кепілзат «жаппаған» қа­рыз­дың қалған бөлігін шығынға жат­қызуға тура келер еді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төраға­сы­ның бі­рінші орынбасары Нұрлан Әбді­рахма­нов­тың айтуынша, банктер қазір­ден проб­лемалы несиелерді қайта құры­лымдауға тырысуда: бөліп төлеуге, төлемнің оң­тайлы кестесін түзуге ынталы. Әйтеуір, борышын толық төлеп шықса болғаны. 2022 жылдың 9 айында ғана банктер 383 мыңдай заемшысының мерзімі өтіп кеткен қарыздарын қайта құрылымдапты. Қалай болғанда, ұзақ жыл банкирлер бұғаттап келген тетік заңмен бекіп, тәжі­рибеге енгелі тұр. Өркениетті мемлекет­тердің азаматтары қызығын көретін бұл игіліктің қазақстандықтарға да қолже­тімді болғаны маңызды. Ал оның кем-кетігі көш жүре түзелер деген үміт бар.