26 жылдан кейін жолықты
26 жылдан кейін жолықты
2,085
оқылды
Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығында болған осы оқиғаны куәгерлер ерекше толғаныспен еске алады. 26 жылдан кейін жолыққан әке мен бала, аға мен іні, бала күнгі достар сағыныса көріскенде жүрек тебіреніп, талайлар көз жасына ерік берген көрінеді. Әлеуметтік бейімдеу орталығында қилы тағдырды бастан өткеріп, тәлей толқыны жағалауға шығарып тастағандай күй кешкен жандар пана табады. Оларға мейірім сыйлап, жүзіне күлкі үйірген, қалыпты өмірге қайта бейімдеу осы орталық қызметкерлерінің кәсібилігіне байланысты. Сондықтан мұндағылар уақытпен санасуды білмейді. Әсіресе, күн суыта орталықтан пана іздеп келетіндер көп. Олардың кейбірін полиция қызметкерлері, енді бірін дәрігерлер жет­кізеді. Барар жер, басар тауы қалмағандар кейде етек-жеңін жинап, денсаулығы сәл-пәл қалпына келгенде бұрынғы үйреншікті тірлігіне қайта оралады. Енді біреулері туған-туыстарымен, бала-шағасымен қайта табысып, қатарға қосылады. Қалай болғанда да, әлеуметтік бейімдеу орталығы атауы айтып тұрғандай, тағдыры тәлкекке түсірген­дерге пана болып келеді. Николай Орловтың құпиясы 2021 жылдың қазан айында түн ортасында орталықтың сыртқы есігінің қоңырауы соғылды. Мұндайға үйренген түнгі кезекші орнынан атып тұрып, жедел есікті ашты. Ә-дегеннен көзіне Есіктің жақтауына сүйеніп әзер тұрған қарияның аянышты кейпі түсті. Бойында жаны бар демесең, сұры қашқан. Жүруге де, тіл қатуға да шамасы жоқ. Дірдек қағады. Аш екені де байқалып тұр. Киген киімі де олпы-солпы әрі әбден тозығы жеткен. Мекеменің ішкі тәртібіне сәйкес, орталықты пана тұтып келген белгісіз жанды қабылдап, тіркеуге алуға міндетті. Бірақ әбден қалжыраған, бірде есі бар, бірде есі жоқ ақсақал түнгі кезекшінің сауалдарына мардымды жауап та бере алмады. Сөзі мүлде түсініксіз, әбден қарлыққан дауысы да әрең шығады. Жанында ешқандай құжат жоқ. Тек өзін «Коля Орловпын» деп таныстырады. Бірақ бет-бейнесі қазақ пен қырғызға келеді. Еуропалық ұлт­тардың еш­қайсысына үш қайнаса да сорпасы қосыл­майтыны көрініп тұр. Түнгі кезекші бейбақтың ақыл-есінің кіресілі-шығасылы екенін байқап, кейбір жайттарды анықтауды ертеңге қалдырады. Ол Талдықорғандағы әлеуметтік бейімдеу орталығында жұмыс істеп келе жатқан уа­қыт­тың ішінде мұндай жандардың талайына көрген. Өйткені мекемеге туған-туыстан, бала-шағада қапы да көз жазып қаңғыбас­тыққа салынып, біреулердің алдап-арбауына түсіп, құлдыққа тап болғандар жиі түседі. Ал өзінің айтуы бойынша, аты-жөні «Николай Орлов» деп жазылған орталықтың кезекті қызмет алушының өткен тарихы мұндағыларға көпке дейін жұмбақ болып қалды. Әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Сұлтанмұрат Бекпенбетов түнгі кезекшіні шақыртып, Орловтың мән-жайымен танысқан соң оның қасына келіп, сыр тартты. Жылдар бойы ауыр жұмысқа жегілгені, адамдардан жасқанып қалғаны көрініп тұр. Сондықтан болса керек, директор қойған сұрақтарға да мардымды жауап бермеді. Бәлкім, өткенін, толық аты-жөнін есіне түсіре алмаған болар. Сол күннен бастап мекеменің бүкіл қызметкері, ақсақал­ды ерекше қамқорлыққа алып, жана­шырлық көрсете бастады. Уақыт өте қария да орталықтың режиміне бейімделіп, тағдырластарымен әңгіме-дүкен құратын болды. Оны психологтер мен дәрі­гер­лер бақылауына алып, жәрдем көрсетуге тырысты. Заңгерлер аты-жөнін анықтауға күш салды. Тиісті органдарға сұраныс жол­данып, «Жетісу» телеарнасы мен «Бармысың, бауырым» радиобағдарламасы арқылы туған-туысы іздестірілді. Әлеуметтік желі белсенділері де орталықтың жұмбақ қызмет алушысының тағдырына бейжай қарамады. Бұл істе, әсіресе «AMANAT» партиясының «Авангард» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ғазиз Аманжолұлы ерекше белсенділік танытты. Белгісіз жанның отбасын табуға бел шеше кіріскен ол Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспанға хат жазды. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты қырғызстандық әріптестеріне өтінішпен шықты. Қырғыз еліндегі Жогоргу Кенешке шығуға Орловтың психологтармен кезекті бір әңгімесінде өзінің қырғыз екенін айтқаны себеп болады. Тіпті, сол әңгіме барысында ол туған жылын, әйелі мен баласының да есімін есіне түсіреді. кездесу Осылайша, Орловтың құпиясы ақырын­дап ашыла бастайды. Іздестіру жұмыстары кезінде Орловтың 1957 жылы туған, Қырғыз Республикасының азаматы, Кенжебек Аронов екені анықталды. Ол кезінде Қырғыз Республикасының Ақбұлақ ауылында тұрыпты. Сонда 2 ұл, 1 қызы бар екені де бел­гілі болды. Кенжебек Аронов осыдан 26 жыл бұрын жоғалып кеткен. Ширек ғасыр бұрын Әкесі жайында көптен күткен деректің бір ұшы шыққан соң ұлы Жемісбек былтыр жыл аяғында алып-ұшып Талдықорғанға жетіпті. Ол әкесі жоғалған кезде 15 жаста бол­ған екен. Әкесі Кенжебек Аронов ауы­лда ұжымшардың көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. Өз ісіне мығым, жауапты, айналасына сыйлы болады. Оқыстан көлік апатына түскеннен кейін басынан жарақат алған. Кейіннен осы жарақаттың салдарынан есін жоғалтып та алатын болған. Көп жұмысқа жарамай қалса да, ауыл ішінде өзінше тірлік етіп, ешкімге зиянын тигізбей жүріп жатқан. Бір жолы баласы Жемісбек екеуі қырман басындағы жүргізушілерге барыпты. Өз ісімен әуре болып кеткен Жемісбек біраз уақыттан кейін қайта оралғанында әкесін таппай қалған. Қырмандағы жүргізушілерден сұрастырғанымен, олар нақты ешнәрсе айта алмаған. Осылайша, ол әкесінен 26 жылға көз жазып қалады. Осы уақыт аралағында ол өз бетінше іздестіруді жалғастырған. Болмаған соң әкесін тірі көруден үмітін де үзе бастағанын жасырмады. Ұлы құжаттарын реттеп болған соң әкесімен кездесуге асығыпты. Өзін ұлының іздеп келе жатқанын білген сәттен жүрегі алабұртып, бірде қуанып, бірде торығып, белгісіз күйге түскен Кенжебектің де сол күнді асыға күткені аңғарылады. Кездесуге ұлы әкесінің бауыры Құтты­бекті, бала кезден бірге өскен досы Есенкелді Әбдиевті ертіп оралғанда кемсеңдеп, жүзін жас жуып кеткен. Бір туғандардың жолығу сәтіне Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары да келді. Ол қырғыз ағайын­дардан аман-саулық сұрасып, қуанышымен құттықтады. Одан кейін орталықтың директоры Сұлтанмұрат Бекпенбетовке алғысын білдірді. Ширек ғасыр бұрын жоғалған жанды жақындарымен жолықтыру­да қыруар іс атқарған ерікті Ғазиз Аман­жолұлы­на, «Жетісу» телеарнасына риза­шылығын айтып, алғысхат тапсырды. Алатау асып жеткен Құттыбек аға да қазақ бауыр­ларына шексіз ризашылығын білдіреді. Бейім­деу орталығына, осындағы психолог ма­манға Қырғыз Республикасының алғыс­хатын арқалай келіпті. Кенжебек Ароновтың бауыры Құттыбек қазақ халқына қайта-қайта басын иіп, алғыс айтты. Ширек ғасыр әкесін көрмеген ұл биыл оған Құран бағыштап, ас берем дегенде Құттыбек ақсақал: «Әкең тірі, менің түсіме кіріп жүр, есіктен кіре алмай тұрады, біз оны табамыз» деп тыйып та тастапты. Ақыры көптен күткен сол күн де келіп жетті. Аулада тұрған көлікті бетке алып, шығар кезде өзіне бір жылдан астам жайлы мекен болған орталыққа бұрыла қараған Кенжебек ақсақал жанарынан тамған жасты сүртіп, мекемеде мейрімділік танытқан жандарға қолын бұлғап, қош айтты. Қызығы, «Николай Орлов» – Кенжебек Ароновтың 40 жасқа толар-толмаста жо­ғалып, 65-ке келгенде табылғанға дейінгі өмірі бәріміз үшін жұмбақ күйде қалды. Әлеуметтік бейімдеу орталығына тап болғанға дейінгі ширек ғасыр бойы қайда болғаны, не істегені, «Николай Орлов» деген аты-жөнді кім бергені де белгісіз. Мүмкін, бізге беймәлім болған бұл деректерді екі елдің құқық қорғау органдары анықтай жатар. Қалай болғанда да, бір қарекет керек. Өйткені адам тағдыры әлдекімнің ойыншы­ғына айналмағаны жөн. Сондайлар­дың құрбаны болған Кенжебек Аронов отбасы­мен қауышты. Ал дәл осылай тағдырдың талқысына түсіп, отбасынан жырақта іздеу-сұрау жоқ жан ретінде көз жұматындар жайын­да да жиі естіп жатамыз.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы