Ән көтерер әлеуметтің зор жүгін
Ән көтерер әлеуметтің зор жүгін
1,342
оқылды
Шығармашыл тұлғаның дүниетанымы қалай қалыптасса, сол идеологияға сай өнім шығарады. Сондықтан болса керек, өнер әлемінде қоғамға ой салуды көздейтін туындылар бой көрсетіп қалады. Яғни, қоғамның мұңын айту, жоғын жоқтау. Бұл орайда олардың көпке айқын ұстанымы, айтар ойы, астарлы шығармашылығы болуы керек-ті. Әлем елдерінде бұрыннан солай. Ал бізде ше? Отандық әншілер қоғамдағы құбылыстарға қалай үн қатып, қандай ұстаным танытып жүр? Бүгін біз тек ән мен әнші туралы айтамыз. Әлемнің бізге таныс елдеріндегі ән­шілік өнерінің миссиясы – те­рең­деу. Олар ән жазу, оны орындау, әртүрлі ға­­ламат шоу жасаудан бөлек, әлеуметтің проб­лемасын айту, қоғамдағы кейбір оқи­ғаларға реакция білдіру міндетін алады. Мә­селен, есімі қанша ұрпақтың санасында жат­талып, күні бүгінге дейін аты асқан са­ғы­нышпен айтылатын аңыз әнші Майкл Джек­сон шығармашылығының басым бө­лігі рассизм, экология, көшедегі бұза­қы­лық, есірткі тақырыбына арналды. Оның 1995 жылы жарық көрген Earth Song («Жер әуені») әні экология проблемасының әнұ­ра­нына айналды. Жер планетасына қауіп тө­ніп тұрғанын, табиғат ананың басты жауы – адамдар екенін айтқысы келетін бір ғана әннің дайындалуына әнші 13 жыл уақытын жұмсады, ал бейнебаянын түсіру үшін төрт локацияға барған – амазон тро­пик­тері, Танзания алқабы, Хорватиядағы әскери база және Нью-Йорктегі өртенген орман. Міне, жауапкершілік! 1991 жылы Джексонның Black and White (Қара мен ақ) әні шықты. Әлемнің ұлтқа, нәсілге емес, тек аумақтық шекараларға бөлінетінін жет­кізгісі келген әнші бейнебаянына әртүрлі ұлт өкілдерін түсіреді. Әлемді билеуге та­ла­судың ақыры адамзатқа ұлтқа бөліп, адам­гершілік құндылықтарды жойып жат­қанын жырлаған ән талай халықаралық байқау-шараның шымылдығын ашқан-ды. 90-жылдардың соңында жер жаһанға әйгілі болған поп музыканың королі шығар­ма­шылығында бұдан өзге де көп әлеуметтік та­қырып қамтылды. 2003 жылы жарық көр­ген The Black Eyed Peas тобының Where is the love (Махаббат қайда?) әні де соғысты бас­тан кешіп жатқан елдердің жанайқайын көр­сетті. Бейнебаянында көптеген танымал тұлға жиналып, соғысқа, терроризмге, диск­риминацияға қарсылығын білдірді. «Өз ұлтыңды ғана сүю – дискриминацияға жол ашады», «О, Тәңірім, өзің бәрін реттеп бер­­месең, адамзатты «Махаббат қайда?» деп сұрауға мәжбүрлеуде» деген мазмұндағы өлең сөздері сол уақыттағы дискриманцияға қарсылық шерулерінің лозунгіне айналды. Айта берсек, әлемдік әйгілі тұлғалардың өне­рінде мұндай мысал көп. группа Батыс елдерінің эстрадасындағы әйел әншілер тіпті бейсаналы түрде әйел тақырыбын, проблемасын жырлауға өза­ра келісіп алғандай көрінеді. Тұрмыстық зор­лық-зомбылық, әйелді тұлға ретінде кем­сіту, теңсіздік тақырыбына ән, бей­не­баян арнамаған әйел кемде-кем. Мәселен, Beyonce-нің Who run the world – Girls! («Әлемді кім басқарады – Әйелдер!»), Jennifer Lopez-дің Ain't Your Mama («Сенің мамаң емеспін»), Шакираның She Wolf («Қасқырсың!») немесе The Pussycat Dolls тобының I don’t need a man («Ер­лер­ге мұқтаж емеспін») деген туын­дысы және тағы басқалары. Той әнінен  ойлы әнге ойысты Ал біздегі әнші деген кім? Оның мис­­сиясы қандай? Көңіл көтеру, көп­ші­лік­ке аса өтімді махаббат тақырыбын жыр­лайтынын білеміз. Ал әлеуметтік ұста­нымы қандай? Соңғы 10-15 жылда эстрадада бой көр­сеткен әншінің бірқатары шығар­ма­шы­лығы арқылы қоғамдағы әртүрлі пробле­ма­ға алаңдайтынын көрсетіп жүр. Кейінгі жыл­дары екі құбылысты байқадық. Бірі – қоғамда резонанс тудырған тақырыпқа әншінің жылдам реакция білдіруі, сол ар­қылы жеке ойын білдіргені. Мәселен, 2022 жылдың сәуірінде 18 жастағы маңғыстаулық сар­баз Әлібек Қалбай әскердегі төртінші күнінде белгісіз жағдайда көз жұмды. Оның жұм­бақ өліміне қатысты Қорғаныс ми­нистр­лігі де, Қарулы Күштердің жеке құра­мы да мардымды жауап бере алмады. Бұл оқиға қоғамның ашу-ызасын тудырып, қызу талқыға түсті. «Ол қыз» деген жеңіл әрі вирустық әнмен танылған жас әнші Qanay еліміздің халық артисі Ескендір Ха­сан­ғалиевтің орындауындағы «Бозтор­ғайым» әнін өзгеше стильде орындап, бей­небаянын Әлібек Қалбайға арнады. «Бозторғайым» – халықтың аузында бұрын­нан жүрген әнді жаңаша ырғақпен танытқымыз келді. О бастағы мақсат ескі һәм есті әндерге жаңа леп беріп, жаңғырту бол­ған. Командамен ақылдасып, бұл әннің бей­небаянын түсіреміз деп жүргенбіз... 30212 әскери бөлімінде қайғылы жағдай болып, 18 жастағы маңғыстаулық бауы­ры­мыз жұмбақ жағдайда бақилық болды. Бұл оқиғаға әбден қынжылдық. Әрі бұл әскер­дегі сарбаздардың бірінші өлімі емес. Түрлі жағдайда өлім құшып, ата-анасымен қайта қауыша алмаған жас жігіттер қаншама? Сол үшін де «Бозторғайымның» бейне­бая­нын осы тақырыпқа арнағым келді. Клипті шығармас бұрын марқұм сарбаздың ана­сы­ның алдынан өтіп, рұқсатын алдық. Осы оқи­ғаны таспалау арқылы әскерге аттанған ба­ласымен қайта қауыша алмаған ата-ананың мұңын жеткізуге тырыстық», – дейді Qanay. Жас әншінің пікірінше, әлеуметтік тақырыптардың көтеретін жүгі ауыр, сол үшін мұндай әндер айту не клип түсіру – үлкен жауапкершілік. шетел әншілері «Сүйдім, күйдім» деп жеңіл-желпі ұйқас­пен ән құрастыру көп уақыт алмайды әрі көпке тез өтеді. Ал әлеуметтік тақы­рып­та өнер жасау көп дайындықты, терең ой­лануды талап етеді. Десек те, әншілер қо­ғам­ның жанашыры болуы керек, елдің көкейіндегі ойды өз өнері арқылы көрсету, қо­лынан келгенше насихат қылуы шарт. Болашақта өз шығармашылығымда басқа да елді толғандыратын тақырыптарды қамтығым келеді», – дейді ол. 2019 жылы наурызда 102 операторына Атыраудағы орталық көпірден белгісіз азаматшаның өзенге секіріп кеткені жайлы хабарлама түседі. Оқиға орнына бірінші жеткен полиция сержанты Шалқар Ақым­ғалиев өзіне қол салмақ болған азаматшаны құтқару кезінде қаза тапты. Бұл оқиғадан соң әлеуметтік желілерде 25 жастағы сержанттың сүйіктісі болғаны, оның үй­лену тойын жасауға дайындалып жүргені тура­лы ақпарат шықты. Бұл, әлбетте қо­ғам­ның эмоциясын туғызды. Осы қайғылы жағдайға байланысты әнші Ерке Есмахан «1001 күн» әнін арнап, бейнебаян түсірді. Көптің көңілінен шыққан (Youtube-тегі қазіргі қаралымы – 16 млн) клипте Шалқар мен оның сүйіктісінің махаббат хикаясы баян­далады. Десе де, соңғы бес жылда қоғам­дағы осыған ұқсас оқиғаларға реак­ция біл­дірген әншілер саусақпен санарлық. Ал өнер иелерінің шығармашылығына сұра­ныс тұрған жағдаяттар қаншама?! Музасы – мұң емес, мәселе Кейінгі әншілердің шығармашы­лы­ғында байқала бастаған тағы бір құбылыс – қоғамға ой тастау. Мұны әр ән­ші, әр топ әртүрлі жолмен көрсетіп жүр: бірі әлеуметтік тақырыптар туралы ән жа­зып, ұстанымын көрсетсе, енді бірі жас­тарды саяси сауатты болуға шақыруда, тағы бірі позитив мәнде мейірімді мен махаб­батты насихат етеді және тағы басқа. Мәселен, 2015 жылы еліміздің шоу бизнесінде жаңалық болған топ – Ninety One әндерінің барлығында дерлік айтар ой, астарлы мән бар. Bari biled әнінде бүгінгі әлемнің көп проблемасы туралы ай­тылады. Соғыс, қылмыс, заңсыздық, яд­­ролық жарылыстар, экология және тағы басқа. Әннің және бейнебаянның негізгі мазмұны ауыр болғанымен, «Неге керегін бәрі біледі, бірақ дым істемейді, махаббат рен­жиді, мені іздемейді деп» деген өлең жол­дарын жастар жатқа айтып жүрді. Бұл топ продюсер Ерболат Беделханнан ен­ші­сін алып, жеке шыққаннан кейін иглз­дары­на ұсынған алғашқы туындысы – Abuse болды. Тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық туралы жырлайтын аталмыш туынды көп­тің көңілінен шықты. Топтың басқа та­қырыптарға арнаған әндері бар. 2021 жылы дәл жаңа жылдың алдында Ири­на Кайратовна тобы 5К әнін көрер­мен­ге бейнебаянымен ұсынды. Туындының атауы еліміздегі параның ең аз мөлшерін мең­зейді. Орыстілді рэп айтатын топтың кли­пі жастардың арасында қызу талқы­лан­ды. Онда Қазақ хандығы мен Алашорда ке­зеңі көрсетіледі (жастарды елдің тарихын мақ­тан тұтуға үндеу), сондай-ақ қазіргі қо­ғамның басқа проблемалары да қам­тылған: жемқорлық, коронавирустан адам өліп жатқан кездегі Астана күніне арналған отшашу, саясаткерлердің екіжүзділігі, сая­си науқан, құрылысы бітпей қалған ЛРТ. әнші Әлеуметтік тақырыптарды назары­нан қалдырмайтын бірді-екілі бел­сенді топ бар дейтін болсақ, ол – осы Ninety One мен Ирина Кайратовна. Бұл екі өнер ұжымының Taboo деп аталатын туын­дысы бар. Әннің бейнебаяны қарапайым деге­німізбен (топ мүшелері дөңгелек үстел ба­сына жиналып, әртүрлі тақырыпты қау­зайды), мазмұны терең. Онда цензура, те­левизиядағы үгіт-насихат, мемлекет­тік саясат пен шоу бизнес мәселелері көтеріледі. Бір қызығы, өнердегі Z ұр­пақ­тың өкілдері ішкі жан тебіренісін бөлісуде бел­сенді. Мәселен, 2RAR есімді ән­шінің «Мен ешкімді сүй­мей­мін» атты туындысы әке-ше­шенің ажырасуы және сол кез­дегі баланың жайын баян­дай­ды. Шын мәнінде, ересектердің дауында баланың жағдайын еш­кімнің ойламайтыны, ата-ананың бірін таңдай алмай дал болатын бала­ның ішкі сезімі – бүгіннің өзекті тақы­рыбы.  Сондай-ақ Садраддин Болат өзінің «Түн» әнінде әкесіз өскен балаларға үндеу жасайды. Яғни, жалғызбасты аналар қиындықпен өсірген балалар өмірге өкпелі болмай, өз орнын табуға ұм­тылуы керегін сөз етеді. Саддра­дин өзі әкесіз өскен бала, ол көп сұхбатында басты арманы ана­сының көңіліне қаяу түсіріп алмау екенін айтады. Басынан өткен ішкі сезімін әнге салып, қоғамдағы әкесіз өскен бала­лардың жанай­қайын қозғайды. Бұдан өзге, Мар­хаба Сәби, Еңлік, Калифорния және тағы басқа бірқатар жас әнші бастан кешкен түрлі эмоциясын шығарма­шылығымен әрлеп, көпке ұсынып жүр. Өнертану мамандары соңғы шыққан әншілердің той жыры, жауапсыз махаббат, мұң-қайғыдан басқа тақырыпта әндер орындауының себебін туындының әні мен сөзін жастардың көбіне өздері жазатынын айтып түсіндіреді. Яғни, бұрынғыша бір әннің сөзін басқа, әуенін бөлек адам жазып, енді бір адам орын­дамайды. Бір автор айтар ойын қа­ғазға өзі түсіріп, қажетті мамандардың кө­мегімен ән қылады, сондықтан әсерлі шығады. Бәлкім, мамандардың бұл ойымен келісуге болатын да шығар. Мүмкін, қазіргі жас әншілердің арасында оқтын-оқтын пайда болған құбылыстың себебі басқа шығар... Әйтсе де, бір дүние анық – о баста айтқандай, өнер адамының дүниетанымы қалай қалыптасса, сол идеологияға сай өнім шығарады. Ал біздегі әншінің мис­сиясы жұртқа той көңілін сыйлап, ма­хаб­баттың жоқтаушысы болу ғана емес, сірә...