Туабітті сал ауруына шалдыққан сәби күндердің күнінде аяққа нық тұрып кетеді дегенге сенесіз бе? Бір қарағанда мүмкін еместей көрінеді. Бірақ Атырауда осындай ғажайыпқа толы оқиға болды. Атыраулық реабилитолог дәрігерлер туабітті сал ауруына шалдыққан екі сәбидің аяққа тұрып кетуіне көмектесті. Жақында қос бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Олар Атырау облыстық Балаларды оңалту орталығында ем алған.
«Бүлдіршіндердің тұсаукесер тойын Балаларды оңалту орталығы мамандарының үздіксіз жұмысының нәтижесі деп санауға болады. Өйткені мидың күрделі зақымдалуы салдарынан тірек-қимыл қозғалысында ақауы бар балаларды аяққа тұрғызу үшін ұзақмерзімді жаттығулар, кешенді ем керек», – дейді емдік-дене шынықтырудың нұсқаушысы Қырмызы Төлегенова.
Кешенді емнің нәтижесінде аяққа тұрған бүлдіршіннің бірі – Ахмат Ерболұлы. Оған дәрігерлер микроцефалия диагнозын қойған. Ал Ермұхан Сағытжан тумысынан сал ауруымен ауырады.
«Ахмат 1 жасқа дейін төсек тартып жатты. Ол өздігінен еңбектей алмайтын. Отыру мен тұруды, яғни өзінің денесін басқаруды білмеді. Ахматқа емді бастағанда алғашқы үш ай бойы тұрақты жаттығуларды қайталап жасай бердік. Одан кейін сәл үзіліс алып, емдік-дене шынықтыру жұмыстарын қайта жалғастырдық. Осылайша, бір жылға жуық оңалтудан өткеннен кейін алғашқы нәтижелер байқала бастады.
Балалар бастапқыда бойын тік ұстауды үйренді. Одан соң отырып, тұруды, күніне бірнеше қадам жасауды меңгерді. Бұл – баланың қол-аяғы жұмыс істеуі үшін миға тиісті сигналдар беріле бастады деген сөз. Осылайша, бала миын белсенді жұмыс істету, бұлшықеттерді қатайту арқылы, үлкен нәтижеге қол жеткізіп отырмыз», – дейді Атырау облыстық балаларды оңалту орталығының емдік-дене шынықтыру маманы Қырмызы Төлегенова.
Әрине, бұл үлкен табандылықты, қажыр-қайратты қажет ететін жұмыс. Нәтиже бірден байқала қоймайды. Сол себепті де, мұндай ұзақмерзімге психологиялық тұрғыда дайын болмаған соң ата-аналардың арасында емді орта жолдан тастап кететіндері де бар екен. Десе де, мамандар баланың оңалып кетуі үшін емді соңына дейін қабылдауға кеңес беріп отыр.
Дәстүрлі медицинамен бірге, Атырауда қазір сал ауруы, даун сияқты жүйке жүйесі зақымданған бүлдіршіндерді емдеуге иппотерапия әдісі кеңінен қолданылып жатыр.
Республикаға ерекше балаларды оңалту орталығы ретінде танылған «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық ұйымының балалар ауылы бүгінде иппотерапия әдісін белсенді түрде қолданып келеді. Атырау қаласы маңындағы Бесікті ауылында жұмыс істеп жатқан балалар ауылында бүгінде сал ауруы, даунға шалдыққан балалар ем алады.
Қазір балалар ауылында №3 арнаулы Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының (Жүйке-психикалық ауытқулары бар балаларға арналған мектеп-интернатының) 39 тәрбиеленушісі иппотерапия арқылы емделіп жатыр.
Бұл орталық төрт жылдан бері иппотерапия әдісімен сал ауруына шалдыққан балаларға көмек көрсетіп келеді.
– Мақсатымыз – ерекше балаларға жаңаша медициналық тәсілмен көмек көрсете отырып, олардың әлеуметтенуіне, өмір сүруге бейімделуіне ықпал ету. Иппотерапия емі балаға психоэмоционалдық және биомеханикалық тұрғыдан екіжақты әсер етеді. Атқа міну, оны бағындыру жарымжан бала үшін үлкен жетістік.
Бүлдіршіндерді сауықтыруға «дәрігер» жылқылар көмектесіп жатыр. Біз арнайы интернатта тәрбиеленіп жатқан 39 балаға көмек көрсеттік.
Балалар иппотерапияға аптасына бес рет келеді. Яғни, бала 20 минут бойы атпен серуендейді. Балаларды емдеудің жаңа тәсіліне бейімделуіне 2 айға жуық уақыт кетті. Екі айдан арнайы жаттығуларды іске қостық. Бұл жаттығулар ағзадағы қан айналымды жақсартуға бағытталған.
«Өкінішке қарай, 39 баланың бәрі бірдей иппотерапиядан өте алмады. Ал бізден ем алған 12 баланың барлығының нәтижесі жақсы. Бір жыл бойына иппотерапияға келіп жүрген балалар дене мүшелерін өздігінен басқаруды үйренді», – дейді иппотерапевт дәрігер Қалима Изимова.
Иппотерапия ғаламатын сезінген баланың бірі – Самат. Ол да №3 арнаулы Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушісі.
«Самат бізге келгенде өте гипербелсенді бала болған еді. Ол иппотерапия кезінде жылқыны тоқтатып, одан түсіп кетуге тырысып жүрді. Баланың ат үстінде тыныш отырмауы, шын мәнінде оның өміріне қауіп төндіреді. Бірақ, бірнеше терапия қабылдағаннан кейін бала шектен тыс қозғалмайтын болды. Менің дәрігер ретіндегі нұсқаулықтарымды мүлткісіз орындай бастады. Және баланың интеллектуалдық дамуында да оң өзгерістер байқалды», – дейді иппотерапевт дәрігер Қалима Изимова.
Сонда иппотерапия адамға қалай әсер етеді? Мамандардың айтуынша, иппотерапия орталық мидың қан айналымын жақсартады. Сол себепті, баланың ағзасында сауығу процесі жүреді екен.
Мамандар психикалық, физикалық дамуында тежелуі бар балалар арасында иппотерапиядан кейін мектепке қабылданғандары бар екенін айтады.
Иппотерапиямен емделген балалардың көпшілігінде есте сақтау қабілеті жақсарған. «Балалар оқу бағдарламасын жақсы меңгере бастады. Зейіні ашыла түсті. Яғни, баланың интеллектуалдық дамуында айтарлықтай ілгерілеу пайда болды.
Мектепке бара алмайтын балаларда мимика пайда бола бастады. Бұған дейін айына екі рет клизмамен ғана дәретке барып жүрген балаларда ішек-құрылысының жұмысы жақсарды. Олар тіпті, күндізгі уақытта жөргек кимейтін жағдайға жетті. Осындай оң өзгерістер баланың бойында өзіне деген сенімді қалыптастырды» дейді ерекше балалармен ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман Қалима Изимова.
Әсел Төрехан – ерекше баланың анасы. Ұлы Жұмабай Төрехан биыл 13 жасқа келеді. Туғанан бері сал ауруына шалдыққан баласын емдетіп жүрген Әсел иппотерапия ғажайыптарына куә болып отырғанын айтты.
«Баламда нәтиже бар. Иппотерапия қабылдағалы бері ұлымның тілі шықты. Бұрын «мама» деген сөзді ғана айтататын балам енді кәдімгідей сөйлей бастады. Қазір бәріміз дастарқанға келген уақытта отбасы мүшелерінің қасығын таратады. Мен кесеге шай құйсам, Төреханым кеселерді әрі қарай бауырларына үлестіреді. Бұрын тек сұлқ жата беретін баламның бүгінде ұйқысы тынышталды. Өзі домалап, ойнайтын болды. Бел омыртқасы, құйымшағына жан кіріп, бала дами бастады. Қазір киімдерін өзі алып береді. Арбаға таңылған балам қазір қуанғанда қолын шапалақтап, кәдімгідей эмоциясын көрсете бастады. Біз иппотерапиямен ем қабылдауды 2021 жылы ғана бастадық. Алға қарай баламның аяққа тұрарына сенемін», – дейді анасы.
Қазіргі уақытта «Атырау. Маленькая страна» ұйымы ашқан балалар ауылында иппотерапияға қолданылатын 7 «дәрігер ат» бар. Олармен қоса, 6 «дәрігер мысық» ерекше балалардың оңалуына қызмет көрсетіп жатыр.
Балаларға үміт отын сыйлап жатқан оңалту орталықтары туралы шағын репортажымыз осымен тәмам.